Қауіпті дертпен ауыратындарға қалай қарайсыз?
Қазақстандағы ВИЧ статистикасын білесіз бе? Осыдан 13 жыл бұрын Оңтүстік Қазақстанда дәрігерлердің салғырттығынан ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалардың тағдыры не болды? Қауіпті дертті жұқтырғандар отбасын құрып, бала сүюге қақысы бар ма?
Фото: ktk.kz
Жұқпалы кесел ЭИДС немесе СПИД-тің емі әлі табылған жоқ. Ал ВИЧ дегеніміз соның вирусы. Аты жаман ауруды айтып отырған себебіміз: елімізде ВИЧ-ті жұқтырған 29 980 адам тіркелген және оның саны жыл санап өсіп барады.
Қазір екі облыста ВИЧ-ті адамның сілекейінен тестомер арқылы анықтайтын қанатқақты жоба қолға алынды. Егер ол сәтті болса болашақта әркім тестомер арқылы өзін-өзі тексере алады.
Ал қауіпті кеселден сақтанбаса, қандай қасіретке душар болатынымызға осыдан 13 жыл бұрын Оңтүстік Қазақстанда көз жеткізгенбіз. Дәрігерлердің салақтығы мен жауапсыздығынан 220 бала ВИЧ инфекциясын жұқтырған. 13 жыл уақыт ішінде сол апат қасіретті драмаға айналып отыр. Өйткені біреулер баласынан бас тартты, біреулер басқа жаққа қоныс аударды, ал біреулер сүйген адамы ВИЧ-пен ауыратынын біле тұра, отбасын құрып, сәбилі болды. Сол балалар бүгінде бозбала мен бойжеткенге айналды. Олардың арасында әлі де қатерлі вирус арқалап жүргенін білмейтіндер баршылық. КТК тілшісі оңтүстіктегі драманың бүгінгі шиеленісімен танысты.
Осыдан он жыл бұрын Шымкент ауруханаларында жаппай ВИЧ жұқтырған бәйкүнә балалардың бірі қазір 13 жасқа толды. Бозбала өзінің қорқынышты кеселмен ауыратынын әлі күнге білмейді екен. Десе де күнделікті екі мезгіл дәрісін ішіп, жұрт қатарлы сабағын оқып жүр. Ес білгелі не дәрі ішіп жүргенін білмейтін балаға анасы да диагнозын айтпаған. ВИЧ-ке шалдыққандардың диагнозын естіртуді медицина тілінде «науқастың статусын ашу» деп атайды. Анасы ұлына дәл осы статусын естіртуге жүрексініп жүр. Өйткені ес біліп қалған баласы психологиялық күйзеліске түсуі мүмкін. Бұған қоса, күнкөрістің қиындығы мен айналадағылардың үркіп тұратынын айту керек.
Ақ халаттылардың жемқорлығы мен салақтығынан сол кезде 149 бала қатерлі дертке шалдықты. 2006 жылдан бері олардың 13-і көз жұмды. Бүкіл денсаулық саласын аяқтан тік тұрғызған оқиғадан кейін 21 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалып, «дәрігерлер ісі» деп айдар да тағылған. Айықпас кеселге душар болғандардың алды сол кезде 13-14-те болса, ең кішісі бесіктегі шақалақ-тұғын.
Содан бері жұрт ВИЧ-ке шалдыққандардан бойын аулақ салуға тырысады. Дәрігерлер бұл кеселдің тек жыныстық жолмен немесе қан құйғанда жұғатынын айтады. Үрейлі кеселге ұшыраған науқастардың ортасында он жыл жүрген Жанетта оңалту орталығының басшысы. Ол осыған дейін жүздеген баланың статусын ашқан. Маманның айтуынша қауіпті диагнозы бар балаларға бұл жағдайды 6 мен 12 жас аралығында естірткен дұрыс. Одан кейін тиісті ем-дом қабылдап тұрса, ВИЧ-пен ауыратындардың өзі отбасын құрып, бала сүюге мүмкіндігі бар.
Жанетта Жазықбаева, «Балаларды СПИД-тен қорғайық» қоғамдық қорының төрайымы:
Сол балалардың қазір бесеуі - үш бала үйленіп, екі қыз тұрмысқа шықты. Қазір 6 немереміз бар. Әйелдері де, күйеулері де таза. Антиретровирустық терапияны ішіп жатқаннан кейін ондай отбасылар «дискорданттық жұптар» деп аталады. Яғни отбасының бір мүшесі ВИЧ болса және тиісті дәрілерін ішіп отырса, дүниеге дені сау балалар әкеледі.
Аталмыш жұптардың былтыр танысқан. Қызда ВИЧ бар, ал күйеуі қатерлі инфекциядан дін аман. Екеуінің махаббатына қыздың бойындағы кесел кедергі болмапты. Шаңырақ құрған жастардың дүниеге әкелген сәбиі қатерлі дерттен аман. Бірақ анасы ұлын емізбейді. Тату-тәтті өмір сүріп жатқан жұптың құпиясын жақындары білмейді. Сырымызды ашсақ, туған -туыс «теріс айнала ма» деп қорқады.
Күнгейде ВИЧ инфекциясына шалдыққан науқас алғаш рет 1993 жылы тіркеліпті. Шымкенттік дәрігерлер бірер күн бұрын адамның иммун тапшылығы вирусына қатысты соңғы 25 жылдың қорытындысын жариялады.
Ақ халаттылардың ақпаратынша содан бері 3349 дерек тіркелкен. Бұл ресми мәлімет. Бейресми статистка одан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Оңтүстік Қазақстанда дәл қазір 1799 адам ВИЧ дертіне шалдықса, соның 1388 үздіксіз ем қабылдаудың арқасында жұрт қатарлы өмір сүріп жатыр. Ал ВИЧ-ке шалдыққан 535 әйел өмірге ұрпақ әкелді. 520 сәбиден қауіпті кеселдің белгілері байқалмаған.
ВИЧ жұқтырған адамнан қашқақтайтынымыз рас. Бірақ, дер кезінде ем-дом қабылдап, дәрігерлердің бақылауында жүрген жандардан шошудың қажеті жоқ. Өйткені олар да қоғамның бір бөлшегі. Ел қатарлы өмір сүруге құқылы. Дерті барлардың арасында жанұя құрып, бала сүйіп отырғандары аз емес. Сондықтан әлі күнге емі табылмаған жұқпалы дертке шалдыққандарды өзекке теппей, өзімізге жақын тартып, қоғамға қосу баршамызға ортақ міндет.
Елімізде қатерлі вирус арқалап жүргенін білмейтіндердің бүгінгі шиеленісі туралы арнайы репортажды «Аптап» бағдарламасынан қараңыз.
Оқи отырыңыз: Дина Төлепберген: Ақиқатты айтқызудың айла-тәсілін таптым