{metadescription}
Аптап: 2018 жылдың басты қарама-қайшылығы

Аптап: 2018 жылдың басты қарама-қайшылығы

2018 жыл несімен есте қалады? Елді елең еткізген қандай оқиғалар болды? «Аптап» бағдарламасының 2018 жылға арналған шолуын ұсынамыз.

2018-дегі басты парадокс

Жыл басында 12 өңірде жарық, жылу мен су бағасы қымбаттайтынын Табиғи монополияларды реттеу комитеті ескерткен болатын. Іле-шала, біраз қалада коммуналдық қызмет ақысы асқақтап шыға келді.

Бағаны қымбаттатып, халықтың қалтасын қаққан  монополистерді  жыл соңында президент сабасына түсірді. Өйткені ақшаға құныққандар бағаны негізсіз өсіріп, тұтынушылардың 29 миллиард теңгесін қалтаға басып алған.

 

 

 

Тұзаққа түскен шенеуніктер

Энергетика министрлігінің басынан қара бұлт кетпей-ақ қойды. Наурызда Ғани Сәдібеков сыбайластарымен бірге ұсталған. Артынша бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен вице-министрлер  Бақытжан Жақсалиев пен Анатолий Шкарупа тұтқындалды. Осылайша, бір жылда министрдің 5 орынбасарының үшеуі істі болды.

Пара алды деген күдікпен Мәдениет және спорт министрлігінің лауазымды қызметкерлері де ұсталды. Ал жақында Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары құзырлы орындардың қармағына ілікті. Әуежайда тұтқындалған Серік Аманғалиевті тексеру кезінде қалтасынан 49 миллион теңге ақша табылды.

Қаралы шілде 

19 шілде. Алматы. Тапа-тал түсте қаланың қақ ортасында мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді ұрылар өлтіріп кетті. Көліктің айнасына бола ажал құшқан спортшының өлімінен кейін халықтың полицияға деген сенімі азайды. Қалмұханбет Қасымовтың отставкаға кетуін талап еткендер де табылды. Бірақ министр жылы орнын босата қойған жоқ. Керісінше, бюджеттен  326 миллиард теңге бөлініп, ішкі істер саласында ауқымды реформа басталды. Полицейлер өзгерісті қызметтік форма ауыстырудан бастап кетті.

 

 

Ауыс-түйістер

Қызметі жоғарылап қуанғандар мен жұмыстан шаршап шеттетіліп қалғандары да бар.Елбасының сынынан кейін Тамара Дүйсенова қызметінен кетіп, орнын Мәдина Әбілқасымова басты. Ал Астананың 20 жылдығын жоғары деңгейде өткізген Әсет Исекешов Президент әкімішілігінің жетекшісі болып шыға келді. Елорданың тұтқасы бұрынғы Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа бұйырды.

 

 

 

Латын қарпіне көшу 

 Жаңа әліпби жасалды. Тарихымызды тереңнен таразылауға бағытталған Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын да жылдың айтулы оқиғасына жатқызуға болады.

 

 

 

 

Жаңалық ашқан атқамінерлер

Қазақша бір ауыз білмейтін басшылар жиындар мен үкімет отырысында қазақша тіл сындырып талайды таң қалдырды. Аяқ-асты ана тіліне аңсары ауғандардың әрекетін жыл жаңалығы демеске амал жоқ. Үкімет отырысы бастан-аяқ қазақша өтеді деген де ереже енгізілген. Бірақ шенеуніктер уәдесінде тұрмады. Қазіргі отырыстың тілі ала-құла. Басшылардың бұл қылығын қысқа күнде қырық құбылатын теңге бағамымен салыстыруға  болады.

 

 

Теңге құлдырауы

Жыл басында бір долларға шаққандағы теңге бағамы 332-ні құраса, қоңыр күзде теңге тым қатты әлсіреп, 383-ке бірақ құлдырады.

 

 

 

 

 

«Жемқор» тиін

Алматының қақ ортасына орнатылған 13 метрлік тиіннің сабан мүсініне  23 миллион теңге жұмсалды. Кескін-келбетін ұлыбританиялық суретші жасап берген. Қанша жерден  сынап-мінеп жатса да, тиін Алматының атын әлемге танытты.

 

 

 

 

Дендеген дерт

Биыл Үндістаннан жеткен тырысқақ пен Өскеменнен шыққан  Сібір жарасы талай жанның жанын ауыртты. Ал мамырда бүкіл елді менингит меңдеді. Бұл кеселден бір ғана оңтүстік өңірде 12 адам көз жұмды.

 

 

 

 

Димаш

Былтыр Азияны мойындатқан Димаш Құдайберген биыл өнерімен бүкіл әлемді тәнті етті. Жез таңдай жерлесіміз Мәскеу мен Лондон төрінде ән шырқап, Қазақстан  атын паш етті.  Тіпті төрткүл дүние көз тіккен «Әлем аруы» байқауы тұңғыш рет қазақ әнімен ашылып, Димаштың  алтын дауысын 1 млрд. көрермен тыңдады.

 

 

 

Әттеген-ай

Геннадий Головкиннің жеңілісі. Ешкімге есе жібермеген даңқты боксшымыздың жолын Канело Альварес кесіп кетті.

Мәнсіз мерекелердің көкесін биыл көрдік. Алматы төрінде ел ағалары келмеске кеткен Комсомолдың 100 жылдығын дүркіретіп атап өтті. Ал аудандар ашаршылықтың бастауы болған 90 жылдықты тойлатты.

 

 

 

Бір кем дүние

2018 жылы қазақ халқы алып тұлғаларынан да айырылды. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза мен көрнекті ақын Әбдірахман Асылбек мәңгілік мекеніне аттанды. Бір кем дүние деген осы...

 

 

 

 

Сонымен 365 беттік кітап жабылып, өміріміздің жаңа парағы ашылады. Оның әр бетіне тек жағымды жаңалықтар жазылсын деп тілейік.Ескі жыл есіркесін, Жаңа жыл жарылқасын!

"Аптап" бағдарламасын әр жексенбіде сағат 20:00-де КТК арнасынан қараңыз.    

Оқи отырыңыз: Басқа халықты кім білсін, біздің қазақта осылай

Қартайғанда қылық шығарған қарттар

Ойнап жүріп от басқан қыздарға аборт жасатқан дұрыс па?  

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде