{metadescription}
Несие төлеуге ақшаңыз болмаса не істеу керек?

Несие төлеуге ақшаңыз болмаса не істеу керек?

Ипотека бойынша кезекті төлем жасаудың уақыты келді, бірақ ақшаңыз жоқ. Жұмыстан шығып қалдыңыз, қысқартуға ұшырадыңыз, ауырып қалдыңыз, тапқан-таянғаныңыз дәрі-дәрмекке кетті, оқыс жағдай болды, ақшасыз қалдыңыз делік. Мұндай қысылтаяңда не істеу керек?

ҚР құқықтық нормаларына, сот практикасына және заңгерлік кеңестерге сүйене отырып, тұтынушылық несие немесе ипотека төлеуде қиын жағдайға тап болғанда қыспақтан шығаратын нұсқаулықпен танысыңыз.

Несие төлеуге ақша таба алмасаңыз, тағы несие алуға банкке тұра жүгірмеңіз! Онда қарызға белшеңізден батасыз! 

Жасырынбақ ойнама

Басқа банкке барып несие алу, телефонды өшіріп тастау, қашып жүру  проблемадан құтқармайды, - дейді «Қолжетімді құқық» заңгерлер қауымдастығы басқармасының төрағасы Рүстем Қаби.

Төлемді кешіктірген адамның жіберетін басты қатесі  — банктен тығылып жауапкершіліктен қашу, телефон нөмірін ауыстыру. Көбісі шартты дұрыс оқымайды, онда несие алушы телефон нөмірін, үйін, аты-жөнін ауыстырса, банкті хабардар етуі тиіс. Тығылып қашқан адам өзінің жағдайын одан әрі ушықтырады. Төлемді кешіктірген сайын үстеме пайыз қосылып отырады.  Сөйтіп қарыз одан әрі көбейіп, проблема шешілмейді. Өкініштісі, бұны бәрі кеш түсінеді, - дейді сарапшы.

Несие бар — ақша жоқ

Біріншіден  — қаржы проблемасының сипатын анықтаңыз, ол уақытша ма, мәңгі ме? Бәлкім жақын уақытта жағдайыңызды түзелуі мүмкін (жұмысқа шығып, емделіп, қосымша табыс тауып және т.б.) немесе несие төлеудің енді ешқандай мүмкіндігі жоқ деген күдігіңіз басым.

Екіншіден, банкті өз ахуалыңыздан хабардар етіңіз. Негізгі қарызды бәрібір қайтару қажет. Ипотека туралы сөз болса, онда пайыз төлеуден құтылып, үйден шығарып жібермеудің амалын қарастыру қажет.

Егер қарыз алушы төлемін кідіртсе, уақыт оған қарсы жұмыс істейді. Қарыз шарты бойынша міндеттемені орындамағаны үшін айыппұл мен өсімпұл қарастырылған.

Айыппұлды есептеу (айыппұл, өсімпұл), оның ішінде ипотекалық несие туралы шартты есептеу және қайтару бойынша шектеулер бар. Айыппұл сомасы кешіктірілген әр күнде мерзімі өткен төлем сомасының 0,5 пайыздан аспауы, бірақ шарттың әрбір жылы үшін берілген қарыз сомасынан 10% аспауы тиіс.

90 күн өткеннен кейін банк келесі кезеңге - соттан тыс және сот арқылы ақшаны өндіріп алуға кіріседі. Іс тұтқындауға дейін немесе егер ипотекалық несие болса, тұрғын үйді сатуға дейін жетеді. Сіздің міндетіңіз - қарыздың өсуіне жол бермеу және сот болса, өзіңізді қауіпсіздендіру. Соттан қорқудың қажеті жоқ, керісінше, ол сіздің пайдаңызға шешілуі мүмкін.

 Проблема туа салысымен бірден  банкке барыңыз. Себебін түсіндіріп,  төлемді кейінге шегеруге немесе келісім шартты (пайыздық мөлшерлемелер, несие валютасы, борышты өтеу әдісі немесе тәртібі, несие мерзімі және т.б.) кейінге қалдыруға немесе өзгертуді сұраңыз. Егер несиені мүлдем төлегіңіз келмесе, пайыздық төлемін және сот арқылы өндіруді тоқтатуға өтініш жасаңыз, - деп кеңес береді Рүстем Қаби.

Несие алушы қаржылық қиындықтың себебін өзі біледі. Жұмыстан шығып қалды немесе денсаулығы нашарлап, қымбат ем-дом алды делік. Бұл туралы банкке хабарлауы керек. Бірақ телефон арқылы емес.

Басқа түскен сынды қалай жеңілдетуге болады?

Несие алушылардың жағдайын жеңілдетудің бірнеше амалы бар: борышты төлеуді кейінге қалдыру, қайта құрылымдау, қайта қаржыландыру (ішкі және сыртқы).

Клиент қызметтерді ұсыну үшін комиссиялар мен басқа да төлемдерді жоюды, айыппұл санкцияларының (айыппұлдардың, өсімпұлдардың) мөлшерін қайта қарауды, пайыздық мөлшерлемелерді, төлемдерді азайтуды талап етуге құқылы. Өтеу кестесін де қайта қарауға болады.

Хат жазыңыз!

Шешімге қол жеткізу үшін қиындықтың себебін немесе кешіктірілуін көрсететін екі дана ресми хат талап етіледі. Несиені кешіктіру немесе қайта құрылымдау үшін төлем кестесін қайта қарауды сұраңыз. Растайтын құжаттарды тіркеңіз. Құжатты қабылдап алушы кіретін нөмірін жазып, мөрін қойсын (немесе  алушының аты-жөні мен қолын көрсетіңіз). Екінші көшірмесін сақтап қойыңыз.

Ал құжатқа келсек, ол ауруханадан анықтама, еңбек келісім-шартын бұзу туралы куәлік және т.б. болуы мүмкін.

Банк 15 күн ішінде өтінішті қарап, оған жазбаша жауап беруге міндетті. Дегенмен сіздің пайдаңызға оң шешім шығарады деп дәмеленбеңіз. Банктің  бас тартуға қақысы бар. Бірақ бұл жағдайда кез келген сот сізді келісімшарт талаптарын орындау үшін қолдан келгенше тырысқан адал қарызгер ретінде таниды.

Банктер қайта құрылымдау немесе кейінірек төлеуге жиі келіседі.Оларға болашақта өз несиесін сақтап қалу әлдеқайда тиімдірек. Мысалы, ипотека және үйден шығару туралы сөз болса, жылжымайтын мүлік өз орнында тұрады және ол шығын әкеледі. Қарыз берушілер (кредиторлар) қарыз алушының міндеттемелерді қолдан келгенше орындауына барынша  жағдай жасауға мүдделі. Менің байқағаным, банктер көп жағдайда мәселені шешуге тырысады. Егер дау дұрыс шешілмесе, онда құжат сотқа жіберілуі мүмкін. Осылайша өзіңізді ерекше атап өтесіз: мен ауыр жағдайға тап болған адал қарыз алушымын деп. Қашып кетпедім, жасырынған жоқпын, керісінше, қолдан келгенше бәрін жасадым. Неге мені жазалайды? – деп түсіндіреді заңгер.

Егер белгіленген мерзімде  ЕДБ-тен  (екінші деңгейлі банк) жауап келмесе, батыл түрде Ұлттық банкке шағымданыңыз. Немесе сізді тығырыққа тіреген банк еш себепсіз бас тартқан жағдайда тіпті банкке талап қойыңыз. 

Құқыққорғаушылар соттан қорықпауға және процестерге белсенді қатысуға шақырады. Тәжірибе көрсеткендей, сот отырысына қарыз алушының қатысу фактісі оң шешім шығаруға ықпал етеді.

Қарыз алушылардың несиеге қатысты көптеген азаматтық істерді зерттей келе, мынадай қорытынды жасауға болады. Егер несие алушы жоғарыдағы схема бойынша әрекет етсе, өз пайдасына шешуге мүмкіндігі бар. Әдетте, сот негізгі қарызды ғана қалдырып, пайыздар мен айыппұлдарды өшіріп тастайды.

Банкпен соттасуға дайындық

Мұндай істер қандай қағида бойынша қаралады?

Жоғарғы соттың №7 нормативтік қаулысына сәйкес, банктік қарыз шарттарынан туындайтын қатынастарды реттейтін заңнама ҚР Азаматтық кодексі (бұдан әрі - АК), Азаматтық іс жүргізу кодексі, «ҚР Ұлттық банкі туралы», «Жылжымайтын мүлік кепілі туралы», (егер ол тұрғын үй несиесі болса), «Банктер, банк қызметі және өзге де нормативтік құқықтық актілер туралы».

Құжатта сот барлық талаптарға сәйкестігін тексеруі, табылған бұзушылықтарға баға беріп,  жауапкершілік дәрежесін анықтауы керек.

Атап айтқанда, сот:

  • Шарт бойынша міндеттемелерді орындамау немесе тиісінше орындамау және осы бұзушылықтардың себептері дегеніміз не?
  • Борыш сомасы неден құралды (негізгі қарыз, сыйақы, айыпақы, айыппұл, өсімпұл);
  • Борышты өндіріп алу талаптары банктік қарыз шартына қаншалықты сәйкес келеді;
  • Мiндеттеменi кепілмен орындау қамтамасыз етілген бе;
  • Мiндеттеменi мерзімінен бұрын орындауға негіз бар ма, оның iшiнде кепiлмен қамтамасыз етiлген және кепiлге салынған мүлiктi өндiрiп алу (Азаматтық кодекстiң 321, 721, 722-баптары);
  • Қарыз беруші мен қарыз алушы қарызды өтеу бойынша шара қабылдады ма;
  • Борышкер мен несие берушінің арасында борышты жабуға шара қабылданған ба, ол немен, қалай белгіленген?
  • Борышкердің жауапкершілігінің үлесін азайту үшін жағдайлар бар ма, істі дұрыс және объективті шешуге қажетті басқа да жағдайлар бар ма;

Негізгі борыш, сыйақы және айыпақы бойынша қарызды есептеудің дұрыстығын тексеру қажет. Сот бұған сарапшыларды тарта алады.

Несие беруші клиенттің төлем қабілеттілігін дұрыс бағалай алғанын түсіну үшін несиелік құжат зерттеледі. Егер клиенттің қаржылық жағдайы дұрыс бағаланбаса, борышкердің жауапкершілік үлесі төмендетілуі мүмкін (Азаматтық кодекстің 364-бабы 1-тармағы).

Қарызды қысқарту мүмкін бе?

Егер кредит беруші шығын сомасының ұлғаюына ықпал еткен болса, өндіріп алу сомасы әдетте төмендейді.

Егер борышкер өзіне жүктелген міндеттерді орындауға барын салып, барлық шараны қолданғанын дәлелдесе, борышкер кінәсіз деп танылады.

Несие беруші шығынның өсуін жібермеу үшін ешқандай шара қолданбаса және уақытында сотқа бермесе, онда ол кінәлі деп танылады.

«Соттар осы мән-жайларды түсіндіріп, борышкердің міндеттемелерін орындауға кедергі келтіретін объективті себептер бойынша (мысалы, қарыз алушы бала тууына байланысты ауруханада жатты, медициналық анықтамасы бар) және осыған ұқсас дәлелдерді  тиісті түрде құқықтық түрде бағалауы керек», - делінген қаулыда.

Аукционның заңсыздығын дәлелдеген және жылжымайтын мүліктің сатылуын тоқтатқан ипотекалық қарыз алушының ісімен байланысты жалпылама мәлімдеменің бірі: сот қаржылық жағдайдың нашарлауына сай себеп бар екенін мойындады (жұбайының жүктілігі және декретке шығу). Іс материалдарына сәйкес, ерлі-зайыптылар банкке қиын жағдайын түсіндіріп, кейінге қалдыруды өтінді, бірақ банк «күте тұрыңыздар» деп ұсынған.  

Сот борышкерді кінәсіз деп тапқан жағдайда, қарыз мөлшері айтарлықтай өзгереді. Санкция толығымен есептен шығарылады немесе ондаған немесе тіпті жүздеген рет қысқартылады. Сондықтан бас тарта берсе де, банктерге өтiнiш пен қолдаухат жаза беру керек.  

Пәтерден айырылып қалмаудың жолдары

Жоғарыда айтылғандай, кейде банкке адамды баспанасыз, далада  қалдыру қиынға соғады.

Атап айтқанда, қарыз алушының сомасы кепілге салынған мүліктің құнына сәйкес келмейтін жағдайда «талап ету мөлшерінің маңызсыздығы» деген ұғым бар екенін білуі керек.

Бұл ереже бір мезетте екі жағдай барда жұмыс істейді:

Орындалмаған міндеттемелер сомасы (айыппұл, өсімпұлды есептемегенде) кепілді мүліктің құнының 10% -ынан аз (кепіл шартында көрсетілген).

Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындауды кешіктіру мерзімі үш айдан аз уақытты құрайды (АК-тің 317-бабының 2-тармағы).

Әдетте, мұндай мәселе тұрғын үйді сатпай шешіледі.

Егер сома неғұрлым маңызды болса, ипотекалық тұрғын үйді өндіріп алу процесі мынадай: сотқа дейін, егер қарыз алушы мен банк шарттарды қайта қарау туралы келіспесе, іс банктің арнайы сенімді өкіліне тапсырылады, ол қарыз алушыға хабарлама жібереді. Онда қарызды өтеу қажеттілігі туралы немесе соттан тыс жүзеге асыру туралы айтылады.

Соттан тыс іске асыруға ешкім де келіспейді, солай емес пе? Айтпақшы, мұндай «тәсілдің» банкпен жасалған негізгі келісімде бар екені ештеңе білдірмейді. Тіркелген өтінім жоқ болса,  ешкім де үйден шығара алмайды.

Егер осындай  «бақыт» хатын алған болсаңыз, елемеуге болмайды! 30 күннің ішінде оған жауап беруіңіз қажет:

  • келісім беру немесе оны орындаудан бас тарту;

Құжатта сіз қиындықтардың себебін түсіндіріп, несиені қайта құрылымдау және кейінге қалдыруды сұрап, тұрғын үйді сатуға  келіспейтініңізді  ескертесіз. Бұл хатқа жауап бере салу жеткіліксіз. Оны  жылжымайтын мүлікті тіркеу орны бойынша (ХҚКО арқылы) куәландыру керек. Деректер базасында тиісті белгі пайда болады. Саудаға шығарылды деген екінші хабарлама он күн ішінде келеді

Ерікті сатудан он күн бұрын сенімді өкіл қарыз алушыға хабарлау қажет. Содан кейін аукцион өтеді (кемінде үш қатысушымен). Егер олай болмаса, банк мүлікті өз балансына сот арқылы беруге құқылы.  Сонымен бірге өндіру үшін төленбеген сома ғана қойылады. Қалған соманы борышкер алады, - дейді Рүстем Қаби.

Егер ақыр соңында іс сотқа жетсе және рәсімдер дұрыс орындалмаса, қателіктерді түзетуге банктің уақыты кетеді,  онда қаржы мәселесін шешу үшін сол уақытты өз мүддеңізге пайлаланыңыз.   

Сот практикасында бағалау, орындау рәсімдері немесе басқа қадамдарға шағымданған оқиға жетіп артылады. Кейде, қарыз алушының кәмелетке толмаған балалары болса, қамқорлық мекемелері балалардың мүддесі үшін пәтерді сатуға тыйым салады.

Сондай-ақ, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда жылу маусымы кезінде көшіруге тыйым салатын ереже бар. Комиссияларды жинау арқылы жағдайды тұрақтандыруға болады.

 Қазір бұл тәжірибе кең таралған. Сот көбінесе өздігінен қызмет ұсынылмаса, комиссия заңсыз деп танылады. Содан түскен ақшамен қарызды жабуға болады.

Сонымен қатар, борыш өзінен-өзі жабылып қалады деп күтпеңіз. Жағдайды түзетіп, төлем қабілеттілігін жақсарту жолдарын іздеу керек, бұл туралы да банкке есеп беріп отырыңыз.  

Коллекторлардан қорықпаңыз!

«Қолжетімді құқық» заңгерлер қауымдастығы басқармасының төрағасы Рүстем Қабидың айтуынша, қарыз алушыларды коллекторлармен қорқытып, қайдағы бір қара тізім туралы айтып, сол қара тізімге кірген адам ешқашан несие ала алмайды деп зәре-құтын алады. Заңгер оның жалған екенін мәлімдейді:
— Бәріне айтқым келеді. Қара тізім деген жоқ! Оны Алғашқы несие бюросының есебімен шатастырады. Бұл құжатты банк  несие алуға өтінішті қараған кезде сұратады. Дегенмен, онда сіздің банкпен соттасқаныңыз туралы ақпарат жоқ. Тек  несие өтеуді мерзімінен кешіктірді деген дерек бар. Сіздің кредиттік тарихыңыз туралы толық ақпаратты  ХҚКО-дан тегін алуға болады. Тіпті егер сізге несие беруден бас тартса, ол қара тізімге байланысты емес. Ол несиені кешіктіріп төлегеніңіз үшін немесе сіз басқа біреудің қарызының кепілі болып табылғаныңыз үшін.

Коллекторға келсек, оларды «рэкет» деп қабылдамаңыз. Олардың қызметі – несие алушыны қарызға кіруден құтқару. Оның міндеті  – клиентті өркениетті түрде қарызын өтеудің ыңғайлы кестесіне ауыстыру.

Атап айтқанда, коллекторларға борышкердің ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн ақпаратты таратуға және қатер төндiруге, қорлауға, туыстарының мазасын алып, белгiленген мөлшерден жиі телефон соғуға тыйым салынады.

Байланысқа тек жұмыс күндері сағат 08: 00-ден 21: 00-ге дейін рұқсат беріледі. Коллекторлар күніне бір клиентке тек үш рет қоңырау шалуға құқылы. Жеке байланыс аптасына үш реттен артық болмауы тиіс және жұмыс күндері сағат 08: 00-ден 21: 00-ге дейін бір реттен артық рұқсат етілмейді. Олай болмаған жағдайда  Ұлттық Банкке хабарласып,  агенттікті жазалауға болады.

Қарызды өтеудегі қиындықты шешуге болады және шешу қажет. Одан ешкімде де сақтандырылмаған. Банкпен сәтті қарым-қатынас жасау үшін  жәбірленушінің рөліне кірмеңіз. Жауапкершілікті мойныңызға алып, банкпен келісім-шартты мұқият оқыңыз.

Материал Krisha.kz сайтынан алынды. 

Оқи отырыңыз: Атаулы әлеуметтік көмек: Қашан, қалай, қандай? 

Баспана бағасында қандай өзгеріс бар 

Үлескерлерге анықтама-ақпарат. Алаяққа алданбау үшін нені білу керек 

Пәтер сатып аларда ақша үнемдеудің 10 түрі 

2019 жыл зейнетақы: төрт маңызды өзгеріс 

Кеше

22 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде