Аятжан Ахметжанұлы: Ерлеріміз ез болып барады
Бүгінде мұғалімдер мәртебелі атақты ақшаға сатып алуда. Бағасы қанша? Марапаттарды беріп жүрген кім, алып жүрген кім? Мұғалімнің жалақысын өсірсең, мәртебесі өсе ме? Оқушылар неге қатыгез? Ұл балалар неге ез, көкбет болып бара жатыр? КТК тілшісі Дәулетхан Қыдырбайұлы мен ұстаз, қоғам белсендісі Аятжан Ахметжанұлы осы сауал төңірегінде ой қозғайды.
Фото: ktk.kz
Әріптестеріңіз Ғасыр ұстазы, Алаш ұстазы, Ұлт ұстазы деген марапат алып жатыр. Осы марапаттарды беріп жүрген кім, алып жүрген кім? Ғасыр ұстазы болатындай не істеу керек?
Жалпы ондай мәртебені тарих беру керек. Мысалы, Ахмет Байтұрсыновқа «Ұлт ұстазы» медалін берген жоқ, бірақ оны күллі алаш Ұлт ұстазы деп атайды. Неге? Өйткені Ахаң ұлттық деңгейдегі педагогиканың не екенін, қазақ тіл әдебиетінің оқытылу методикасынан бастап, бүкіл қазақ тіл заңдылығын жасап берді. Ұлтқа былай жазасың, былай сөйлейсің, былай сөз жасайсың деп үйретіп кетті. Бұл – ұлттың ұстаздығы, оны тарих берді.
Ал қазір сол атақты медаль етіп тағып жатқандар – алаяқ саудагерлер! Мектептегі ұстаздардың, біріншіден – ойсыздық, екіншіден – ассоциация дейтін қалың қағаздың астында жатқан ұстазға, қағазына көмектесу мәртебесімен ұстаздық биіктікті аласартып жүрген алаяқ саудагердің тірлігі. Ал арсыз дүниені сатқан да – кінәлі, сатып алған да – кінәлі.
Әркім «Ғасыр ұстазы» дегенді кеудеге тағатын кезде ең алдымен, «Ахметтен биік болуға лайықпын ба?» деп әр мұғалім ойлануы керек. Ұстазда ұят болмаса, ұлтта ар болмайды.
Ұстаз мәртебесі дегеніміз осы ғой...
Ұстаздық мамандыққа жүрегімен емес, амалсыз, күнкөріс қамымен келетіндерді көбейтіп алдық. Өйткені ұстаздық жүрегімен келетіндерді мектепте ұстап қала алмадық. Мектептегі зорлық, әкімшілік жүйе, қағазбастылық, болмашы жалақы. Бұл салаға үздіктердің келуін мейілінше шектетті. Бұрын «балам, мұғалім бол» деген бата еді. Қазір бұл қарғыстың деңгейінде. Қазір қоғам ұстаз мәртебесін көтереміз десең, жалақысын көтер, сонда ұстаз көтеріледі дейді. Жоқ! Ертең жалақыны 500 мың қылатын болса, ұстаздыққа жұмысқа тұру 600 мың теңге болады, басқа ештеңе өзгермейді!
Яғни, парақорлықты күшейтіп аламыз ба?
Иә, парақорлықты күшейтеміз. Қазір ауылдарда баяғыда мектеп бітіре салып екі-үш жыл мектепте істеп кеткен, бес жыл әкім, жергілікті мәслихатттың депутаты болып, одан жолы болмаған, басқа қызмет құрыған кезде, зейнетке шығуға 5-6 жыл қалғанда мектепте директор қызметін атқарып жатқан атқамінерлер көп. Тым құрыса, мектепке барып директор болады! Олар 21-ші ғасырдың көзімен, педагогтың көзімен қарай алмайды, қазіргі методикамен оқып барған жас маманды түсінбейді! Сөйтіп білім саласының қадірін қашырады. Сондықтан мектепке аутсайдер мұғалімдердің баруының алдын алу үшін мектеп әкімшілігіне жол ортадан қосылған директордан ада болу керек.
Негізі, мектептегі екі тұлға бар – ұстаз және оқушы. Оқушының құқығы қорғалады да...
Ұстаздың құқығы қорғалмайды. Қазір бала құқығы ең үлкен жұмыс істейтін заң да, содан кейін ата-ана мектептің айқайшысына айналады. «Ата-ана келе жатыр» дегенде мектепке тексеру келе жатыр дегенінен әрмен қорқады.
Мұғалімдер оқушыларды сабап жатыр, оқушыларға қол көтеріп жатыр деген мәселелер бар. Ал енді әлеуметтік желіде бір топ «ұрғаннан бала өлмейді, балаңды аясаң– аяма» дейді. Екеуінің алтын ортасы қай жер?
Біртіншіден, қазіргі баланың психикасы мен бұрынғы баланың психикасы ұқсамайтындығын сәл ескеруіміз керек. Екіншіден, жалпы қол жұмсау – ақылдылық емес,ол шарасыздық. Ал шарасыз деңгейде ұстаз болу – ұстаз беделінің төмен болуы.
Соңғы кездері оқушылар мұғалімнен қорықпайтын сияқты, қатыгез болып бара жатқандай мына қоғамда. Әрине, ол бұрын да болған, бір сыныпта екі бала шекіссе, әрі кетсе бір қойып қалып, жекпе-жекке шығып, өзара күш сынасып жататын. Қазір топтасып алып төбелесу, Қыз болсын, ұл болсын қолынан келген нәрсемен аямай ұрады. Бұл тәрбиенің қашқаны ма? Қайсысының – ата-ананың, мектептің, мұғалімдердің, қоғамның кінәсі ме?
Бұл толыққанды жүйелі нәрсе. Неге дейсіз ғой? Қазір қоғамдағы еркек мінезі, ер мінезі,ер тұлғасы деген дүние толық жойылды. Өйткені отбасында еркек күнкөрістің қамымен кетеді, бала тәрбиесін әйел жүргізеді. Одан кейін отбасынан шыққан бала мектепке барады, ал елімізде бастауышта он екі-ақ ер мұғалім бар. Биыл өсіп кетпесе, күллі Қазақстанда 12 ер мұғалім ғана! Яғни бастауыш сыныпта оқушыны әйелдер тәрбиелейді. Балабақшада 100 пайыз әйелдер. Үйде, балабақшада, бастауыш сыныпта – әйел тәрбиесі. Орта мектепке шыққан кезде саусақпен санарлық ер мұғалімді көреді. Оның өзінде қосымша пәндерден. Сонымен ер мінезділік тәрбиеден қызың да, ұлыңда ада болады. Содан ез де көп, бәлеқор да көп. Қыздар түгілі, ұлдардың арасында көкбет көп. Бұл бір ұлттың сапасының толығымен жоғалуына әкеледі. Әкеден шеше басым. Отбасында әйелдің беделі биік.
Ері ез дегіңіз келіп тұр ма?
Ерлеріміз ез болып барады. Неге? Отбасын асыраудан гөрі, ошақ басынан шыға алмайтын ер көбейген. Жалпыға топырақ шашпай-ақ қояйын. Енді мына ұрпақ жетілген кезде екі есе кері кете ме деп қорқамын. Өйткені жігіттерімз қыз мінезді болып кеткен. Қатыгездік, біреуден өш алу, ішіндегі қыжылды шығару. Ұл балалардың жүйкесі сыр берген. Ананы шексіз құрметтеймін. Бірақ ана тәрбиесі бөлек, әке тәрбиесі бөлек. Сондықтан біз әке тәрбиесін ұлт ретінде қайта қолға алуымыз керек.
Біз өзімізді тек жамандауға ғана бар емеспіз бе? Жақсы жағымыз жоқ па сонда?
Жақсы жағымыз бар, біз жақсы едік.
«Едік» деп еске алғанның өзі өте аянышты негізі...
Біз аянышты жағдайға кетіп бара жатырмыз. Неге? Біз бала тәрбиесінде көп нәрсені жіберіп алдық. Нені жіберіп алдық? Біз баланың үшінші жұрты – қоғам деген кезде, қоғамдағы интернет тәрбиесі, ақпараттық тәрбиеде біз ұтылдық. Бала ең көп кіретін әлеуметтік желілердегі өзгелердің топтары баланың психикасын өзгертеді. Мысалы, әлеуметтік желілерде аса қатігездікке тәрбиелейтін топтар бар, олар емін-еркін жұмыс істеп жатыр. Суицидке апаратын топтар бар. Олар жұмыс істеп тұр. Қаншама жыл сондай топтарды жабуды талап етіп келе жатырмыз. VK әлеуметтік желісін жабайық! Қазақстан бойынша 3-ші сыныптан бастап 98 пайыз оқушы соған тіркелген. Ол жерден баламыз қандай тәрбие алып отыр? Онда сауатты адам бар ма? Жоқ. Кілең бала-шаға отыр, оларға өзгелер беретіннің бәрін беріп жатыр.
Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден қараңыз. Аптаның әр жексенбісінде сағат 20:00-де КТК арнасынан "Аптап" талдау мен түйін жасайтын сараптамалық бағдарламасын көруге асығыңыз.
Оқи отырыңыз: Дұрыс тамақтану туралы 10 өтірік
Несие төлейтін уақыт келді, бірақ ақшаңыз жоқ. Пайдалы кеңес
Төлеутай Рақымбеков: Ет бағасы халықтың табысына сәйкес келмейді