{metadescription}
Мұхтар Тайжан: Неге мемлекет жеке кәсіпкерге көмек көрсетуі тиіс?

Мұхтар Тайжан: Неге мемлекет жеке кәсіпкерге көмек көрсетуі тиіс?

Кәсіпкерлікті қолдауға мемлекет тарапынан соңғы жылдары құйылған ақшада қисап жоқ. Қайтарымы бар ма? Болса, қайда? Жоқ болса, неге жоқ? Неге үкімет құрдымға кетіп бара жатқан банктерді банкроттықтан құтқарып қалуға құмар? Ол кімге тиімді? Осы сұрақтарды КТК тілшісі Дәулетхан Жиенқұлов экономист, сарапшы Мұхтар Тайжанмен бірге тұздықтады.

- Мұхтар Болатханұлы, сізді экономист ретінде, елдегі қоғам белсендісі ретінде арнайы шақырып отырмыз. Сіз республикалық бюджеттің қабылдануы, талқылану кезінде Парламентке барып, өз пікіріңізді білдіріп жүрген бірден-бір азаматсыз. Жақында ғана мемлекет басшысы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға тағы да 600 млрд.теңге бөлінетінін айтты.  Бұған дейін қаншама миллиардтаған ақша бөлініп жатыр. Қазір шағын және орта кәсіп қай деңгейде? Қаншалықты дами алдық?

- Өкінішке қарай, шағын және орта бизнес бүгінге дейін дамымай отыр. Өйткені оған шарт жоқ. Шағын және орта кәсіп – қарапайым халықтың бизнесі. Мұны дамыту үшін, біріншіден, экономикалық жүйе сәйкес болу керек. Заң жағынан шарт болу керек. Ол үшін сот тәуелсіз болу керек. Шынайы, әділетті сот болу керек. Оған ыңғайлы салық жүйесі болуы тиіс. Оның қандай болуын экономика ғылымы біледі. Еш құпиясы жоқ. Оны бір жылдың ішінде ұйымдастыруға болады. Бірақ, ниет жоқ. Егер орта және шағын бизнес дамыса, халықтың жағдайы жақсарады. Менің ойымша, шағын және орта бизнеске күні бүгінге дейін шарт жасалмаған. Басқа еш себеп көріп тұрған жоқпын. Шартты ұйымдастыру ешқандай проблема емес.

- Не керек сонда?

- Ниет. Ниетің болса, біржылда экономикамызды басқаша жасауға болады.

- Көріп отырсыз, Үкіметте жасалып, есеп беріп, айтылып жатқан әңгімелер бойынша барлық жағдай жасалған ғой.

- Жоқ, жасалған жоқ.

- Екінші деңгейлі банктердің көбісін мемлекет субсидия беріп, басқадай қаржылай қолдау жасап құтқарып келе жатыр. Осылай құтқарып қалудың қажеттілігі қанша?

- Біріншіден, бұл банктер – жеке банк. Неге оларды мемлекет өз қалтасынан ақша шығарып қолдау керек? Мемлекетте ақша жоқ. Мемлекет ақшасы – салық төлеушілердің ақшасы. Яғни біздің – халықтың ақшасы. Біз неге жеке кәсіпті, жеке банкті құтқарамыз? Ол – жеке біреудің бизнесі. Банкрот болса, солай банкрот болып қалу керек. Банкроттыққа ұшыраған жеке кәсіпкерге неге халықтың қалтасынан көмек көрсетуіміз керек?! Қарапайым халықтың жағдайы да мәз емес. Дәретхана, аурухана, жолдар...мысалы, балабақша тапшы. Үш ауысымдық мектептер бар. Неліктен жеке бизнесменге көмектесуіміз керек? Мемлекет қаражатын одан да халық қажетіне жұмсайық. 600 миллиардтай банктерге құйылды. Қазір тағы 600 миллиард құйылатын болса, толығымен 1 триллион 200 миллиард  кететін болды. Бұл қаржыға елдегі дәретханаларды 6 рет жаңартуға болады. Ауылдағы мектеп дәретханаларын жаңадан жылы, таза етіп салуға, ауруханаларды, жол бойындағы дәретханаларды жасауға болар еді. Мысалы, кейбіреулер Көкжайлау салуға қарсы. Қазақстанда Көкжайлау секілді курорттың 13-ін салуға болатын еді.

- Жаңағы қаржыға ма?

- Иә, 1 триллион 200 миллиардқа. Көкжайлаудың бағасы шамамен 90 миллиард теңге.  

- Кеңейтілген кеңесте мемлекет басшысы банктердің акционерлерінің өздері өз  банкін тонап кетіп жатыр деп айтты.

- Солай болып тұр ғой. Банктер туралы айтылғанына екі жылдай болды. Бірақ іс жоқ, жыл сайын көмектесіп жатырмыз. Одан бұрын да банкке қаншама көмектестік, Қазком арқылы триллион ақша кетті.

- Неліктен осындай жағдайға тап болдық? Кететін банкті неге кетіре салмаймыз?

- Кетіре салу керек еді. Мысалы мен жеке бизнесте 13 жыл жүрдім. Банкрот болсаң – сенің проблемаң. Ешкім саған көмектесуге міндетті емес. Ол дұрыс, ол – нарық заңы. Банкрот болдың ба, ол өз шаруаң. Мемлекет көмек көрсетпейді. Банкир – жеке бизнесмен.

- Мемлекет кәсіпкерге жағдай жасап беріп отыр ғой. Сол кәсіпкер мемлекет үшін мысалы, аудан орталығына, ауылдарға барып елге жұмыс тауып беріп, кәсіпорын неге ашпайды? Жеңіл өнеркәсіп демекші, біз Қырғызстаннан, Өзбекстаннан тасып әкеліп жатырмыз, өтірік пе? Үлкен кеңесте өз  импортымызды, өзіміздің өндірісті шығарайық деп тағы айтылды. Оны айтып келе жатқанымыза біраз жыл болды.

- Өндіріс, орта, шағын, ірі болсын– ол жеке бизнес. Жеке бизнес экономиканың негізі болу керек. Оны дамыту үшін шарт болуы тиіс. Өндіріске мықты сот жүйесі болу керек. Шарт болмайынша, өндіріс те болмайды, ештеңе шығара алмаймыз, тек импортпен өмір сүре береміз. Шарт ұйымдастырмасақ, экономикалық ахуалымыз нашарлайды. Бүгінге дейін өте жаман өмір сүрген жоқпыз ғой. Құдайға шүкір, Түркменстан, Венесуэла мұнайлы ел, соған жетуіміз де мүмкін. Мысалы, Венесуэлада мұнай көп, бірақ жүйе бұрыс болғандықтан халықтың жағдайы тым нашарлап кетті. Бізде мұнай да, шикізат та, жерасты байлығымыз баршылық. Бірақ экономикалық жүйе бұрыс болса, ештеңе көмектеспейді, пайда әкелмейді.

- Мемлекет тарапынан қазіргі шағын кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, басқа да салаларға қолдау көрсетіп отырған экономикалық саясатқа қандай баға бересіз?

- Үш! 2 бағасын берген әділетсіздеу болар. Қанша дегенмен бірдеме болсын жасалынып жатыр. Былай қарасаңыз, электр қуаты бар, автобустар жүреді. Сондықтан 3-тен жоғары баға бере алмаймын.  

- Жасалынып жатқан қыруар шаруа болса да, жолдар, үйлер салынып жатыр, жылу бар, электр бар, неге 3?

- Былай... өмір сүруге болады. Мектепті үш бағасымен де бітіруге болады. Дегенмен 4 емес, 5 емес. Үшпен университетті де бітіруге болады. Бірақ сен қандай маман боласың? Үш бағасы жақсы да емес, өте жақсы да еме, өмір сүруге болады. Менің бағам осы!

Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден қараңыз. Аптаның әр жексенбісінде сағат 20:00-де КТК арнасынан "Аптап" талдау мен түйін жасайтын сараптамалық бағдарламасын көруге асығыңыз. 

Оқи отырыңыз: Фрилансер: Міндетті зейнетақы жарнасын төлеу тәртібі 

Кредит алғанда банк нені жасырады 

Несие төлейтін уақыт келді, бірақ ақшаңыз жоқ. Пайдалы кеңес

Кедейлікке жетелейтін жексұрын әдеттер 

Аятжан Ахметжанұлы: Ерлеріміз ез болып барады 

Кеше

30 қараша

29 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде