{metadescription}
Bullet Journal – ерекше күнделік

Bullet Journal – ерекше күнделік

Американдық веб-дизайнер Райдер Кэрролдың (Ryder Carroll) ұсынған «Bullet Journal» атты жүйесі бүгінгі күннің жаңа трендіне айналды. Бұл жүйе қарапайым күнделік жүргізуге негізделген. Яғни, сіз ешқандай қиындықсыз, күнделікті жоспарларыңыз бен алға қойған мақсаттарыңызды, онымен қоса маңызды деген ақпараттарды осы жүйе форматы бойынша өзіңізге ыңғайлы, әрі ұнамды етіп, қағаз бетіне түсіре аласыз.

Bullet Journal жүйесінде қатып қалған қағида жоқ, қиялыңызға ерік берсеңіз, болғаны. Көңіліңізге жағымды, өзіңізге ұнайтын әрдайым бірге алып жүруге болатын блокнотыңызды бастайсыз. Ондағы жазбалар жүйелі болғаны абзал. Осы тәсілде күнделік жүргізгіңіз келсе, ең алдымен қалай толтыру керектігін толық қанды түсініп алғаныңыз жөн. Ол үшін Райдер Кэрролдың жеке парақшасына кіріп (www.bulletjournal.com), не болмаса жеңіл де, түсінікті нұсқасын YouTube желісіндегі видеолардан тамашалаңыз.

Компактті түрде құрылған блокнотты жеңіл, әрі тиімді пайдалану үшін төменде жазылған арнайы таңбалар мен лайфхактарды қолданыңыз:

  • Индекс – кітапша мазмұны. Оның көмегімен керекті жазбалар тез табылады.
  • Парақша нөмірі –  қажетті бетті лезде табу үшін керек.
  • Тақырып – жазба атаулары.
  • Боялған тізімдер – сіздің маңызды ойларыңыз, басқаша айтқанда, «Тапсырмалар», «Жазбалар», «Оқиғалар».
  • «*» – жасалып жатқан тапсырмалар.
  • «●» – жаңа ойлар.
  • х  – атқарылған жұмыстар.
  • < - жоспарланған тапсырма.
  • > - бітпеген іс шараларды келесі күнге немесе айға көшіру.
  • «-» – ескертулер.
  • «○» –  маңызды кездесулер мен іс-шаралар.

Сонымен қатар блокнотыңызды үш бөлімге бөліп, сәйкесінше жылдық, айлық және күнделікті жоспарларыңызды түсіріп отырасыз.

Ұзақмерзімдік мақсаттарыңыз бен жоспарларыңызды жылдық бөлімде толтырасыз. Сондай-ақ бұл жерде дос-жаран мен жақындарыңыздың туған күндерін, іс-сапарларыңызды, осы жылы жүзеге асыратын маңызды істеріңізді белгілейсіз.

Айлық бөлімде күнтізбе ретінде сызып, ағымдағы айдың маңызды істерін белгілеп отырасыз.

Күнделікті бөлім бүгінге жоспарлаған істеріңіз бен осы күнге орайластырған жазбалардан тұрады.

Bullet Journal күнделікті жазбаларыңыздан бөлек басқа да әрекеттеріңіздің есебін жүргізіп отыруға пайдалануға болады. Мысал келтірсек, қаржы, денсаулық, оқу, демалыс, мерекелер, үй, спорт секілді бөлімдерді айқындап алып, әр бөлімнің өз тізімін жасауға болады.

Аталмыш жүйені жүргізу адамда ұқыптылық, жинақылық, жауапкершілік, нақтылық сияқты жақсы қасиеттерді қалыптастырады.  Адам өз уақытын тиімді, әрі сапалы пайдалануды үйренеді. Ұмытшақтыққа жол бермейді. Өмір сүру стилі жақсарады. Сондықтан өміріңізге жақсы өзгерістер енгізгіңіз келсе, «Bullet Journal» күнделігін жүргізіп көріңіз.

 

 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде