Апаттың алдын алмай, неге тек салдарымен күресеміз?
Соңғы жылдары айтып келетін апаттың салдарымен күресуге қазынадан миллиардтаған қаржы бөлінеді. Неге соның алдын алмаймыз? Биыл да солай ма? Қай өңірде қандай қауіп бар? Төтенше жағдайлардың алдын алатын, ауа райының құбылысын сараптай алатын маман бар ма? Бұл сұрақтарды КТК тілшісі ҚР Мәжіліс депутаты Құдайберген Төлепұлымен тұздықтады.
- Көктем мен күзде қозатын екі мәселе – су тасқыны мен жанар-жағармай бағасы. Жыл сайын қайталанады. Соңғы үш жылда тасқын судың алдын алу, зардабын жоюға 60 миллиард бөлініпті. Бірақ жылда жүздеген ауыл су астында қалып, мыңдаған тұрғын зардап шегеді. Не істеуге болады?
-Тарихқа жүгінетін болсақ, ата-бабаларымыз табиғат құбылысын өз қажетіне пайдаланған. Көктемгі тасқын жерлерін жазғы жайылымға, шабындық шөпке пайдаланған. Табиғаттың жағдайын жақсы білген, тіпті оны қорғанысқа да пайдаланған.
- Ешқандай озық техника жоқ заманда. Ал қазір барлық озық техникамен,технологиялармен жабдықталған.
- Тіпті спутниктен қадағалап, қардың қалыңдығын,ылғалдылығын алдын ала жобалап, мәлімет алып отырса да, жылдан жылға қайталанатын құбылыстарға тап болып жүрміз. Бұл мәселеден үкімет сабақ алып, тәжірибе алып, оны болдырмау жолдарын қарастыруға мүмкіндігі болды деп ойлаймын. Мысалы, былтыр Бұқтырмадан басталып Семейде болған проблемаларды қарап шықтық. Су қоймалары, Бұқтырма, Өскемен, Семей болсын, былтырғыға қарағанда жаңағы су қоймаларының толымдығы өзінің ең үлкен көлеміне келіп тұр. Дәл сондай жағдай.
- Былтырғы жағдай тағы қайталанады деген сөз бе?
- Беті аулақ болсын, жаман айтпайық. Дегенмен де «жақсыны айтып, жаманды таяп қой» дейді ғой.
- Жаман айтпай жақсы жоқ қой!
- Әрине. Ақтөбеде бұрын-соңды болмаған жағдайды теледидардан көріп, қауіптендік. Қазір сол кісілердің ертеңгі күніне қорқып отырған жағдайын естігенде... мен ұялып отырмын. Біріншіден, ол жергілікті әкімшілікте қызмет істеп отырған азаматтардың міндеті – халқының жағдайын жасау, қауіптің алдын алу.
- Сіз осы жерде ойламайсыз ба, бізде қаржы бөлініп жатыр, озық техника, технология бар. Тіпті, өзіңіз айқандай, спутниктен бақылап, қай жерде не болатынын алдын ала біліп отыр. Бәлкім осы салада айтылғанның бәрін саралап, сараптай алатын маман жоқ шығар?
- Бұрын Кеңестер кезінде барлық мәселені сол маман айтатын, шешетін. Қай салада болмасын өз маманы жұмыс істеген жақсы. Бірақ көп жерде мамандар өз ойын басшыларына жеткізе алмайтын сияқты. Өз ұстанымында тұра алмайтын сияқты. Өйткені басшысының ойына келген бір идеяларды, жобаларды жүзеге асырамын деп жоспарын құрып, мақсат қойды делік. Сол кезде оның орынбасары, болмаса басқсы бастығына «бұл ойыңыз дұрыс емес» деп айтуға батылы жетпейді, дәті бармайтын сияқты.
Ресей патшасының заманында Сырдарияның бойында, Қызылордадан әрі Әйтек деген жерде осыдан 150 жыл бұрын темір жолға арналған темір көпір салынған. Табиғат құбылыстарына шыдас беріп әлі тұр.
- Маманды сұрап отығаным да сол. Әлде қазіргі мамандардың міндеттері, функциялары басқа ма?
- Бұрындары, ескі кино көрсеңіз, көпір салуды жобалаған инженер көпірді сынақтан өткізгенде, яғни үстінен жүк көлігі жүріп өткенде көпірдің астында тұрады. Сөйтіп сынайды. Меніңше, біздің құрылысшылар аталмыш тәжірибеге бара алмайды-ау. Қарағандыда құлап қалған жаңа үйдің алдына барып тұра алмайды, сол үйде тұрмақ түгілі. Мамандар есепке алуы тиіс.
- Соңғы бірнеше жылда бұл тек су тасқынына ғана қатысты дейміз. Өрт, басқа да төтенше жағдайларға қатысты болсын, біздің төтенше жағдайлар қызметін жоққа шығарғым келіп отырған жоқ. Дегенмен бүгін апат болып кетті, ертесінде соның салдарын, зардабын жоюмен ғана күресетін сияқты. Сізге солай көрінбей ме?
- Әрине. Дегенмен істеліп жатқан жұмыс көп. Бұрын өзім де басшы болып, бір шағын мекеменің төңірегінде жұмыс істеген кезде ондай ойдың болуы мүмкін еді. Кейін облыста Мәслихат хатшысы қызметінде облыстың жұмыстарына араласып, осы мәселеге де кіріскен жағдайым болды. Әрине, жұмыс істелінеді. Бірақ кей жерлерде жүргізіліп жатқан бүкіл жұмысты ойламаған жерден кішкентай ғана қателік бұзады. Соның кесірінен халықтың алдында барлық істеген жұмыс зая кетіп, жоққа шығады.
- Бір жағдайда, екі-үш жағдайда солай болуы мүмкін. Бірақ, жаппай болғаны қалай? Жыл сайын қайталана беруі мүмкін бе?
- Ондай болуы мүмкін емес, олай болмауы керек. Соған сәйкес, Үкімет басшылары талап қоя білуі керек. Ал жыл сайын қайталана берсе, онда сол салада істеп жатқан мамандар өз жұмысын жетік білмейтінін көрсетеді.
- Бірінші кезекте, аймақтарда болып жатқан төтенше жағдайға аймақ басшысы жауапты. Одан кейін орталықтандырылған төтенше жағдайлардың арнайы қызметі бар. Министрліктің құрамында тіпті арнайы комитет бар. Жергілікті билікпен, орталықтандырылған басқару тетігі – министр болсын, комитет болсын, осылардың өзара ымыраласуы, өзара жұмыс істеуі, бір-біріне ықпалдасуы,... жалпы осы жүйенің өзі ақсаңдап тұрған жоқ па? Себебі, былтыр ғана Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өзі Үкімет отырысында үкімет басшысынан көмек, жәрдем сұрады. Бұны қалай түсінуге болады? Үкімет басшысынан төменгілердің бәрі жұмыс істей алмайды деген сөз бе?
- Дер кезінде сол облыста су тартатын сорғыш, аяққа киетін резеңке етік, күрек болмады деген не сөз?! Сол облыс әкімінің айтып көтеретін мәселесі ме? Орындаушысы бар, сол саланы басқаратын орынбасары бар. Міне, сол азаматтардың дер кезінде мәселені көтермегені, білмегендігі. Аймақ басшысы соған дейін мәселе көтерсе, онда орынбасарларының мәселесін қарау керек деп ойлаймын.Табиғат құбылысы бір күнде, бір сәтте, бір сағата өзгеріп кетуі мүмкін. Оған өзіміз талай куә болғанбыз. Қысылтаяңға қажетті жабдықтар әрқашан да дайын тұру керек. Сақтансаң– сақтайды!
Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден қараңыз. Аптаның әр жексенбісінде сағат 20:00-де КТК арнасынан "Аптап" талдау мен түйін жасайтын сараптамалық бағдарламасын қарауға асығыңыз.
Оқи отырыңыз: Гүлмира Әбіқай: Қазақтың саны көбеюіне қарсы емеспін, бірақ...
Көп балалы отбасыларды мемлекеттік қолдау шаралары
Мақсат Мәлік: Өзімді кінәлі сезінемін...
Мұхтар Тайжан: Неге мемлекет жеке кәсіпкерге көмек көрсетуі тиіс?