Мұрат Бақтиярұлы: Мемлекет жалпы жалақы мәселесін көтеруі тиіс
Алаулатып-жалаулатын, форумдатып, семинарлатып, әр түрлі деңгейде жиындатып басталған жыл жастарға не береді? Жастар үкіметтен, мемлекеттен, қоғамнан не күтеді? Жастар жалқау ма, әлде жұмыс жоқ па? Бәлкім, бар жұмыстың жалақысы мардымсыз болар? Не істеу керек? Қоғам жастардан не күтеді? Жастар қоғамнан не күтеді?
- Еліміздегі жастардың 1 жарым миллионы ауылда тұрады. Олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы қандай? Дамыған елдерде мектеп бітірген жастардың 15-20% ғана Жоғары оқу орындарына барады екен. Өзгесі өз кәсібін ашып, еңбек жолын бастап кетуге тырысады. Ал біздің мектеп бітірушілердің 80% қайткен күнде жоғары оқу орнына түсуді қалайды. Ал түсе алмағаны қайтпек? Жалпы, жастар жылында не істеген ләзім? Тақырыпты КТК тілшісі Дәулетхан Қыдырбайұлы мен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы тұздықтайды.
- Мұрат Бақтиярұлы, жастардың жылы басталып жатыр. Жастарға, әсіресе ауыл жастарына қандай мүмкіндіктер жасалуда? Жалпы, Жастар жылы қалай өту керек? Форумдармен басталды, ертең форумдармен аяқтап жүрмейміз бе?
- Елімізде 18 миллионнан астам халық, соның 4 миллионға жуығы – жастар. Жастардың 1 жарым миллионы ауылда тұрады. Қоғамда жастарға байланысты проблемалар өте көп. Ең үлкені – жұмыс проблемасы. Біз елді мекендерге жиі шығамыз. Депутат ретінде, парламент мүшесі ретінде сайлаушылармен кездесеміз. Сонда көп шығатын мәселенің бірі – ауыл ақсақалдары жастардың ауылда қалмайтынын, оқуға кетіп қайтып оралмайтынын айтады. Форуммен басталып, форуммен аяқталмаса екен деп отырсыз ғой. Форумдардан бас тарту керек. Байқаймын, телеарналарда, облыстық деңгейде, аудандық деңгейде де алқалы жиындар, семинарлар, форумдар өткізіліп жатыр. Оның қазір түкке де қажеті жоқ. Не істеу керек? Біріншіден, жастарды жұмыспен қамтудың ең тиімді жолдарын қарастыру. Кетіп қалған жастар қайта келмейді. Енді ауылда қалатын жастарды кәсіпке баулу. Бұл – үлкен мәселе. Арнайы бағдарламаларымыздың көпшілігі жастарға жетпей ме деп қорқамын. Бағдарламаның бірі – арнаулы кәсіптік біліммен тегін қамтамасыз ету. Соны түсіне бермейді, біле бермейді.
- Тегін дүниенің құны жоқ дегендей...
- Мысалы, аудандарда, облыс орталықтарында лицей, колледждерде қазір жұмысшы мамандықтарына тегін оқытады. Тамағы, алатын шәкіртақысы бар.
- Бұл жақсы емес пе, жастарға жағдай жасалып жатыр.
- Әрине, жақсы. Осыны көп жағдайда толтыра алмай жатқан фактілер бар.
- Жастар оқығысы келмей ме? Әлде мемлекет жастарды тарта алмай отыр ма?
- Екі жақты қарауымыз керек. Біріншіден – мектептен басталатын үгіт-насихат жұмысы аз. Жергілікті жерлерде 8-9-шы сыныптарда кәсіпкерлікке байланысты үгіт-насихат аз. Екіншіден – ата-ана бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайды. Үшінші – арнаулы кәсібін меңгергеннен кейін «жұмыссыз қаламыз ба» деген қауіп бар. Жастар тіпті оған бармайтын жағдайлар да бар.
- Одан гөрі сауда жасап күн көргісі келеді, солай ғой?
- Жастарымыз қарауыл, күзетші болып, базарда сауда-саттық жасап, арба сүйретіп, сол сияқты жеңіл кәсіпке барғысы келеді. Сондықтан да жастар жылында қалыптасып қалған үрдісті, менталитетті бұзсақ. Үгіт-насихатты мектептен бастасақ. Мектеп бітірген түлектеріміздің барлығы жоғары оқу орнын бітіру шарт емес қой. Солай емес пе? Көптеген дамыған елдерде мектеп бітірген азаматтарының 15-20 пайызының ғана жоғары білімі бар. Ал бізде керісінше, 80 пайызы жоғары білім алуғаа тырысады. Мысалы, қазір елімізде 127 оқу орнында 500 мыңға жуық азамат жұмыс жасайды. Тәуелсіздік жылдарында 2 жарым миллионға жуық азамат ЖОО-нын бітірді. Соның бәрі жұмыспен қамтылды деп айта алмаймын. 2017-ші жылдың мәліметі: 110 мың адам оқу орнын бітірді, мамандық бойынша жұмысқа орналасқаны – 7-ақ пайыз.
- Қалғандары қайда, не істеп жүр?
- Білмейміз. Статистика жоқ. Екінші үкен мәселе – статистика мәліметтерінің бұрмалануы. Есепке алу, мониторинг жасау, сараптау мәселесі жергілікті жерлерден бастап, республикалық деңгейге дейін дұрыс жолға қойылмаған. Мысалы, әр отбасы, ауыл, аудан әкімдері, олардың бөлімшелері, аппараттары, мемлекеттік қызметкерлері, басқа да штаттар бар деген сияқты. Олар ауылдағы әрбір отбасын, оның қанша баласы бар және немен айналысып жүргенін, күнкөріс деңгейін неге білмеске? Нақты мониторинг жасау бізде өте төмен.
- Нақты зерттеу жоқ.
- Төменгі жақтағылар статистикасын жоғарыға береді. Аудан – облысқа, облыс – жоғарыға беріп, статистика бұрмаланып шыға келеді. Шын мәнінде, статистиканың мәліметтері қазіргі реалды өмірге сәйкес келмейді. Жастарға тақырыбына оралсақ, ең басты проблема – жұмыссыздық. Жастардың қаптап қалаға ағылуы, кейбір ортаға түсіп кетуі, түрлі секталарға баруы – жергілікті атқарушы органдардың оларды жұмыспен қамтамасыз етуінен басталады. Егер аудан, облыс деңгейінде жергілікті жер жұмыспен қамтамасыз етсе, жастар Алматы, Астанаға ағыла ма? Астана қаласындағы жастардың 50 -60 пайызға жуығы жалдамалы пәтерде тұрады. Бәрі өңір-өңірден келген азаматтар. Олардың өмірі қалай болады? Жергілікті жерлерде оларға жұмыс беріп, дұрыс жалақы төлесе, мамандықтарымен қамтылған болса, көпшілігі қалаға келмейді.
- Сізбен өткендегі сұхбатымызда солтүстік аймақтағыларда жастарымыз көбінесе Ресейдің жоғары оқу орнына кетіп жатқанын айтып едіңіз. Жақында министр Дархан Кәлетаев мырза егер Ресейге немесе басқа шет елдерге кетіп жатса, сол елдің ұлтының азаматтары кетіп жатыр, біздің елге ешқандай қауіп төнбейді дейді. Сіз қалай ойлайсыз?
- Қәлетаев мырзамен келісемін. Тарихи отанына барамын дейтін азаматқа шектеу жоқ, оны ешкім ұстап тұра алмайды. Сондықтан да мына нәрсені ескеруіміз керек. Ресейде жоғары оқу орындарының берілетін білімі бізге қарағанда сапалы. Оны мойындауымыз керек. Екіншіден, Ресейдегі ЖОО-ның төлемақысы, шәкіртақысы бізге қарағанда анағұрлым жоғары. Және де ЖОО-ны бітіргеннен кейін жұмыспен қамту мәселесі бар. Дегенмен егер сол ЖОО-на қазақ азаматтары көптеп кететін болса – трагедия. Келешекте ол жақта қалып қоюы мүмкін. Біз оны 11 жыл оқытамыз, капитал саламыз, ал ол бізден алған білімін басқа мемлекетке барып жаратады. Бұл мәселені ажыратып алуымыз керек. Бұл жүйелі мәселелер.
- Жастардан көп жағдайда креативтілік күтіледі. Ақыл – жастан, асыл – тастан. Сіз не көргіңіз келеді?
- Жастар жылы деп бір жылдың ішінде барлық мәселені шешіп тастаймыз дегенге сенбеймін. Ол мүмкін емес. Жастар жылы деп жариялай отырып, осыған қозғау салып, жастар мәселесі қоғамда бар екенін айту керек. Жастарға биліктің, басқа да жастарды қалыптастырушы мемлекеттік ұйымдардың бетін бұрғызу – үлкен мәселе. Соның өзі жетістік деп ойлаймыз. Бір реттік қылып қалдырмай, Жастар жылында жастарды жұмыспен қамтамасыз ете алсақ, көп жағдайларды қамтамасыз ете алсақ, кәсіпке бұра алсақ, мемлекет тарапынан пәтер, жатақхана салсақ, әлеуметтік жағдайын жақсарта алсақ.
- Жалақы мәселесі бар. Жастар төмен жалақы беретін жұмысқа бармайды. Ауыр жұмысты 60-70 мың теңгеге бола істемейді. Мемлекет жалпы жалақы мәселесін көтеру керек. Адамның еңбегі тиісті дәрежеде бағалануы тиіс. Солай емес пе?
- Америкада жұмыс істеп жүрген қыздың сұхбатын оқыдым. Қазақтың әдемі қызы осында оқу бітіріп, жұмысқа кіріп, өте төмен – 70-80 мың теңгеден артық жалақы ала алмадым дейді. АҚШ-қа барып тіл үйреніп, сонда 4-5 жыл жұмыс істеп жүр. Мейрамхана бизнесінде даяшы болып өте жақсы жалақы алады екен. Сол жалақыға пәтер жалдап, қосымша мамандық алып, қаражатының біраз бөлігін әке-шешесіне жібереді. Көрдіңіз бе? Өзімізден төменгі елдерге емес, жоғары дамыған мемлекеттерге сүйене отырып, соған жетеміз деп талпынуымыз керек. Жастар жылында ең үлкен нәрсе – биліктің назарын, қоғамды жастар мәселесіне бұру. Меніңше, бұл үлкен жетістік болар еді.
Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден қараңыз. Аптаның әр жексенбісінде сағат 20:00-де КТК арнасынан "Аптап" талдау мен түйін жасайтын сараптамалық бағдарламасын қарауға асығыңыз.
Оқи отырыңыз: Инфографика: Ана. Бала. Әлеуметтік қорғау
Биылғы өзгерістер: Ипотека, мұрагерлік, сүрілетін үйлер
Апаттың алдын алмай, неге тек салдарымен күресеміз?
Гүлмира Әбіқай: Қазақтың саны көбеюіне қарсы емеспін, бірақ...