Мұрат Әбенов: Әкімдердің жылдық есебі жұлдыздардың гала-концерті сияқты
Бұған дейін шешілмеген мәселелерді жаңа Үкімет шеше ала ма? Білім, медицина саласында сапа жоқ, анау да жоқ, мынау да жоқ. Неге осыған келдік? Кризис-менеджерлерінің өзі сол кризиске тіреп отырған жоқ па? Билік өз бетімен, халық өз бетімен күн көріп жүрген сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
Үкімет қыруар ақша бөліп, оңтүстіктегі жастарды солтүстік аймақтарға апарып оқыту үшін «Серпін» деген арнайы бағдарлама қабылдаған. Оның алғашқы қарлығаштары ЖОО бітіріп шықты. Олар жұмысқа орналасты ма? Бағдарламаның болашағы қандай болмақ? Сыннан көз ашпаған саланың бірі – денсаулық. Бұл министрлік елімізге деп сатып алынған дәрінің шетелден табылған ізін жасыра ма, әлде әшкерелей ме? Тақырыпты КТК тілшісі Дәулетхан Қыдырбайұлы мен қоғам белсендісі, бұрынғы депутат Мұрат Әбенов тұздықтады.
Мұрат Әбдімәлітұлы, Үкіметте жұмыс істедіңіз, Парламенттің құрамында болдыңыз, «Нұр Отан» партиясының мүшесіз. Жақында «Нұр Отанның» съезі өтті. Жаңарған үкіметтен не күтесіз? Әлеуметтік салаға басымдық берілгені көрініп тұр. Дегенмен, бұған дейін шешілмеген мәселелерді жаңа үкімет шеше алады деуге үмітіңіз бар ма?
- Кейбіреуінің аты-жөні бізге белгілі болса да, құрамын жақсарта алғанын қарайтын болсақ, біраз өзгеріс бар. Бірінші кезекте, осы уақытқа дейін тарап кеткен үкіметте көп басшылар – сыннан шықпаған басшылар. Кеңсесінен шықпаған, орталықтан өз пікірін қалыптастырып, халықтың әл-ауқатын, қарапайым ауыл адамының жағдайын түсінбейтін басшылар болды. Өкінішті. Көп проблема содан туындады. Мысалы, қолынан келетін жақсылықты орталыққа жасап, көзбояушылықпен айналысты деуге болады. Ал ауылдағы адамдардың жағдайы төмендей берді. Қазір қордаланған мәселенің себебі де сол. Ауылда жағдай болмаған соң ауданға келеді. Ауданда тірлік жасайын десе, инфрақұрылым жасалмаған. Білім сапасы нашар, денсаулық сақтау сапасы нашар! Міне, кеше барлығы мойындады. Барлығы нашар болғаннан кейін облысқа келеді. Жұмыс жоқ, болашағы белгісіз.
Сіз сол құрамда істедіңіз. Неге осындай жоққа келдік? Білім, медицина саласында сапа жоқ, анау да, мынау да – жоқ. Жеті жоқтың бәрі жоқ. Неге осыған келдік?
- Өз ойым. Өңірлердегі жағдайды білмей, шешім қабылдаған, соның салдары бұл. Мысалы, Бердібек Сапарбаев Қызылордада ең қиын кезде жұмыс істеді. Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының жағдайы қиын кезде жұмыс істеп келді. Өңірлердің ахуалын, қарапайым халықтың жағдайын біледі, ауылдарды аралаған. Білім саласын басқаруға Шәмшидинова Күләш келді. Ол ауыл мектебінен бастап, Талдықорғанда жұмыс істеді. Кейінірек қызметі өсіп министрлікте, сосын Назарбаев мектебінде жұмыс жасады. Ол кісінің министрлікке келгеніне қуанамын. Назарбаев мектептің тәжірибесін бұрынғы басшылар сияқты емес, пайымдап, бірте-бірте іске асырды.
«Нұр Отан» партиясының съезінде әлеуметтік мәселеге басымдық берілді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында да, жаңа Үкімет құрамына да нақты тапсырмалар, мақсаттар және міндеттер қойылды. Ал енді әлеуметтік саланың іші тек көп балалы аналар емес қой.
- Осыған дейін әлеуметтік сала министрлерінің бірде-біреуі халықтың алдына барып сөйлей алмайтын. Білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала басшылары қарапайым жұртпен қазақ тілде жағдайын сұрап, жұбатып, түсінбей жатса, түсіндіріп, ең болмағанда, «қолымнан келмейді қазір, жағдайым болмай жатыр» десе, мүмкін проблемалар басқаша шешілер ме еді.
Үкімет басшысын да, мейлі әкімдерді тағайындайық, қайсысы келсе, іс басына апарып қоямыз, міне, кризис-менеджер деп. Кризис-менеджерлерінің өзі сол кризиске тіреп отырған жоқ па? Бұл не деген сөз? Бұл мамандардың қолынан іс келмейді деген сөз бе?
- Мүмкін қалыптасқан бір мемлекеттік көзқарас жоқ шығар. Ойға келмейтін ұсыныстар жасайды. Мысалы, ата-анасынан рұқсат сұрамай, 16 жастағы қыздарға ертерек түсік жасау. Шетелдік компаниялардың дәрілерді біздің азаматтарға тәжірибеден өткізу – зиян. Дәрі-дәрмектер, ауру-сырқаудың көбеюі, менингит, қызылша ауруы... Сөйте тұра, халықаралық дәрежеде конференция өткізуге құмар. Халық арасында небір аурулар шығып жатыр. Дәрігерлердің көмегін аламын деп барып, денсаулығына зиян тигізіп, қанша адамдар қайтыс болып жатыр. Мен министр есебінде кешірім сұраймын деп неге айтпайды? Дәрігерлер қателескенін мойындамайды. «Өзі ауырып келген, біздің айтқанымызды істемеді» дейді. Жақында бір әйел перзентханада жатқанда дәрігерді жарты сағат бойы шақырған, олар келмеген. Дәлізде босанып жатыр. «Өзі айыпты, неге қаттырақ айқайлап шақырмады» деген. Бізге халықтың жағдайын ойлайтын мемлекетшіл азаматтар қажет. Өткенде «айлық көтеруіміз керек, сосын дәрігерлерді айыптамайтын, соттамайтын, бізді тексермейтін заң қабылдауымыз керек» деді.
Яғни, жауапкершіліктен қашып тұр ғой?
- Дәл солай! Мысалы, «дәрі-дәрмекті бір ортадан сатып алуымыз керек, өйтпесек, өңірлерді жемқорлық жайлайды» деді. Енді байқап отырмыз, дәріміз халықтың қолына жетпей, шетелден қымбатын алып келді.
Ал Өзбекстан дәріханаларында біздің дәрілеріміз саудаға шығып жатыр. «Қазақстанға арнайы жасалып жатыр» деген жазуымен арзан бағамен шығарылады. Бұл нені көрсетеді? Міне, бақылауды не үшін алдыңыздар? Қымбат жасау үшін бе?
- Алдағы уақытта проблема болса, осы денсаулық сақтау саласынан шығады. Келесі жылдан бастап үлкен реформалар басталады. Реформаға дайынбыз ба? Көп балалы аналарға қатысты туындаған пробемадан соң әлеуметтік саланы қарадық. Енді денсаулық саласын да қарауымыз керек шығар. Білім саласында да қазір көңіл бөлетін мәселе бар. Мен ұйымдастырып жүрген «Серпін» бағдарламасын алайық. Үкімет, білім саласы, өңірлерден, әкімдер тарапынан қолдау жоқ. Оңтүстіктен балаларды апардық.Ол кезде Үкімет үй алып беруге уәде берді.
Нақты қай облыстарда?
- Барлық. Солтүстік Қазақстан, Павлодар облысы, Қостанай облысы. Былтыр 950 бала оқу бітірді. Қазір 500-і жұмыссыз жүр. Биыл 4500 бала оқу бітірмек. Ректорлар оның 1500-не «қол қойыңдар, жұмысқа аламын» деп өтірік айтады. Себебі, ректорлар келесі жылға тағы грант алғысы келеді.
Бірақ оның жұмысы жоқ па?
- Жұмысы жоқ. Ондай болса, балаларымызды қайтарыңдар. Мен айтайын деп едім, былтыр, биыл оқу бітірген балаларды мәжбүрлеп қалдыруға ешқандай заң жоқ. Жұмыс тауып беріңдер, болмаса жастарды қайтарыңдар. Бірақ әкімдер оған жағдай жасамайды.
«Нұр Отан» съезінде Елбасы облыс әкімдері жылдық есебін, былайша айтқанда, формальді түрде береді деді. Билік өз бетімен, халық өз бетімен күн көріп жүрген сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
- Бұрындары облыс басқаруға тәжірибелі адам баратын. Халықпен араласа білетін, халықтан қорықпайтын, халық тілінде сөйлейтін. Қазір тәжірибелі әкімдер өте аз. Әкімдердің жылдық есебі эстрада жұлдызының жылына беретін бір рет концерті сияқты. Соның өзінде фанерамен. Фанаттарын жинап алып, қол шапалақтатқызып қояды.
Сырттан келген халықты кіргізбейді.
- Сырттан келген халықты кіргізбейді. Олар жұлдыз болды.
Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден қараңыз. Аптаның әр жексенбісінде сағат 20:00-де КТК арнасынан "Аптап" талдау мен түйін жасайтын сараптамалық бағдарламасын қарауға асығыңыз.
Оқи отырыңыз: Үйіңізде газ бар ма? Ендеше оқыңыз!
Мұрат Бақтиярұлы: Мемлекет жалпы жалақы мәселесін көтеруі тиіс
Инфографика: Ана. Бала. Әлеуметтік қорғау