{metadescription}
Ауылға бөлінген қаржы неге ысырап болып жатыр?

Ауылға бөлінген қаржы неге ысырап болып жатыр?

Үкімет ауыл тұрғындарына қандай көмек көрсетеді? Мысалы, атаулы әлеуметтік көмекті есептегенде мамандар қорадағы бір сиырдың қысыр екеніне қарамастан айына 16 мың теңге, 1 қой – 2,5 мың теңге, 1 тауық – 400 теңге табыс әкеледі деп есептейді. Сөйтіп, өз жанын бағып отырғандар атаулы әлеуметтік көмектен қағылады. Ал мал бақпай, шөп басын сындырмай, үкіметке телміргендер әлеуметтік көмек алатын болғаны ма?  

Аталмыш тақырыпты КТК тілшісі Дәулетхан Қыдырбайұлы мен Мәжіліс депутаты, Нұртай Сабильянов тұздықтады.

- Нұртай Салихұлы, жақында өңір аралап, сайлаушылармен кездесіп қайттыңыз. Ауылдағы қазір ең күйіп тұрған күрделі мәселе қандай?

- Шығыс Қазақстан облысының  30-ға жуық елді-мекенінде халықпен кездесу өткіздік. Ең көп көтеретін мәселе – атаулы әлеуметтік көмек. Көп балалы аналар, тұрмысы төмен отбасылар қазір көп құжат жинауы керек. Сосын отбасылық жиынтық табысын есептейді. Оған отбасындағы студенттің шәкіртақысын, мүмкіндігі шектеулі азаматтың жәрдемақысы мен көп балалы отбасының да жәрдемақысын кіргізеді. Сонымен қатар қосалқы шаруашылық бар болса, табыс алынатын өнімдері де кіреді.

- Ол табыс көз ретінде санала ма?

- Иә, табыс көзі ретінде саналып отыр. Осы мәселелердің бәрі айналып келгенде халықтың наразылығын тудырды.

- Қосалқы шаруашылықтардың табыс көзі ретінде саналуына өзіңіздің көзқарасыңыз қандай? Экономистсіз, жалпы осы саланы әбден зерттедіңіз ғой.

- Иә, жеке қосалқы шаруашылықтан алынған өнімдері деп есептеледі, бірақ ол жерде ауыл тұрғындары табыс тауып жатқан жоқ, яғни нақты кіріс жоқ. Өйткені ол малын бағуға, жем-шөбіне қаражаты кетеді.

Бірақ,  белгіленген ережеге сәйкес бір сиыр айына 16 мың теңге береді, бір қой 6 мың теңге, бір тауық 1000 теңге береді деп жиынтығын есептеп шығарғанда жаңағы белгіленген мөлшерден асып кеткен соң, көптеген отбасылар жәрдемақыны ала алмайды. Сондықтан «Нұр Отан» партиясының 18-ші съезінде Елбасы атаулы әлеуметтік көмекті көрсетуге байланысты жағдайды жақсарту туралы тапсырма берді. Осыған байланысты Парламент мәжілісінде мемлекеттік атаулы көмек  туралы заңға өзгерістер мен толықтандыру енгізілді. Енді отбасылық жиынтық табысына жәкіртақы алып отырған студенттер, мүмкіндігі шектеулі балалары, яғни мүгедектігі бар балаларға берілетін жәрдемақы мен көп балалы отбасылардың алып отырған жәрдемақысы енгізілмейді.  

- Ірі қалаларда, облыс орталықтарында баспанамен қамтамасыз ету мәселесі шешілген. Ал енді аудан орталықтарында, ауылдарда аталмыш мәселе қалай шешіліп жатыр?

- Тұрғындардың да ең көп көтеретін мәселесі – баспанамен қамтамасыз ету.  Баспанаға, тұрғын үйге мұқтаж жандар өте көп. Тек Алматы, Астана, Шымкент қалаларында немесе облыс орталықтарында ғана емес, аудан орталықтарында, шалғайдағы ауылдарда да бар. Кейбір аудан орталықтарында 700 мыңға дейін адам кезекте тұр.

- Бірақ ол жерде үй салынбайды.

- Иә, үй салынбай жатыр. Үй салуға ұсыныстар берілген жоқ. Мысалға, Шығыс Қазақстандағы Аягөз ауданы ең үлкен аудандардың  бірі. 27 жылдың ішінде аудан орталығында, ауылдарда мемлекет есебінен бірде-бір жаңа үй де, көп қабатты үй де салынған жоқ. Ал енді ол үйлер болмаса, тұрғын үй тізімінде тұрған азаматтардың кезегі жылжымайды ғой. Қазір көп балалы отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз  ету үшін яғни, жалға берілетін үйді салу үшін бюджетті нақтылау кезінде 50 миллиард теңге қаралып отыр.

- Ал кейбір ауылдарда тіпті мектеп те, емхана да жоқ, тұрғындар  көрші ауылға баруға мәжбүр.

- Өңірлерді аралаған кезде көтерілген табы бір мәселе – ауылды, мекемелерді сумен жабдықтау. Сонымен қатар жергілікті жолдарды жөндеу. Елбасының тапсырмасына сәйкес қазір осы екі бағытқа қосымша қаражат бөлініп жатыр. Қаралып жатқан республикалық бюджетте жергілікті жолдарды жөндеуге 25 миллиард, ал ауыз сумен қамтамасыз етуге тағы да 15 миллиард қосымша бөлінуде. Бұл да үлкен қолдау. Оның алдында да қаражат бөлінген. Сол қаржы тиімді жұмсалатын болса, көптеген мәселені шешуге болады.

- Аудан мен ауылдарды өзіңіз көріп жүрсіз. Аудан мен ауыл ішіндегі жолдар қазақша айтқанда, «ит шайнаған» жағдайға жеткен. Тіпті соқпа жолдарға айналған. Ал екінші мәселе – соңғы 10-15 жылдан бері қарай ауылдарға су тарту керек деп, «Ақ бұлақ», «Ауыз су» тағы басқа көптеген бағдарламалар қабылданды. Миллиардтаған ақша жұмсалып келді. Сіздің әңгімеңізге қарағанда ауылдар әлі күнге дейін сумен қамтамасыз етілмеген. Бұл жерде қандай мәселе бар? Не кедергі? Айталық, Кеңес заманында салыстырмалы түрде айтатын болсақ, барлық ауылда су болды. Ал қазір ауыл көбейіп кеткен жоқ, тіпті кеміді десек те болады. Неге біз осы уақытқа дейін ауылдарды сумен қамтамасыз ете алмай отырмыз?

- 2017-ші жылы Парламент мәжілісінде елді-мекендерді сумен жабдықтауға байланысты парламенттік тыңдау болды. Сонда бүкіл Қазақстандағы барлық елді-мекендерді қандай сумен жабдықтау, қандай дәрежеде екеніне талдау жасадық. Талдау жасағаннан кейін Үкіметке ұсыныс жасап, қосымша қаражат бөліну керек, жобалық құжаттар жасау керек және де басқа да заңға байланысты нормаларды қабылдау керек екендігін айттық. Өзіміз де заңға өзгерістер мен толықтандыру енгіздік. Елбасы ауылдық елді-мекендерді сумен қамтамасыз етуге былтыр қосымша 100 миллиард бөлуді тапсырған. Ал биыл 15 миллиард теңге қосымша қаралып отыр.

 

 

- Биыл – 15 миллиард теңге, былтырғы 100 миллиардтың сұрауы болды ма?

- Үкіметтің есебі болған кезде біз оны тағы да талқылаймыз. Қандай ауылдарға жұмсады? Сапасы болды ма? Тиімді жұмсалды ма? Үкімет жылда есебін мамыр айында Парламентке береді. Сол кезде жалпы талқыланып, қаралады.

- Әр салаға, суға деп, жолға деп қыруар ақша бөлініп жатыр. Үстінен бақылау жүргізетін құзырлы мекемелер бар. Қоғамдық ұйым ретінде «Нұр Отан» партиясының мүшесісіз. Елбасы «Нұр Отан» партиясына және депутаттарға жүктейді. Қаржының ысырап болып орындалмай жатқаны бақылаудың тиімсіздігінен емес пе?

- Жалпы қаражат бөлініп жатыр.

- Қаражат бөлінуге ешқандай бізде сұрақ жоқ. Қаржы таппай жүрсек бір сәрі.

- Қаражат бар, қаржы бар. Ең басты мәселе – Астанадан бөлінген қаражаттың ауылға дейін жетуі. Міне, қазір осындай мәселе болып тұр.

- Жетіп жатыр ма?

- Қазіргі кезде толық жетпей жатыр.

- Қаржы қайда қалып жатыр, қайта түсіп жатыр?

- Мемлекеттік сатып алу дейді. Тендер өткізеді. Ол жерде әрбірінің өз мүддесі бар. Мысалы, атқарушы органдардың біреуі 5 пайыз алса, енді бірі 10 пайыз сұрайды. Жасыратын ештеңесі жоқ, барлық өңірде бар. Бізге бөгет болып отырған – жемқорлық. Жемқорлықтан арылсақ, мемлекеттен бөліп жатқан қаражатты толық барлық жерге жеткізуге болады. Мүмкіндік бар. Бірақ әр сатыда кедергілер кездесуде. Ұстап қалатын, алып қалатын қолдар  бар. Сондықтан «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды қайта қарап,  біліктілік жайлы мердігерлерге қойылатын талапты қазір күшейтіп тастадық.Ең бастысы – атқарушы органдар. Әкімдердің жауапкершілігі болу керек, олар таза болу керек. Олар жеке мүддесін көздемей, халыққа жұмыс істеуі керек. Сонда ғана бар мәселе шешіледі.

- Жергілікті әкімдер таза болу керек дейсіз. Бұл жалпы мемлекеттік қызметкерге қойылатын талап қой. Тағы бірнәрсе, жергілікті әкімдерге, ауыл әкімдеріне дейін өзіне жеке бюджет бөліп болды. Бұл жаңағы сіз айтып отырған күдікті одан сайын көбейтпей ме? Жемқорлыққа жол бермей ме? Бұрын орталықтан белгіленетін еді, енді өзінің ақшасы, қазынасы, қоржыны бар.  Енді не істеймін десе де өзі біледі ғой.

- Былтырдан бастап 2 мың халқы бар ауылдық мекендерге дербес бюджет енгізілді. Бір жыл өтті, жаңағы жұмыс жүргізіліп жатыр.Оның жақсы тұстары да бар. Қазір сол бюджетке ауылдағы көліктің, жер салығы, мүлік салығы бар, халық өзі көреді, өзі бөлуге мүмкіндігі бар. Ауыл ішіндегі жолдарды жөндеуге ме, электр жарығымен қамтамасыз етуге ме, қайда жұмсағысы келса өздері шешеді. Біз қазір нормалар қабылдаймыз. Бірге отырып бөліп, қаржының жұмсалып, бақылауын да халық жүргізіп отырады.

- Ауылдық кәсіпкерлерді айтқан кезде,ауылдың дені кәсіпкерлікпен айналысса дейміз. Шарушылық ашсын, шаруа қожалықтарын ашсын, мейлі, жер игерсін. Бірақ ол жеке бір қожалық болсын, экономикалық тұрғыдан мемлекетке пайдасы тисін дейміз. Жұрттың бәрі кәсіпкер бола алмайды ғой. Ал бізде мемлекеттік саясат – үлкен. Кәдімгідей үкімет тарапынан ақша бөлініп отыр, кәсіпкерлікке үйрету, оқытуға. Осы қаншалықты тиімді? Сіздер де ауыл аралап көріп жүрсіздер, олардың бәрі кәсіпкер болып кете алды ма?

- «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлікті оқытуға қаражат бөлініп,ол қазір жүзеге асырылып жатыр. Жылына 20-30 мың адам оқытылады. Олардың бәрі жұмыс істеп жатыр ма? Міне, мәселе осында. Сондықтан әр азаматқа өз қабілетіне қарай жұмыс істеуіне жеңілдетілген несие берілгені тиімдірек. Ал беріліп жатқан несие барлығына жетіп жатқан жоқ. Оның көлемін көбейту керек.

- Оны былтыр мемлекет басшысы да айтты.

Көлемі көбейтілсе, әр ауылда несие аламын деген азаматқа мүмкіндік жасалса, онда азаматтардың өзі-ақ кәсіпкерлікпен айналысады немесе шаруа қожалығын құрады.

- Бұл жерде не кедергі? Мемлекет тарапынан қаржы бөліп оқытты. Енді несиені ал да, шаруаңды жаса. Бірақ несиені алып, шаруаны жасайтын қабілеті болмай тұр ғой деймін.

- Мысалы, үш айлық курсқа барып оқиды. Ол жерден толық мәлімет ала ма? Қалай оқытады? Оған ешкім баға беріп жатқан жоқ. Әйтеуір  оқыды деген сертификат береді. Ары қарай ол жұмыспен қамтылып жатыр ма, оған назар аударып жатқан жоқ.

Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден қараңыз. Аптаның әр жексенбісінде сағат 20:00-де КТК арнасынан "Аптап" талдау мен түйін жасайтын сараптамалық бағдарламасын қарауға асығыңыз.

Оқи отырыңыз: Биыл 500-ден астам елді-мекен су астында қалуы мүмкін 

Азаматхан Әміртай: Әлемдік ұйым Қазақстанға миллиардтаған айыппұл салуы мүмкін

Мұрат Әбенов: Әкімдердің жылдық есебі жұлдыздардың гала-концерті сияқты 

Мұрат Бақтиярұлы: Мемлекет жалпы жалақы мәселесін көтеруі тиіс 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде