{metadescription}
Әділ Ахметов: Билікті бейбіт жолмен тапсыру біздің өркениетті ел екенімізді көрсетті

Әділ Ахметов: Билікті бейбіт жолмен тапсыру біздің өркениетті ел екенімізді көрсетті

Еліміздегі саяси оқиғаны әркім сан-саққа жүгіртуде.Президенттік өкілеттіліктің тоқтатылуы туралы мәлімдеме тосыннан болды ма? Тоқаев мырза осы қызметке лайық па? Неге ашық сайлау түрінде өтпеді? Билік басына дипломат келгеннен кейін  еліміздің сыртқы саясаты өзгеруі мүмкін бе?

Тақырыпты КТК тілшісі Дәулетхан Қыдырбайұлы мен белгілі саясаткер, кәсіби дипломат, академик Әділ Ахметов тұздықтайды.

- Әділ Құрманжанұлы, елімізде болған соңғы саяси оқиғаға байланысты өзіңізді әрі дипломат, әрі мықты саясаткер ретінде бүгін бір сөзге тартуды жөн көріп отырмыз. Саяси оқиғаны әртүрлі талқылап, әркім сан-саққа жүгіртуде. Жалпы халық күткен, бірақ дегенмен де тосын оқиға болды. Неге?

Оның өзінің астары бар. Елбасы бұл қызметінде, лауазымында 30 жылға жуық болды. Өзі айтқандай: «30 жыл ел басқарып келе жатырмын, халқымның артқан сенімін арқалап келе жатырмын, қолдан келгеннің бәрін жасадық, халқыммен бірге көп дүниелерді іске асырдық. Енді, міне, уақыт келді, лауазымымды тапсырғым келеді». Аспай-саспай, байсалды айтты. Үндеуді бастан-аяқ тыңдадым. Байқағаным, ол тосыннан болған жағдай емес.  Президент мұндай шешімге ойланып, толғанып, жеті рет пішіп, бір рет кесіп келген. Өйткені сөзі өте салиқалы. Мәселені біз көзімізді ашып айтуымыз керек. Қанша жақсылық жасасаң да біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Бірі жақсы дейді, екіншісі жаман дейді. Бірақ кімнің аузына қақпақ боласың? Сондықтан абырой-атақтың бар кезінде жаңа ұрпаққа билікті өткізіп бергені – ойланып, толғанып жасалған  шешім. Солай деп бағалауымыз керек, түсінуіміз керек. Билік ешкімге жабысып қалған жоқ. Әр нәрсенің шегі болады. Билік басқа елдердегідей емес, бейбіт жолмен, заңмен сәйкес ұласып отыру керек. Біз соны көрсеттік. Біздің ел осыны байқады. Бұл тек бүгінгі президенттер үшін үлгі емес, келешек президенттер үшін де үлкен дара жол, үлгі көрсеттік деп айтуымызға болады. Әлемдік үлгі деп айтуымыз керек.

- Қазақстан Республикасының – тәуелсіз елдің тарихында тұңғыш рет екінші президент сайланып емес, тағайындалуымен келді. Жаңа президентке қатысты көзқарасыңыз, пікіріңіз қандай? Сіз де дипломатсыз, ол кісі де дипломат. Бүкіл әлемдік деңгейде мойындалған дипломат.

Президент өз Үндеуінде осы жұмысқа ең лайықты – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев деп ашық айтты. Шындығында да солай. Елдің ішкі саясатын да, сыртқы саясатын да жақсы білетін, қай жағынан алсаңыз да ең ыңғайлы кандидатура екеніне сөз жоқ. Ал екіншіден, биліктің тізгінін Қасым-Жомарт Кемелұлына – әлемдік деңгейдегі дипломат ретінде, үлкен саясаткер, қайраткер ретінде тапсырып отыр. Конституциялық  заңға сәйкес келіп отыр. Егер де президент ауысатын болса, билік тізгінін кімге ұсынады? Сенаттың төрағасына ұсынады. Бұл жерде біздің конституциялық заңымыз толығымен іске асты. Осы тұрғыда тек келешек ұрпақтар үшін үлгі ғана емес, төңірегіміздегі басқа елдер үшін де үлгі. Билікті бейбіт жолмен тапсыру бізді өркениет ел екенімізді көрсетті. Бұл зайырлы мемлекет болып қалыптасқанымыздың  бір көрінісі.

- Осында мынадай мәселе болып тұр. Мысалы, президент өзінің  мәлімдемесінде келесі президенттің екінші – өзінен кейінгі президенттің кім екенін ашық айтты. Өзіңіз айтқандай, Тоқаев мырза осы қызметке лайық деп. Ал бұны неге ашық сайлау түрінде жасамады?

Оның лауазымы, мандаты әлі таусылған жоқ қой. Өз еркімен билікті беріп отыр, Тоқаев қалған уақытта президент болады. 2020 жылы кезекті президент сайлауы өтеді. Ол кезде шындығында халық дауыс беріп жаңа президент сайлайды. Ал ол жерде кім болатынын біз енді көріпкел емеспіз, оны айтпаймыз ғой. Мүмкін, осы кісі ары қарай жалғастырып кетуі мүмкін. Өйткені бізге елдің тыныштығы керек. Білгір, білімді, білікті, жан-жақты адам болуы керек. Мысалы, БҰҰ-ның Бас хатшысының Женевадағы  бөлімшесінің директоры болды ғой. Солай ма? Тоғыз кітаптың авторы. Дипломатия саласында өте үлкен тәжірибе жинақтаған. Оқуын бітірердің алдында Қытайдан тағылымдамадан өткен. Женевада ол кісі кімді ауыстырды? Сол жердегі ееңсені  басқаратын орыстың үлкен дипломаты біздің еліміз үшін үлкен мәртебе емес пе? Сондықтан әлемдік деңгейі тұрғысынан қарасаң да, ішкі еліміздегі қызметіне байланысты 10 жылдай сыртқы істер министрлігін басқарды. Кейде арасында мемлекеттік хатшылық жұмысты да қатар алып жүргді. Премьер-министр болды. Мінекей,  осылардың барлығынан ысылған өте таза адам.

- Бұған дейінгі сыртқы саясатымыз белгілі. Мысалы, көпвекторлы саясат. Билік басына дипломат келгеннен кейін  еліміздің сыртқы саясаты өзгеруі мүмкін бе?

Ешқандай өзгермейді. Өйткені Тоқаев Елбасының қасында жүріп  сыртқы саясатты қалыптастыруға  ат салысқан азамат. Сондықтан сыртқы саясатымыз осы бағытпен өрбиді. Қаншама елде елшіліктер ашылып, қаншама жаңа елшілер тағайындалып жатыр. Бұрын әкімдерден де тағайындалатын, қазір олай емес. Қай елге барса, сол елдің тілін білетін кәсіби елшілер тағайындалып жатыр. Оның үстіне қазір саясат кішкене өзгерді. Бұрын елшілік қызметтің мақсаты, мүддесі бөлек болатын. Қазір инвестиция тарту бірінші орында тұр. Экономикалық мәселелер алға шығып жатыр. Міне, сондай жұмыстармен айналысу үшін қазір жаңа министр тағайындалды. Мақсат, мүддесі белгілі. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы осы бағыттан айырылмайды. Бұрынғы бізде қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың бәрін іске асырып, аяғына дейін жеткізетін үлкен тұлға.

Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден қараңыз. Аптаның әр жексенбісінде сағат 20:00-де КТК арнасынан "Аптап" талдау мен түйін жасайтын сараптамалық бағдарламасын қарауға асығыңыз.

Оқи отырыңыз: Қазақ халқының ойын-сауығының мағынасын білесіз бе? 
Ұтқыр шешім. Табанды еңбек. Сындарлы саясат 

Ауылға бөлінген қаржы неге ысырап болып жатыр? 

Қазақ – қызды аса аялаған, күткен халық 

Кеше

23 қараша

22 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде