{metadescription}
Елеусіз қалдырма: Естен кетпейтін үрейлі түстер

Елеусіз қалдырма: Естен кетпейтін үрейлі түстер

Адамға жәйдан-жәй түс кірмейді. Кейде көрген түсің күні бойы есіңнен шықпай, көңіліңе секем алып, мазаңды қашырады. Бірақ түсті қалай жоруды  білмей басың қатады. Кейбір түс басыңа төнген қауіп-қатерді ескертсе, ал кейбір түс өмірде орындалып жатады екен. Ендеше қандай түсті ескерусіз қалдырмау керек?

Құлдилап құлау

Көп адамдар бала кезінде түсінде қалықтап ұшып жүргенін көреді. Ал есейген сайын төменге құлап бара жатқан түсті жиі көресің. Психолог Иэн Уоллестің айтуынша, түсінде төменге құлдилап құлаған адамға мұндай түс өмірін бақылауды уысынан шығарып алам-ау деген қорқыныштан кіреді екен.

Өміріңде бір нәрсені бақылауға ендігәрі шамаң жетпейді.  Бәлкім, сіз күтпеген өзгерістер болады. Сол себепті ештемеге дайын емес болғандықтан есіңіз шығып, күйзелісті бастан кешіресіз.  

Ойлан, өмірдің қай саласы (жұмыс, қарым-қатынас, қаржы, денсаулық) сенің бақылауыңнан шығып барады? Қайсысын жиі ойлап, мазаң кетіп жүр?

Кейбір ғалымдар түсіңде құлағанды жәй физиологиямен түсіндіреді. Денең ұйқыға кете бастағанда жүйке жүйең тынышталып, қан қысымы мен жүрек соғысы төмендейді. Сонда ми тынышталып, (әсіресе күні бойы миға ауыр алмақ түссе)  түсті қауіп төнді деп қабылдағандықтан шошып оянамыз.

Тістің түсуі, жарақат алу, ажал

Негізінде тіс — біздің қаруымыз, ол күштің белгісі, әлемді «қыршып» алатын қабілетіміз. Демек өмірде сен өзіңді әлсіз, қорғансыз сезіндің. Бұл туралы  психолог Пенни Пирс жазады. Ал көп жыл бойы түсті зерттеумен айналысып жүрген Патриция Гарфилд  түсіңде тістің түскенін іштегі бұғып жатқан ашу-ызаны  білдіреді дейді. Ашуымызды басқанда әдетте тістеніп аламыз. Солай емес пе? Бұдан соң тісімізді шықырлатып, жағымыз қарыса жаздайды. Бұндай түс ішіңдегі жаман ниеттеріңді, ашуыңды шығар деген белгі екен.

Емтиханнан құлап немесе жұрт алдында (сахнада) масқара болсаң


Емтихан билетін алып, бірде-бір сұрақтың жауабын білмейтініңді түсіндің. Немесе үлкен аудитория алдына шығып, айтарға сөз таппай сасқалақтайсың. Бұндай түсті көрмеген адам кемде-кем.  Аталмыш түс оқушы, студенттер ғана емес, үлкен жасқа келгендер де кіреді. Демек, ұйықтар алдында бір нәрсеге күйзеліп, қатты уайымдағаның. Мұндай жағдайда жақсылап тынығып алған жөн.

 Қолайсыз киім немесе жалаңаш жүрсең

 Жұрт алдында немесе қоғамдық орында ұсқынсыз кейпіңмен (кейде тіпті тыр-жалаңаш) жүрсің. Осындай түс көргенде қандай әсерде болдың? Ұяттан жарылып кете жаздадың ба?

 «Демек өмірде ұялшақсың, осал тұсың көп. Жаңа қызметте немесе басқа жерде, қарым-қатынаста өзіңнің кемшілігіңді біліп қоя ма деп қысыласың», — дейді психолог Иэн Уоллес. Бірақ мұндай түс көргенде ұятты сезбесең, керісінше, ерекшемін деп ойласаң, онда саған өмірде мақтау жетіспейді. Таңырқатуға, қошаметке зәрусің. Жұрттың сені танығанын қалайсың.

Егер жақында бір маңызды іс-шара болғанын күтіп жүрсең, ал түсіңде сол шарада танысың ұсқынсыз киіммен жүрсең, онда аталмыш іс-шараға күдікпен қара. Мысалы, қалыңдық ұзату тойының алдында болашақ жарын клоунның костюмімен көрсе, демек...

Артыңнан қуып келе жатса...

Бұндай түстің бірқатар мағынасы бар. «Жанжалды, проблеманы шешпей, одан өзін аулақ ұстайтын адамдар осындай түсті жиі көреді», - дейді түс саласының маманы Лаури Левенберг.

Қыр соңыңнан қалмайтын адамға назар аудар.  Ол — сенің артыңнан қалмай келе жатқан жағымсыз жағдай, жаман сезім. Оны есіңе алғың келмейді, сенің тәуелділігің немесе қарызың болуы мүмкін.

Таныс адамың қыр соңыңнан қалмай ма? Ендеше ойлан, оны кіммен және немен байланыстырасың. Түсіңде ол тап сол адам болмауы мүмкін, ол саған белгісіз басқа адам немесе мойындамай жүрген жеке тұлғаңның бір бөлшегі, өзіңнің талантың немесе талпынысың болуы мүмкін.

Апат, зілзала немесе ақырзаман

Ауыр зардаптарға әкеп соқтыратын апаттар  — зілзала, өрт, жарылыс және т.б. — әркімнің өмірінде бір рет болса да түсіне кіреді.  Бұндай түс көргенде біз өз өмірімізді ғана емес, сонымен бірге жақындарымызды ажалдан арашалап, дүние-мүлкімізді сақтауға ұмтыламыз. Ол – бақылаудан шығарып алған жеке проблемамызды білдіреді. Сондай-ақ, өмірде төнуі мүмкін қауіп-қатер. Оған қоса БАҚ-да күн сайын беріліп жатқан терактілер туралы небір ақпараттар легі де түске кіруге ықпалын тигізеді.    

Кейде түсіңде қатты айқайлағың келеді, бірақ дыбысың шықпай мысың құриды. Психологтар бұны түс дәрменсіздігі (паралич)  дейді. Түстің жылдам фазасында миымыз денемізді тыныш жатсын деп қатырып тастайды. Неге? Әйтпесе түс көрген адам тұрып, жүріп кетуі, қолын ербеңдетіп, тепкіленіп, қимыл-әрекет жасауы мүмкін. Түс дәрменсіздігін басынан кешіретін адам түстің жылдам фазасының алдында оянып,  ұйқылы-ояу күйде болады. Ондай кезде адам не қозғала, не сөйлей алмай, кейді тіпті демала алмай қалады.

Бұзылған техника немесе көлік

Түсіңде бір техниканы меңгермек боласың, бірақ ол көз алдыңда сынып қалады. Мысалы, телефонмен сөйлесе алмай қатты ашуланасың. Психолог  Патриция Гарфилдтың пікірінше, бұндай түс көбінесе әйелдерге кіреді. Ол біреумен эмоционалдық байланыстың үзілгені немесе нашар қарым-қатынасқа бола уайымдаудың салдарынан. Және де аталмыш түстің қатарына бұзылған көлікті кіргізуге болады.  Демек, саған қолдау жетіспейді. Қамқорлыққа зәрусің. Басыңа түскен ауыртпашылықты еңсеруге көмек беретін жақыныңның жоқтығы.

Жүктілік

Бір қызығы, бұндай түс ер адамдарға да кіреді. «Түсіңдегі жүктілік сенің ішіңде дамып келе жатқан жаңашылдық», —  деп санайды психолог Дэвид Бедрик. Түйсігіңмен мықты жобаны «дүниеге әкелгің» келеді. Ол әңгіме жазу, үй жөндеу және т.б. болуы мүмкін. Демек, алдыңа мақсат қойып, білегіңді түріп жаңа дүниеге кірісуің керек. Бұндай түс көрсең, егер сен жүкті болмасаң, онда  бойыңда қалтарыста жатқан талантыңды, щеберлігіңді оят. Оны жылдам жүзеге асыруға тиіссің.

Кешігу

Жүйткіген көліктің (аррбаның, пойыздың) артынан жүгіріп келесің немесе бір кездесуге кешігіп барасың — жиі кіретін түстердің бірі. Ғалым Майкл Р. Олсеннің айтуынша, ол адам өміріндегі маңызды нәрсені жіберіп аламын ба деген үрей. Егер өмірде әрдайым жұмысбасты болып, бала-шағаңа және т.б. нәрсеге көңіл бөле алмай жүрсең, осындай түс кіреді. Демек күн тәртібін қайта қарап, назарыңнан тыс қалған маңызды дүниеге көңіл бөл.

Бейтаныс бөлме

Бейтаныс ғимарат, бөлме — өзіндік таным. Егер түсіңде жат үйге келсең, демек сен өз болмысыңды әлі толық білмегенің, кейбір мінезіңді мойындамағаның. Бөлек бейтаныс бөлме түсіңе кірсе, онда жасырын талантың немесе әлі жүзеге асырмаған мүмкіндігің бар.

Психотерапевт Эдди Траверс  кейбір бөтен бөлмелер біздің түйсігімізде белгілі бір процестермен байланысты екенін айтады. Ас үй — азық-түлікті тағамға айналдыратын жер. Демек, сен қазір ішіңнен бір өзгеріске алаңдап жүргенің. Әжетхана — артық нәрседен арылу. Саған қажетсіз дүниелерден арылатын кез келді. Шомылатын бөлме — тазару. Демек, көкірегің ояу, көңілің ашық болатын кез туды. Әр нәрсені зерделеп, түсініксіз жағдайға жаңа көзқараспен қара. Ұйықтайтын бөлме ғашық адамыңмен қарым-қатынас сені толғандырады дегенді білдіреді.

Оқи отырыңыз: Ішім сезіп тұр: Түйсігімізді алдайтын 8 жағдай 

Әділ Ахметов: Билікті бейбіт жолмен тапсыру біздің өркениетті ел екенімізді көрсетті 

Қазақ халқының ойын-сауығының мағынасын білесіз бе? 

Астық араласқан қазақ тағамдары 

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.