Балаңыз балабақшаға баруға дайын ба?
Балаңызды балабақшаға бермек ойыңыз бар ма? Оның бөгде ортаға қанша уақытта үйренетінін білгіңіз келе ме? Бұл жөнінде психологтар не дейді? Балаңыздың балабақшаға тез үйренуі үшін сіздің тарапыңыздан жасалатын әрекеттер қандай? Бұл мақалада осы сұрақтарға жауап табасыз.
Автор: Аида Сатбаева
Балабақшада бала әдеттегі күн тәртібін өзгертеді, анасынан ажырайды, бөгде адамдармен қарым-қатынасқа түседі. Оның нәзік психикасына кері әсерін тигізбес үшін ата-ана тарапынан жақсы дайындық қажет.
Психолог мамандардың пікірінше, балалардың мінезінің темпераментіне байланысты оларды 3 топқа бөлуге болады:
1 топ балалары өз эмоцияларын агрессиялы түрде көрсетеді: қатты жылайды, жерге жата қалады, ойыншықтарды лақтырады, тістейді, тырнайды. Егер балаңыз осындай мінез көрсетіп жатса, шошымаңыз. Балалар үшін бұл қалыпты жағдай, яғни бала сізге ренішін көрсетіп жатыр. Әдетте, мұндай балалар 20-30 күн ішінде балабақшаға үйреніп кетеді.
2 топ балалары балабақшада қалған кезде жасқаншақ, тұйық мінез танытады. Олар тәрбиешімен де, басқа балалармен де қатынаспай, ешқандай белсенділік көрсетпейді. Алайда кешке келген анасына қатты жылап, еркелеп, қыңырлық көрсетеді. Мұндай балалардың жаңа ортаға бейімделу кезеңі өте ауыр, 2-3 айға дейін созылуы мүмкін.
3 топ - тез тіл табысқыш, ашық, жайдары балалар алғашқы күннен-ақ өздерін еркін сезініп, қоршаған адамдармен тез араласып, ойнап кетеді. Алайда, олар 2-3 күннен кейін күрт өзгереді. Жоғарыда аталған 1 топ балаларындай мінез-құлық танытады. Бұл топта бейімделу кезеңі баланың жеке ерекшеліктеріне байланысты тез немесе баяу болмақ.
Ендеше, балаңызды балабақшаға даярлауда төмендегі кеңестерге сүйенсеңіз болады:
Психологтардың айтуынша, баланы 2 жас 8 айында балабақшаға беру – өте қолайлы уақыт. Алайда, «қанша адам - сонша пікір» демекші, әр бала – жеке индивид. Сондықтан өзіңіздің аналық түйсігіңізді тыңдаңыз. Қашан дұрыс деп тапсаңыз, сол кезде берген абзал.
Егер сізге декреттік демалысыңыздан жұмысқа шығу қажеттілігі туындап жатса, бөбегіңізді балабақшаға 2-4 апта бұрын беріңіз. Ол жаңа өзгерістерге толық дағдыланған кезде сіз де жұмысыңызда алаңсыз отырасыз.
Балабақшаға барған кез келген баланың денсаулығы алғашында сыр береді. Себебі, бөгде ортада стресс жағдайында жүріп, иммунитеті төмендейді. Осындай жиі ауруларға жол бермес үшін жылдың жылы мезгілдерінде (сәуір - тамыз айлары) берген жөн.
Елімізде екпе салу мәселесі екі жақты болса да, балаңыз барлық екпе түрлерін алғаны дұрыс. Тіпті мемлекеттік балабақшалар баланың екпе картасы болмаса, қабылдамайды.
Балаңызды алдын ала күнделікті әдеттерге үйрету: қасық ұстап, өзі тамақтану, түс уақытында ұйықтау, кейбір киімдерін өзі кию.
Келесі кезекте ана мен баланың балабақшадағы іс-әрекетін қарастырайық:
Өзіңіздің аналық уайымыңызды білдірмеңіз. Бала өте сезімтал. Оған ішкі толғанысыңызды көрсетпеуге тырысыңыз. Психологияда «бала анасының қобалжыған көңіл – күйін қайталайды» деген тұжырым бар.
Қоштасқанда және көріскенде жасайтын арнайы бір күнделікті әдетті қалыптастырыңыз. Мәселен, қол бұлғау, бетінен сүю, маңдайынан иіскеу, басынан сипау, т.б.
Балаңызды балабақшаға күнде бір адамның әкелгені дұрыс, сонда ол қоштасуға тез үйренеді.
Оған «қазір келемін» деп жалған айтпаңыз, керісінше «сен ұйқыдан тұрғанда келемін» немесе «далаға ойнауға шыққанда келемін» деген сияқты сөздерді миына құйып қойыңыз.
Бөгде адамдарға балабақша, тәрбиешілер туралы жаман сөз айтпауға тырысыңыз. Балаңызды балабақшамен қорқытпаңыз.
Балабақша балаңыздың өмірін, нәзік психологиясын күрт өзгертеді. Сондықтан оның еркелігі мен қыңыр қылықтарын көтере біліңіз. Балабақша тәрбиесін көрген бала қашанда қай жерде де ерекшеленіп тұрады. Уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады!
Оқи отырыңыз: Инфографика: Ана. Бала. Әлеуметтік қорғау
10 советов о том, как подготовить ребенка в детский сад
Баламызды бәле-жаладан қалай қорғаймыз