Нотр-Дам де Пари: Тағдырына 5 рет қатер төнген собор
Франция астанасының басты символдарының бірі саналатын Париж орталығындағы шіркеу Нотр-Дам де Пари соборы туралы қызықты бес деректі білгіңіз келе ме? Аталмыш ғимарат бір кездері қойма болыпты. Жалпы, шіркеудің «көрмегені» жоқ екен.
2019 жылдың 15-ші сәуірінде Париж қаласындағы Құдай ана шіркеуі отқа оранды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Париждегі Нотр-Да́м соборында шыққан жойқын өртке байланысты Франция президенті мен халқына шынайы көңілін білдірді.
Бүкіл әлем жұртын орасан ғимараттың өрті бей-жай қалдырмады. Шіркеудің төбесі, сағаты мен шатыры түгел өртеніп кетті. Өрт сөндірушілердің күшімен собордың ішкі көрінісі сақталып қалды. Орындықтары да бүтін. Әзірге Франция үкіметі мәдени мұраны қалай қалпына келтіру керектігін жақсылап ойластырып жатқан кезде, танымал француз миллионерлері қомақты қаржы аударуда. Ал біз Нотр-Дамның 19-ғасырдағы қандай болғанын және оның ішінде қандай оқиға болғанын ұсынайық.
ХХ ғасырдың басына дейін собор Париждегі ең биік ғимарат болған
Сәулетшілер 850 жыл бұрын собор тұрғызбақ болғанда олардың жоспарын тым өршіл деп атапты. Өйткені шіркеу қоңырауы 69 метр, ал төбесі қаладан 90 метр биіктікте болған. Айта кету керек, Эйфель мұнарасын тұрғызардан бұрын Нотр-Дам Париждің ең биік ғимараты болып саналды.
Бірдей мұнаралар - собордың айрықша белгісі
Собордың мұнаралары өрттен аман қалды. Білесіз бе? Тап сол бірдей мұнаралар Нотр-Дам де Паридің айрықша белгісі болып табылады. Өйткені ол біреу емес – екеу (басқа ортағасырлық шіркеу ғимараттарымен салыстырғанда).
Шіркеу кезінде қойма болған
Революция кезінде Нотр-Дам де Пари қазыналарының басым бөлігі тоналып,
інжіл патшаларының бас мүсіндері Сенаға өзеніне лақтырылып, үй-жайларын азық-түлік сақтау қоймасы ретінде қолданған екен.
Соборда Наполеонға тәж кигізу рәсімі өткізілген
1804 жылы Наполеон Бонапарт соборда өзінің тәж кию рәсімін өзкізбек болғанда, ғимараттың іші адам көргісіз, сиықсыз күйде болған. Қабырғалардың жырықтары мен үңірейген тесіктерін гобеленмен жауып тастапты. Cите аралында орналасқан сәулет ескерткішін XIX ғасырдың басында кедейлер аралы деп санаған. Жергілікті ақсүйектер бұл жерге жоламаған, сөйтіп ол Нотр Дамдың құлдырауына ықпал етті. Тәжін киген жаңа император соборды қайта жаңғыртамын деп, бірақ сертінде тұрмады.
Виктор Гюгоның романы ғимараттың бұзылуына жол бермеді
1830-шы жылдардың басында Әулие ана соборын бұзу туралы мәселе қойылды. Ғимарат өрт қаупін тудырады және оны қалпына келтіруге ешкім құлықсыз деп шешті. Көпшіліктің айтуынша, тарихи ескерткіштің тағдырын Виктор Гюгоның «Париж Әулие ана шіркеуі» атты романы шешті. Романның жұртқа кеңінен таралып, орасан зор жетістікке ие болғаны соншалық, оқырмандар Париж қаласына барып шым-шытырақ оқиға болған шіркеуді көруге асықты.
Сөйтіп жергілікті билік ғимаратты бұзу туралы шешімді қайта қарап, Нотр-Дамды қалпына келтіруді қолға алды. Айтпақшы, тап сол кезде ғимараттың төбесін қайта тұрғызған.
Ендеше атақты собор жақын уақытта қалпына келтіріліп, әлем саяхатшылары тамашалайтын еуропалық ортағысрлық көрікті жердің тізіміне кіреді деп үміттенеміз.
Фото vintag.es сайтынан алынды.
Оқи отырыңыз: Ернар Айдар: КТК эфирінен концертімді тұңғыш рет тағат таппай күтіп жүрмін
Күйдірді! Смартфонның қызып кету себептері