Мәжіліс депутатының шіркін-айы мен әттеген-айы
Біз қатыгез болып бара жатқанымызды байқаймыз ба? Шешесі өз баласын неге өзектен теуіп жатыр? Өгей анасы азаптаған қыздардың жан жарасы жазылуына қанша уақыт қажет? Қатыгез балалар мен безбүйрек аналар қайдан шықты? Заң күшейсе, қатыгездік азаяды деген үміт бар ма?
«Заман – қасқыр. Бергеннің қолынан, бермегеннің жолынан алатын болсын» деген қағиданы баласының басына құйып отыратын ата-ана көбейіп барады. Теріс тәрбиені санасына сіңірген бала мейірімді бола ма? Безбүйректіктің, қатыгездіктің бастауы осында жатқан жоқ па? Оған заң жолымен кедергі қоюға бола ма? Осы және басқа да сұрақтарды КТК тілшісі Досжан Маратұлы Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжоловаға қойып, тақырыпты тұздықтады.
- Зәуреш Жұманәліқызы, Жетісайдағы сұмдық оқиға жайлы білесіз. 12,13 және 16 жастағы қыздарды өгей анасы айуандықпен азаптап келген, тіпті тырнақтарына өткір заттар тығып қинаған. Жүрек сыздататын оқиға, осыған қатысты не айтасыз?
- Өзім де жан-жақты талқылап ойлаймын. Ол қыздардың әкесі бірге тұрған. Сонда баланың ақылы, сана-сезімі әкесінің жан дүниесін тебірентпей ме? Әкесін жақсы көргеннен жасырып айтпаған деп жатыр ғой. Сонда мәселе – анада. Ол келіншек бірге тұрып жатқан ер- азаматтан бала туып отыр. Мысалы, мен дәрігермін. Қандай адамның қанында қатыгездік болады? Неліктен? Әлде ондай кісі өзінің өмір жолында сондай қатыгездік көрді ме? Бұл эмоционалды емес, физикалық, мен айтамын, генетикалық болуы мүмкін. Себебі, зорлық- зомбылықтың физикалық, эмоционалдық жағдайда жасайтын түрі бар. Тіпті жеккөрініштіктің түр-түрі бар. Ал мына жерде тіпті барлық жағын айтсақ та болады. Физикалық: күш көрсету – тістеуікпен садистік әрекет жасаған.
- Демек жан жарасының жазылуына ұзақ уақыт кетеді дейсіз ғой?
- Ұзақ уақыт керек. Ендігі мақсатымыз – балалар сондай қатыгез болып өспесін.
- Ұзақ жылдар бойы сіз акушер дәрігер болдыңыз. Өгей ананың қыздарына қол көтеріп, қорлауына босанғаннан кейінгі күйзеліс себеп болуы мүмкін дейді, сіздің ойыңыз қандай?
- Әрине босану әйелге үлкен психикалық әсерін тигізеді. Кейде адамның денсаулығына байланысты ондай жағдайлар болады. Депрессия, психологиялық, психикалық күйі. Босану анаға кейде қатты импульс беріп, сәбиін өлтіріп, баласын тастайды, өзіне қол салады. Депрессия мен босанғаннан кейінгі психозды дер кезінде анықтап, дәрігерлік көмек көрсету керек.
- Жеті жасар баланы зорлағанда балаларды қатыгез дедік. Жақында Алматыда 14 жастағы мүгедек қызын үйінде қамап ұрып-соғып, басын жарған және тағы басқа оқиғалар тіркелген. Жетісайдағы жағдай жағамызды ұстатты. Жалпы, қатыгез балалар мен безбүйрек аналар қайдан шықты?
- Артық айтқым келмейді. Өмірде тек зорлық пен зомбылық бар деуге қақымыз жоқ. Қаншама ана өгей баланы бауырына басып отыр. Туған анасынан да асыл, абзал, парасатты қанша әйелдер бар. Халқымыздың дана сөзі бар: Тапқан ана ма, баққан ана ма. Мен ондай аналарды білемін.
- Ал енді қазір аналар өзінің баласын неге өзектен теуіп жатыр?
- Өмірде жолы болмаған соң кегін баладан алады. Ерін сүймейтін шығар, не болмаса ері аяғы ауыр екенін ести сала тастап кетіп қалды. Соның бәрін үлкен себеп қылатын әйелдер бар. Адамға деген қатыгездік балаға ауысуы мүмкін. Ол барлық жағдайда емес. Перзентханада істеген кезімде баласын тастағысы келген әйелдермен қаншама рет сөйлестім. Кейде олардың психологиясын түсіну өте қиын. Алған бетінен қайтпайды. «Айналайын, бар өмірің алда, ешкім ешкімнің алдына шығып келген жоқ. Бұл бала ертең қалай болады? Қазір саған қиын ба, жеңе біл» деп сөйлестік. Сондай қуат беруіміз керек. Дәрігерлер айтуын айтады, бірақ туған-туысы жағынан үлкен көмек керек. Себебі, тұратын жерім деп қорқады. Ата-анасының, туыстарының, достарының алдында қарабет болғысы келмейді, ол да бар. Қазір қайта жұмылып үлкен іс істеуіміз керек.
- Санасын өзгерту керек.
- Санасын өзгертетін, күш-қуат беретін, сенім беретін.
- Барлығы тәрбиеден басталады дедіңіз. Біз қазір тәрбиеге қаншалықты көңіл бөліп отырмыз?
- Жаза мен қатыгездіктің ара-жігін аша білуіміз керек. Әрине, тәрбиелеу – керек. Мысалы, көшеде кетіп бара жатқанда кейбір баланың жер тепкілеп бақырып жатқанын, ешкімнің тілін алмай долданғанын көрген әр адам ойланады. Оны ұрып-соғып тәрбиелемей, жақсы нәрсе айту керек. Шіркін, әр отбасы дастарқан басына жиналғанда «Балам, бүгін күнің қалай өтті? Бүгін сен не үйрендің?» деп сұрап отырса. Әттеген-ай! Кей жағдайда соған мүмкіндігі, уақыты, құлқы жоқ. Әкесі үлкен қызметте болса, баласына анасы көбірек көңіл бөлсе. Отағасы осындай деп бала-шағасына айтып отырса. Шешесі жоқ кезде әкесі баласына анасы туралы жылы лебіздерін айтып отырса. Ал басы біріккенде баласын қолдап-қоштаса. Бала жаны ақылды, сезімтал, нәзік. Баланы жастайынан жазаламай, ауыртпалық түсірмей, нәзік сезімдерін күшейтіп, оны қатыгездікке айналдырмай өсіру қажет.
- Ұл, қыз өсіріп отырған анасыз. Балаларыңызға қол көтеріп көрдіңіз бе?
- Қазақта айтады ғой «әй дейтін әже, қой дейтін қожа болу керек» деп. Бірақ, мен жаңа айтқандай, тәрбие мен қатыгездік бөлек нәрсе.
- Ал заң жағы қалай? Әр бала біздің болашағымыз дейміз, бірақ олар жәбір көруде.
- Былтыр депуттар бастаған бір топ үлкен заң жобасы өтті. Қазір ол заңға президент қол қояды. Заң балалардың құқығын сақтау жөнінде. Көп толықтыру мен өзгерістер енгіздік. Балалардың құқығын қорғау бойынша барлық заң бар. Одан бөлек педофилия деп жатырмыз, хирургиялық кастрация жасалу керек деп жатырмыз. Бірақ мәселелердің бәрі дамның өзінің миында. Қатыгездікті қолмен де, басқа жағдайда да жасауға да болады. Сондықтан бір нәрседен алып басқа жағын кетірдік деп айту оңай болмайды.
- Заң күшейсе, қатыгездік азаяды деген үміт бар ма?
- Бар. Мен оған сенемін, себебі, адамдар заңды сақтау керек.
Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден қараңыз. Аптаның әр жексенбісінде сағат 20:00-де КТК арнасынан "Аптап" талдау мен түйін жасайтын сараптамалық бағдарламасын қарауға асығыңыз.
Оқи отырыңыз: Әділ Ахметов: Билікті бейбіт жолмен тапсыру біздің өркениетті ел екенімізді көрсетті
Киелі киікті қалай сақтап қаламыз?
Ауылға бөлінген қаржы неге ысырап болып жатыр?
Азаматхан Әміртай: Әлемдік ұйым Қазақстанға миллиардтаған айыппұл салуы мүмкін
Қазақ – қызды аса аялаған, күткен халық