Киелі киім – қай киім?
Келін түсіргенде неліктен оны бір жыл төркініне жібермейді? Енесі келініне ерекше асты қашан жегізген? Келін қай уақытта төрге шығады? Келінге өз бетімен ет асуға, қонақ мал сойғызуға қай кезде рұқсат береді? Киелі киім деген не? Оның қандай киесі бар?
Автор: Заира Сабитова
Танымал қаламгер Ахмет Жүнісов қазақтың бағзы заманнан бергі дәстүрлі өмір салтын, моральдік қағидасын жан-жақты жазып-сызып беріп кеткен. Санамызға сәуле түсірерлік танымдық ғибраты мол жәйттер жеткілікті. Соның бірі –киелі киім.
«Атаң өлсе қойылар, атан өлсе сойылар. Қансонар айдан табылар деп өзгені керек етпесек те, қазағымыздың халықтық тәрбиесінен айырылмауымыз керек. Бізге киелі киімді айтқызып отырған да осы айырылмау. Осының бірі – келінді төркініне бір жыл толмай жібермеу. Мұның себебі: осы аралықта келінді тәрбиелеу керек. Соңғы түйенің жүгі де алда. Бұл келінді қызындай көріп сол жағынан оң жағына ауыстырған ененің борышы.
Балалық шіркіннің бас асауы басылмай үйден гөрі далаға, байдан гөрі балаларға аңсары ауып тұратын қайран жастықтан қол үзу де қиын. Осындай жас келінге бір жыл оңайлыққа түспейді. Ауыр еңбекке, қатал тәртіпке толы бір жылды бітіру қияметтің қыл көпірінен өткеннен де қиын.
- Бірінші, осы уақыт ішінде келін келген жеріндегі барлық туысқа ат қойып шығуы керек. Одан жаңылуға рұқсат жоқ.
- Екінші, киіз үйдің түңлігін елден бұрын тұрып ашып, ел жатқанда ең соңында өзі жатуы заң. Бұл аралықта от жағу, шай дайындау, саба пісу, қымыз қотару, құрт жаю, кір жуу, сиыр сауу, қой қосақтау, тезек теру, түскі ас, кешкі ас, ішек-қарын тазалау, су тасу секілді тізе бүктірмейтін жұмыстардың түтіні үзілмейді. Келін қалғып-шұлғып, жығылып-сүрініп кешке әрең жеткенімен елдің ең соңында жатуы керек. Қазақ қай бір ерте жата қалатын халық. Қонағына тақ бір қарызы бардай соларды күтеді. Сонда келін орта есеппен 17-18 сағат жұмыс істейді.
- Үшінші, осы бір жыл ішінде үйге сәлем беріп кіруден, артымен шығудан жаңылмауға міндетті.
- Төртінші, келін жыл бойы жібектей болуы, мінез көрсетпеуі керек. Егер кей күні ерте тұра алмай қалып, «тентегім» деп өзі ат қойған қайнысы төсектің тұсындағы үзікке келіп: «мына қатынды марту басып жатыр ма?» деп, киіз үйді құрықпен сабаласа да қарсы шықпай, атып тұруы керек. Бұлай етпесе, «Шуаяқ» деген атты қайындары табанда қояды.
Мұндай еңбектерден егер келінді жүкті болса, енесі талғақтың ұйқысына деп біраз уақыт демалуына, жеріктің асына деп ерекше ас жеуіне рұқсат етеді. Бұл төртеуін ата-ене келінді еңбекке, адамгершілікке қалыптастыру үшін әдейі істейді.
Келін бұл оқудан бірінші баласын босанып, қырқынан шыққанда бір-ақ құтылады. Сонан соң келінді бірінші рет төрге шығарады: «сен енді санатқа қосылдың, ана болдың, бұрынғымыздың бәрі өзіңді адам болсын, пыссын дегеніміз. Бүгіннен бастап осы үйге толық мүшесің» деп, келіннің маңдайынан сүйіп, мейірім білдіреді. Сәлем беруден азат етеді. Қолына ағаш тегене, жебелі пышақ ұстатып тошалаға апарып, небір керемет мүшелерді бұдан былай өз бетімен асуға рұқсат береді. Тіпті осыдан кейін қонаққа мал сойғызуына да ерікті.
Бірақ бұл заң келін үйінен келген киімді сол күні киюмен бекітіледі. Келін сол киімді төрде отырып киеді. Ата-ене келінінің төркінінен келген кимешек-шылауышты өз қолдарымен кигізеді. Арттағы әке-шеше баламыз нәрестелі болсын деп әдейі ырыммен сандықтың түбіне салған . Бұл сондықтан да қазақ үшін киелі киім.
Егер келін ұзақ уақыт бала көтермей кимешек-шылауыш сандықтың түбінде жата берсе, әке-шеше, не ата-ене өздерінің бір кінәсі үшін кие атты деп іштей мүжіледі.
Келін қыз күнінде тақияны сұлу көріну үшін, сәукелені келіншек кезінде барған жеріндегілердің көздерін сүрінту үшін кисе, кимешек-шылауышты ана болу үшін дайындаттырады.
Мұнда айта кететін бір жәйт, сәукеле қызықтыруға, жақсы көрсетуге бола тігілсе, кимешек-шылауыш қызғаныштан, пәле-қаладан аулақ болуға арнап дайындалады. Жылылығы, тазалығы және бар. Бұл арада қызғанышты сөз етіп отырғанымыз – әйелдің еркекті арбайтыны көп. Оның қолаң қара шашы мен ақ мамық тамағы. Кимешек-шылауыш осыларға басқа біреу-міреу тамсанбасын деп жауып тұрады. Әрі жылылық пен тазалыққа қолайлы. Ата-ененің бұл киімді кигізуінде мән болғанымен, өз тізгіні қолына тиіп шаңыраққа мүше болған келін оны ұдайы кимейді.
Оқи отырыңыз: Өлтірі деген не?
Қазақ халқының ойын-сауығының мағынасын білесіз бе?