Шілдехана: нәрестенің мойны, әйелдің белі тез бекісін десеңіз...
Баяғыда қазағым шілдеханасын қалай өткізген? Қанша, қандай қонақ жиналған? Әйелдердің көңілін қалдырмау үшін не істеген? Мұнтаздай қып мүжілетін сүйек не сүйек? Келіншектер нені ырымдаған? Баланың мойны, әйелдің белі бекісін деп не істеген?
Автор: Заира Сабитова
Жарыс қазанның арты іле-шала, не сол күні, не ертеңінде шілдеханамен жалғасады. Оған көбінесе жастар жиналады. Көлігі барлар сәйгүлікпен, сән-салтанатпен келеді. Кедей-кепшіктің бала-шағаларына тай, өгіз тайынша да көлік болған.
Танымал қаламгер, жазушы Ахмет Жүнісов былай дейді: «Балалардың кейбірі біреуіне мінгесіп, түйенің өркеш арасына сыймаса мойнына мініп те келеді. Келе жатқандар сай-сайды басына көшіріп әнмен келіп, әнмен қайтады».
Жұрттың бас-аяғы жиналған соң қымыз қысулы, айран аяулы дегенді күтушілер қояды. Аста-төк қошамет көрсетіледі. Өйткені алды жарыс қазан, жалғасы шілдехана болып жатқан үйде бәрі бар.
Жастар таң атқанша айтысады. Домбыра шертіліп, ән шырқалады. Би де болады.
Сұлулығы ауыл-аймақты тамсандырған кейбір арулар отырған киіз үйге кіре алмаған жастар, соның айдай ақ жамалын көрі үшін киіз үйдің жабығынан сығалайды. Ол күні жастар таң рауандағанша болады.
Жастар осындай думанмен отырғанда шілдехананың дастарханын басқарып жүрген әйелдердің кейбірі: «Қалжаға сойылған малдың омыртқасынан ауыз тимедік. Ең құрығанда бірін мүжуге тісіміз тимеді» деп, аяқ астынан өкпелейді. Сол үшін іштеріндегі ең шебер біреуі он екі омыртқаның етінен бәріне ауыз тигізуі керек.
Омыртқаны мұнтаздай ғып мұжытуы керек. Тап-тақыр болып әбден мұжылған соң бір тобылғыға тізіп, үйдің ең бір жоғарғы жеріне іліп қояды. Бұл – баланың мойны тез бекісін деген салт. Тізілген сүйек тамда болса төбедегі арысқа, киіз үйде болса уықтың ырымына ілінеді екен.
Сол күні әлгі өкпешіл әйелдер төрдегі бас пен жамбастан ауыз тимесе өкпелемейді. Ал омыртқаны мұжытуға қатыспаса ат кекілін кесуге дейін барады. Мұның себебі: әйел затының бәрі де бала табуға құштар. Сондықтан қалжаның омыртқасынан ауыз тиуді – өздері де осы әйел құсап тезірек босанармыз деп ырымдайды. Болмаса, жәй кезде омыртқаға қарай ма? Қарағаны сол, «Сүйек-саяқ беріп қорлауын қарашы!» деп лақтырып жіберуден ерінбейді!
Қалжаға арнайы сойылған мал етінің омыртқадан басқасыны бәрін босанған әйел өзі жеуі керек. Өйтпесе белі тез бекімейді. Яғни, көшпелі тіршіліктің қатты қайырымына тез араласа алмайды.
Суреттер фейсбуктегі Туған жердің түтініпарақшасынан алынды
Оқи отырыңыз: Жарыс қазан қай кезде асылады?
Қимыл тілі: Сәби ереше қимылымен нені айтқысы келеді