Сайлау 2019: Дауыс берушілерге шағын мағлұмат
Қай учаскеде тіркелгеніңізді білесіз бе? Еxit рoll сауалнамасына жауап беруге бола ма? Жұмыс берушілер қол астындағы қызметкерлерінен сайлауға қатысқан-қатыспағаны туралы есепті талап ете ала ма? Тыныштық күні» үгіт-насихат плакаттары алынуы тиіс пе? Интернет-басылымдарға қатысты қандай талап бар? Жалпы, қандай әрекеттер сайлау туралы заңды бұзу болып саналады?
Өз сайлау учаскеңізді білесіз бе?
Дауыс беруге бармастан бұрын қай сайлау учаскесіне тіркелгеніңізді біліп алыңыз. Ол үшін Instagram-дағы @smartastana2019 парақшасында direct-ке жазыңыз немесе мына wa.me/77767469241?text=sailau2019 сілтемеге өтуіңізге болады.
Сонымен қатар, Smart Astana мобильді қосымшасы (қала қызметтері бөлімі) арқылы да сайлау учаскеңізді білуге мүмкіншілік бар. Екі жағдайда да арнайы жолаққа өзіңіздің ЖСН нөміріңізді, тегіңізді, атыңызды және әкеңіздің атын немесе тұрғылықты мекен жайыңызды енгізуіңіз қажет. Цифрлық көмекшілер барлығын айтып, тіпті сайлау учаскесінің орналасқан жерін де көрсетеді.
Алматы:
SAILAU_ALMATY2019 Telegram-боты алматылықтарға өзін және жақындарын сайлаушылар тізімінен тексеруге, сондай-ақ өз сайлау учаскесінің мекенжайын білуге мүмкіндік береді.
Чат-ботты пайдалану үшін Telegram-ның іздеу жолағына SAILAU_ALMATY2019 атауын жазу, қосылу және «старт» командасын басу қажет. ЖСН енгізілгеннен кейін виртуалды көмекші сайлау учаскесінің нөмірі мен мекенжайын жібереді.
Сұрақтар туындаған жағдайда байланыс орталығына мына нөмір арқылы хабарласып, кеңес алуға болады: + 7 727 224 22 22 (сағат 8.00 - 23.00, демалыссыз).
Сондай-ақ ыңғайлы болу үшін Алматы қаласы әкімдігінің және Open Almaty қоғамдық қабылдауының сайттарында арнайы бөлім құрылды, оның көмегімен ЖСН енгізу арқылы өзіңізді сайлаушылар тізімінен тексере аласыз.
Жұмыс берушілер қол астындағы қызметкерінен сайлауға қатысқан-қатыспағаны туралы есепті талап ете ала ма?
Жұмыс берушінің қол астындағы қызметкерлерден сайлауға қатысқан-қатыспағаны туралы есепті талап етуі заңсыз, - деп жазады ҚазАқпарат.
«Сайлауда дауыс беру, бермеу - әр азаматтың жеке құқығы. Сондықтан, одан сайлауға барғаны туралы фото-есеп пен қандай да бір түсініктеме талап ету заңсыз. Тіпті кімге дауыс бергенін сұрамай-ақ, жай ғана сайлауға қатысқан-қатыспағаны туралы есепті талап ету сайлау туралы заңнаманы бұзу болып саналады. Жұмыс беруші осыған ұқсас негізсіз талаптар қойса, прокуратураға жазбаша шағым түсіруге болады. Ал прокуратура өкілдері бұл шағымға бір сағаттың ішінде әрекет етуге міндетті. Ондай заңбұзушылыққа жол берген лауазымды тұлға тіпті, қылмыстық жауапқа тартылуы да мүмкін», - дейді Қылмыстық іс жүргізу құқығына маманданған заң ғылымдарының докторы Марат Қоғамов.
Еxit рoll сауалнамасына жауап беру міндетті ме?
Сауалнама жүргізушіге өзіңіздің кімге дауыс бергеніңізді ашық айта аласыз. Ал егер айтқыңыз келмесе, «Өзім қалаған кандидатқа дауыс бердім» деп қана жауап қатыңыз. Сұрақ иесі нақты жауап талап етсе, Сайлау туралы заңның 8-бабын бұзып тұрғанын ескертіңіз», - дейді Қазақстан Заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай.
«Тыныштық күні» үгіт-насихат плакаттары алынуы тиіс пе?
«Қазақстанның сайлау туралы Конституциялық заңы бойынша сайлауға бір күн қалғанда және дауыс беру күнінде ешқандай насихат жүргізілмеуі керек. Сайлауалды штабтар мен сенімді өкілдер ешқандай шара өткізе алмайды. Ал көшелерге ілініп қойған үгіт плакаттары мен өзге де көрнекі ақпараттарды алып тастау міндетті емес. Ең бастысы, орны ауыспауы тиіс. Оны басқа жерге ілу заңбұзышылық болып есептеледі», - дейді «Заңгерлер әділ сайлау үшін» қоғамдық бірлестігінің өкілі, заңгер Сәуле Амандықова.
«БАҚ бетінде немесе интернет-басылымда шыққан үгіт материалдарын да жою міндетті емес. Оның да бастапқы орны сақталуы керек. Яғни «тыныштық күніне» дейін бұрышта тұрған материал алдыңғы бетке шығып кетпеуі керек. Ондай әрекеттер сайлау туралы заңды бұзу болып саналады».
«Заңгерлер әділ сайлау үшін» бірлестігінің хабарлауынша, «тыныштық күні» 7 маусымнан 8-маусымға қараған түнгі сағат 0.00-ден басталады. Осы сәттен бастап бүкіл Қазақстан бойынша барлық үгіт-насихат шаралары тоқтайды.
Еxit poll нәтижесін жариялауда неден сақ болу керек?
«Азаматтардың бір-бірінен кімге дауыс бергенін сұрауға құқығы бар. Ал оны айту немесе айтпау әркімнің өз еркінде. Exit poll деректерін ресми түрде жарияламас бұрын оның қандай көздерден алынғанын мұқият тексеру қажет. Кандидаттардың бірі сол экзитпол деректеріне қарсылық білдіріп, БАҚ нысанына қарсы шағым түсіре алады. Ол шағымы дәлелденсе, заң алдында жауап беруге тура келеді. Азаматтар арасындағы жекелей сауалнамаларға бұл талаптың қатысы жоқ. Яғни, таныстарының кімге дауыс бергенін жариялауға заң тыйым салмайды», - дейді Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай.
«Сайлау – әр азаматтың құқығы. Ол құқықты пайдалану немесе пайдаланбау - әркімнің өз ісі. Әрбір азамат өзі үшін қандай мемлекетте тұрғысы келетінін немесе балалары қандай елде тұратынын шешуі керек. Сайлауға барып, дұрыс таңдау жасау - халқымыздың оң әрекеті болар еді. «Ас үйде» отырып алып, өз дауысыңның маңызы туралы филофиялық ойларды қарша бората беруге болады. Бірақ, ол дауыстың сайлау жәшігіне түспей, салмағы болмасы анық. Менің ойымша, бұл - өз-өзіңе, қоғамға деген құрмет. 9 маусымда біздің халқымыз мемлекет тағдырына бей-жай қарамайтынын көрсетер деген сенімдеміз», - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.
Оқи отырыңыз: Сайлаумэн: ҚР президент сайлауына арналған виртуалды көмекші пайда болды