Аш қарынға жеуге болмайтын тағамдар
Қарның кенеттен ашып кететін кез болды ма? Ашқаны соншалық, қолға түсе қалған азықты асап жеуге дайын тұрамыз. Кейде тамақ талғамай алдымыздағыны опыратынымыз бар. Не жеп жатқанымызбен шатағымыз жоқ, арпадай асаймыз-ау. Бірақ, аш қарынға не болса соны жеуге болмайды дейді дәрігерлер. Кейбір тағам қарныңды қатты ашырып, тіпті күні бойы делсал күйге түсіреді екен. Ендеше қандай тағамды аш қарынға жеуге болмайтынын біле жүрейік.
Автор: Заира Сабитова
Сонымен, таңертең аш қарынға мына тағамды жеуге болмайды деп кеңес береді қазақстандық гастроэнтерологтар.
Қышқыл, ащы тағам
Таң атпай тұрып, тамақ ішуге үлгере алмай қалғанда жұмысқа жүре киініп апыл-ғұпыл тіскебасар ала саламыз. Өтірік пе? Ендеше таңертең дәмдеуіштері көп ащы тағам жемеңіз. Ол қарныңды ашырып, асқазанды қыжылдатып, ауыртады.
Жеміс-жидектер
Аш қарынға жеміс-жидек жемеңіз. Онда қант бар болғандықтан, аштық сәл уақытқа басылады, жарты сағаттан соң қайтадан тамақтанғың келеді. Жеміс-жидекпен қоса йогурт, ірімшік, жаңғақ жеген дұрыс.
Печенье, снектер мен чипсілер
Аш екенмін деп бұл тамаққа тұра ұмтылма. Аталмыш тағамдар ағзаны уақытша тойдырғандай алдайды, біраз уақыттан соң қарның өлердей ашады. Одан гөрі бутерброд әлдеқайда дұрыс. Тіпті болмаса айранмен тоқаш, майлы айран немесе тәтті йогурт жеген жөн.
Цитрус
Бұл жемістер асқазанды өлердей қыжылдатып, запыранды арттырады. Бұратылып қарныңыз ашқандай күй кешесіз. Аш қарынға апельсин, грейпфрут жесең асқазаның күні бойы қыжылдап, тіпті ішің қатты ауыруы мүмкін. Оның орнына езілген картоп ботқасы немесе нан мен ірімшік жеңіз.
Кофе мен шай
Міне, қызық. Кофе мен шайды таңертең ішуге болмайды деп кім айтты? Ғалымдар кофе мен шайды аш қарынға ішуге болмайды деп отыр. Ол асқазан жұмысын тоқтатып, ауыртып, жүректі айнытады дейді. Алдымен дұрыс тамақтанып алып, содан кейін ғана аспай-саспай шай мен кофеге көшіңіз. Ал таңертең тіпті болмаса жарты стақан су ішіп, жеңіл тағам жеу керек.
Алкоголь
Аш қарынға еш уақытта алкоголь ішуге болмайды! Қандай жағдай болмасын бас тартыңыз. Әйтпесе масайып қпнп қоймай, асқазан жұмысын тоқтатып, уланып қаласыз.
Банан
Аш қарынға банан да жеуге болмайды екен. Неге дейсіз ғой? Калий мен магнийге бай банан жүрек қызметін жақсартады. Бірақ аш қарынға жеген банан сізді күні бойы делсал күйге түсіріп, әлсізденіп, делсал болып, тез болдырап шаршайсыз.
Оқи отырыңыз: Медициналық сақтандыру, дәрі-дәрмек жайын ойластырыңыз