Неке суы. Неке түні
Бұрынғы кезде неке қалай қиылған? Неке суын ішпестен бұрын қыз бен жігіттің жақын қатынасқа бармағанының себебі неде? Неке суына не салынады? Оның мәнісі қандай? Неке түні қаншалықты маңызды болған?
Автор: Заира Сабитова
Бұл сұрақтардың жауабын танымал қаламгер, жазушы Ахмет Жүнісов кезінде былай деп айтқан екен:
Қыз бен жігіттің бірге болу үшін асатын ең биік асуы – неке қию. Бұдан бұрын жақындасып қойса, ол – күнә. Мұны мұсылмандар намахрам дейді.
Некені молда оқиды. Неке оқығанда сол үйге адамдар сыйғанша отырады. Бұлар екеуінің қосылғандарына куә. Куәнің көп болғаны жақсы. Сондықтан бұлардың бәрі неке суынан ауыз тиюлері керек.
Неке суы үлкен кеседе болады. Оған су, тұз, қант, сақина салынады.
- Су – екеуінің бір-біріне нәзік болуына.
- Тұз – егер келешекте екеуінің бірі осы некеге опасыздық жасаса, дәм атадыға.
- Қант – екеуінің тату-тәтті өмір сүрулеріне.
- Сақина – некенің ескерткіші.
Біздің қазақта куәлар некеден соң тарап кетеді. Ал шығыстың кейбір мұсылмандарында жас куәлар қыз бен жігітті жатқызу үшін апарған тамның төбесіне топырлап шығып алып, төбедегі тесіктен екеуін сығалайды. Ертедегі тамдардың терезесі төбесінде болған»,- дейді Ахмет Жүнісов.
Қыз бен жігіттің екі жеңгесі қолдарына құран, бір бүтін дөңгелек нан, онан соң екеуінің астына төсейтін ақ шүберек алып, қыз бен жігітті жатқызу үшін келгенінен бастап, төбедегілер бәрін көруге тиісті.
Жеңгелер ақты жердегі көрпенің үстіне төсеп кетеді. Шырақты сөндірмейді. Төбедегілер күйеу баланың қалыңдықты шешіндіргеніне дейін көреді.
Ертеңінде екі жеңге келіп күйеу жігітке: «Көңілің толды ма?» дейді. Астыларындағы ақты көреді. Қыз қолды болмаса, екі жеңге қыз үйіне қуанышты хабар апарып сүйінші алады.
«Қыз өсірсе, міне, сіздей өсірсін! Арық аттатпай, ауыр жүк көтертпей, еркекті көрсетпей өсіргендеріңізге мың да бір рақмет! Жұмыртқаның сарысындай, көздің қарашығындай сақтапсыз!» дегенді естіген ата-ана ол күні бір жасап, құданың төрінде өте кеуделі, өр отырады.
Алда-жалда мұның керісінше болса, екі жеңге әлгі дөңгелек нанның ортасын тесіп апарады. Мұндай қыл көпірде екі жеңге өтірік айта алмайды. Өйткені – қолдарында құран. Бұны өтірік айтпаймыз деп екеуі де антпен апарған.
Қазақтағы тәртіп мұншама қатал болғанымен екі жақтың жеңгелері де «емтиханды» аз алмайды.
Оқи отырыңыз: Тұсаукесер: Баланың аяғына не себепті ала жіп байланады?
Шілдехана: нәрестенің мойны, әйелдің белі тез бекісін десеңіз...