ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу
Тұмау эпидемиясы жыл сайын болатын үрдіс. Тұмаумен жас та, кәрі де ауырады. Сондықтан жедел жәрдем шақырған кезде тұмаудың белгілерін білу өте маңызды. Ал енді тұмаумен ауырмаудың жалғыз амалы – оның алдын алу. Төменде жзылған нұсқаулықты және қарапайым ережелерді есте сақтап алыңыз.
Автор: Заира Сабитова
Тұмау дене қызуының кенет көтерілуімен, жөтелмен (әдетте құрғақ), бас ауруымен, бұлшық еттің, тамақтың ауруымен, мұрынның бітеліп, түшкірумен сипатталады. Жөтел үдеп, ол 2 аптаға созылуы мүмкін. Көптеген адамдарда температура қалыпты жағдайға оралып, тұмау белгілері бір апта ішінде медициналық көмексіз жоғалады. Бірақ әлсіз, иммунитеті осал адамдарда тұмау өлімге әкелуі мүмкін.
Тұмаудың алғашқы белгісін сезсеңіз, өзгелерге жұқтырмау үшін ешқайда (жұмысқа,сабаққа, балабақшаға) бармай, үйде қалып емделуге бірден кірісіңіз. Дәрігер шақырып, тұмауды жұқтырмау мақсатында науқасты оқшаулап, бөлек бөлме ұсынған абзал.
Тұмауға қарсы профилактиканың негізі - вакцинация. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алдағы эпидемиялық маусымда ұсынған тұмау вирустарының штаммдары бар тиімді тұмауға қарсы вакциналар арқылы жасайды.
С дәруменін, итмұрын итбүлдірген, қарақат тұнбасын ішіп, цитрустар жеңіз.
Респираторлық вирустық инфекциялардың алдын алуда жеке гигиена маңызды рөл атқарады. Сондықтан қолыңызды жиі жуыңыз. Жолда, қоғамдық көліктердегі тұтқалар, қоғамдық ғимараттардағы есік тұтқасы және т.б. – бәрі тұмау вирусының таралу қаупінің жоғары көзі болып табылады, жоғарыда аталған кең таралған жерлермен кез келген байланыстан кейін міндетті түрде қолыңызды жиі сабындап жуыңыз.Айтпақшы, тұмау эпидемиясы кезінде күн сайын үйге оралғанда қолды сабындап жуған соң, дұрыстап сіңбіріп, содан кейін саусаққа сабын жағып, танауыңыздың ішіне жағып жуып-шайған абзал.
Қатты ауырғанда ауруханаға жатудан бас тартпаңыз. Уақтылы емделу аурудың асқынып кетуне жол бермейді. Өз денсаулығыңызға және жақындарыңыздың денсаулығына қамқорлық жасау, тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың алдын алу денсаулықты сақтап, өмір сүру сапасын жақсартып және отбасылық бюджетті үнемдеуге септігін тигізеді.
Денсаулығыңыз мықты болсын!