Қазақ – қызды аса аялаған, күткен халық
Қыздарға, қыз тәрбиелеп отырған әйелдерге арналған мәлімет. Жас жұбайлардың төсегін кім салуы тиіс? Олардың шымылдығына неге үкі тағылады? Төсегін немен аластайды? Келін бала көтергенде қандай кәде жасалады?
Автор: Заира Сабитова
Танымал қаламгер Ахмет Жүнісов халқымыздың бағзы заманнан бергі дәстүрлі өмір салтын, моральдік қағидасын жан-жақмы жазып-сызып беріп кеткен. Жастар түгілі, егделердің өзі білмейтін, санамызға сәуле түсірерлік, танымдық ғибраты мол Ахмет ағамыздың әңгімесінен үзінді келтіруді жөн санадық.
Қазақ – қызды аса аялаған, күткен халық. Күздің күншуағына ағарсын деп қызды, көктемнің күн шуағына толықсын деп келінді шығаруында да мән бар. Қыздың шешесі баласы кәмелетке келісімен, оны көлденең өткен көк аттыдан қызғанады. Қойдың күзетіне, алтыбақанға, бастанға жіберуді азайтады. Жіберсе де, артында күзетші болады. «Аз күндік қонағым» деп ауыр жұмысын азайтады. Бұлар төсек тойынан бұрынғы жұмыстар.
Бойжеткен қызды әжелерінің түнде іргесіне алып жататыны, анасының көзден таса етпейтіні, біреудікіне қондырмайтыны – бәрі-бәрі төсек тойының ата-ана бетіне шіркеу келтірмеуі үшін алдын ала жасалынатын қамдар.
Қыз өз үйінің оң жағынан екінші біреудікіне келін болып түскеннен кейін келген жері келіннен ең алдымен ұрпақ – бала күтеді. Үйдегілер мен ауылдағыларды қойып, алыстағылар да бұны армандайды. Бөгделер келін жүкті бола бастаса, денесі толып, мұрнына ноқта түсетін шығар деп сырттай бақылайды. Ол кезде қыздар жас ұзатылатындықтан ноқта қалай да түсетін.
Неке оқылғаннан кейін жас жұбайлардың шымылдығына үкі тағылады. Үкі – тіршілігіне түнде кірісетін құс.
- Ақ көңіл ата-ана оны балаларына бас-көз болсын деп ырымдайды.
- Үкінің қауырсыны сұлу, сәнге керек.
- Үкі келіннің қыз күнінде тақиясына тағылған, естелік ретінде бірге болуы тиіс.
Екі жастың пәк төсегін жақындарының ішіндегі ең көргенді, көп балалы келінге ырымдап салғызады. Сонан соң қыздың шешесі дайындалған төсекті аршаның түтінімен аластайды.
- Біріншіден, арша – қысы-жазы солмайтын, қурамайтын ағаш. Екі балам осы ағаш сияқты кәртеймесін дегені.
- Екіншіден, арша түтінінде тамаша иіс бар.
- Үшіншіден, арша қазақ ұғымында пәле-жаланы аластайтын қасиетті ағаш. Өмірдің әр қиыншылығында аршадай қурамай, қажымай жүрулерін армандайды.
Осындай шарттар біткен соңтөсекті салған жеңге екі жастың жатуына рұқсат етеді. Бұл тәртіп келін ұзатылып барғаннан кейін күйеу баланың үйінде де қайталанып, онда да дәп сондай төсекті жеңгесі салады. Бірақ ол үйде қыздың пәктігі тексерілмейді. Өйткені, неке оқылды ғой. ..
Қазақтың қатал тәртібінде жоғарыдағы шарттар орындалмайынша, қалыңдыққа күйеу баланың жолауы мүмкін емес. Бүйтуді көргенсіздік дейді. Қызды қадірлі кезінде барсын, бет-беделімен пәк барсын деген есеппен әдейі жастай ұзатады. Бұл бір жағынан баласын жастықтың алғашқы желігінен арашалағаны, Оның үстіне қызға қырық үйден аңдушы керек. «Қыз баққаннан қарға баққан артық» деген, басы артық азапты да қазақ атам күні бұрын ескерсе керек.
Жас келін жүкті болғаннан соң жақсылықты бір абысынына айтады. Ол енесіне жеткізеді. Денесі толып, өңі нұрланып жүргенін көрген бөгделер де бұл жаңалықты келіннің енесіне қуаныш ретінде айтады. Болашақ қуаныш үшін келіннің енесі ел-жұртқа жар салмаса да, әелдердің басын қосып, кәделі ластарқан жасайды.
Бұл кәде, бір жағынан, болашақ немеренің шашуы болса, енді бір жағынан, немеренің өз баласының белінен болған тазалығы. Өйткені бала мөлшерленген уақытта дүниеге келгелі тұр. Бұл кәденің хабарын айта келген адамға келіннің шешесі кәдімгідей сүйінші береді. Екі құдағидың арасы бұдан кейін тіпті жақындай түседі. «Қатын алма, қайын ал» деп, енесінің бала тәрбиесіне іштей риза болған күйеу бала да қайын жұртын сыйлай түседі.
Бұл жарық дүниенің табалдырығын әлі аттап үлгірмеген қазақтың басынан өтіп жататын ең алғашқы әдет-ғұрып – кәде.
Оқи отырыңыз: Білесіз бе? Өкпелеп, ренжігеннің де пайдасы бар
Гүлмира Әбіқай: Қазақтың саны көбеюіне қарсы емеспін, бірақ...