{metadescription}
Қасым-Жомарт Тоқаев: Экономикада түбегейлі реформа жүргізуіміз керек

Қасым-Жомарт Тоқаев: Экономикада түбегейлі реформа жүргізуіміз керек

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 2020 жылдың 4 мамырында ҚР Парламенті Сенатының отырысына қатысты. КТК арнасы Мемлекет басшысының ҚР Парламенті Сенатының отырысында сөйлеген сөзінің қысқаша мәтінін жариялайды.

Қазір Үкімет пен Ұлттық банк Экономикалық дамуды қалпына келтіру үшін жұмыс жүргізуде. Он бірінші мамырға дейін арнайы жоспар дайындалмақшы.

Экономикада түбегейлі реформа жүргізуіміз керек. Бұл – аса күрделі міндет.

Ең алдымен, экономикалық өсімді қалпына келтіріп, халықтың әл-ауқатын арттыру қажет. Біз осы пандемиядан сабақ алуымыз керек.

Кейбір салаларда кемшін тұстарымыз бар. Мұны індеттен туындаған ахуал анық аңғартты. Сондықтан, алда тұрған бірқатар міндеттерге назар аударғым келеді.

Бірінші кезекте денсаулық сақтау жүйесіне баса мән берген жөн. Бұл саланы жаңғырту үшін тың бастамаларды қолға алуымыз қажет. Заман талабына сай ауруханалар салып, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету аса маңызды.

Бұдан былай медицина ғылымын дамытуға ерекше көңіл бөлуіміз керек. Осы салада еңбек етіп жүрген ғалымдарымыздың әлеуеті зор. Мамандарға лайықты жағдай жасап, нақты қолдау көрсеткен абзал.

Сонымен қатар білім және ғылым саласын толығымен жаңғыртатын боламыз. Осы ретте озық технологиялар мен цифрландыруды кеңінен қолдануымыз керек. Бұл – басты міндеттердің бірі.

Біз бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін адами капиталды дамытуымыз керек. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Өйткені Қазақстанның болашағы білімді әрі білікті азаматтардың қолында.

Мемлекет төтенше жағдай кезеңінде мұқтаж жандарды ерекше қамқорлыққа алды. Мұндай іс-шаралар, тіпті, дамыған мемлекеттерде де болған жоқ.

Тағы бір маңызды мақсат – шағын және орта бизнесті өркендету. Оған мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсету керек.

Ұлттық экономиканы әртараптандыру – кезек күттірмейтін міндет. Шикізатқа тәуелділіктен арылу үшін отандық өндірістің жұмысын жандандыру қажет. Бұл – оңай мәселе емес. Дегенмен, оны басты назарда ұстаймыз.

Біз қолға алған саяси реформаларды жалғастыра береміз. Онсыз мемлекетіміз дамымайды. Осы ретте мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру аса маңызды.

Бізге басшылардың жаңа буынын тәрбиелеу керек. Елдің мүддесін ойлайтын мамандар болмаса, бастамаларымыз нәтижесін бермейді.

Осы тұрғыда мен ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңызы зор деп ойламын.

Жалпы, біз Елбасы мақұлдаған Ұлт жоспарын міндетті түрде жүзеге асыруымыз керек. Бұл – бүгінгі заманның талабы.

Міне, бүкіл еліміздің алдында тұрған осындай міндеттерді орындау үшін ең алдымен билік тармақтары арасындағы үйлесім қажет.

Маңызды реформаларды жүзеге асыруда Парламенттің, әсіресе, Сенаттың рөлі де, құзыреті де ерекше. Сенаттың ең басты міндеті – сапалы заңдарды қабылдау. Мұндай заңдар реформаларға жол ашады, тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз етеді. Сенат депутаттары заң жобаларын талқылау кезінде немесе басқа форматтағы басқосулар барысында қоғамымыздағы ең өзекті, елді алаңдататын мәселелер жөнінде өткір ойлар, сыни пікірлер айтуға құқылы. Бұл мәселе бойынша дау жоқ. Бұл ретте, сіздердің жұмыстарыңыз өте жауапты екенін жақсы білемін.

Құрметті депутаттар!

Баршамыз күрделі кезеңнен елімізді аман-есен алып шығу үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Әрдайым бағыт-бағдарымыздан жаңылмай, алға батыл қадам жасайық. Жалпы, Сенат депутаттарының жұмысына ризамын.

Бірлігіміз бекем болса, кез келген қиындықты еңсереміз.

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, жұмыстарыңызға жеміс тілеймін Рақмет!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.