{metadescription}
Ата-анамыздың бала тәрбиесіндегі қателіктері

Ата-анамыздың бала тәрбиесіндегі қателіктері

Кеңес заманында ата-аналар мүлдем бөлек әлемде өскендей. Әңгіме бағзы замандағы ата-бабамыздың емес, Кеңестер одағында қалыптасқан әдеттері сөз болмақ. Ол кезде ата-аналар баласының психологиясына үңілуге мүмкіндігі де, мұршасы да болмаған – кінәлай алмайсың. Қазір бізде бар дүние ол кезде жоқ болды. Уақыт өзгерді. Баланың психологиялық денсаулығына көңіл бөлу өте маңызды. Сонымен, балаңыздың бақытты болып өсуі үшін не істеу керек? Бала тәрбиесіндегі жақсы мен жаманның ара-жігін ажыратып, кейбір ойланбай айтылған сөздердің бала психикасына маңыздылығын байқайық.  

«Төсегіңе барып ұйықта»

Кеңес заманында кішкентай баланың өз манежі болуы керек деген ереже болды. «Сен енді үлкенсің, жалғыз жатып ұйықтап үйрен»  - дейтін еді бізге әке-шешеміз. Қазіргі педиатрлар мен психологтар кішкентай баланың қайда жатып ұйықтауын тек ата-анасы шешпейді деп санайды. Егер кішкентай балаңыз анасының жанында жатып ұйықтағысы келсе, бетін қайтармаңыз. Бұл жерде, әрине, бірқатар ыңғайсыз тұстары бар екені рас. Дегенмен анасының қойнында жатқан баланың ұйқысы тыныш та, тәтті болады. Кішкентай баланың қаперсіз ұйқысы  - бірінші кезекте.  

Тамақ беретін уақыт болды

Бұрындары жаңа туған нәрестелерді қатаң тәртіппен емізетін. Бала қыңқылдап тамақ сұрап жыласа да, емізетін уақыттың арасы 3 сағат болуы тиіс, уақыт тәртібін сақтау керек деген ережемен тамақтандыратын. Қазір педиатрлар пікірін өзгерткен. Бала қай кезде тамақ сұраса, сол уақытта беру керек. Өзіңіз де тыныш, балаңыз да тыныш. Сондай-ақ, далада ойнап жүрген баланы желкелеп әкеліп мәжбүрлеп тамақ берген де дұрыс емес. Қарны ашқан бала өзі-ақ тамақ сұрап, рахаттанып жейді.

«Онда мен сені жақсы көрмеймін»

Бұрындары бала бір нәрсені істемей қойса: «онда сені жақсы көрмеймін» деп қорқытатын. Ата-ана баланың ананаға деген махаббатын осылайша саудаға салды. Бұл барып тұрған бопсалау! Кішкентай бала ештеңкеге қарамастан ата-анасын шексіз сүйеді. Оны ересек адам түсіне тұра, баланың бойына қорқыныш, күмән, күдік ұялатып, мазасын кетіреді. Ондай сөз баланың титтей  жүрегіне қаяу салады. «Не істесең де, мен сені өмір бойы жақсы көремін»  - деп айтудан жалықпаңыз.

«Осы сен неге өзіңді дұрыс ұстай алмайсың?»

«Шешесі жоқта тып-тыныш, әп-әйбат ойнап отырған. Анасын көре сала бажылдап, еркелеп, есімізді шығарды» - осындай сөздерді естімеген адам кемде-кем. Бұның астарында «анасы баласын тәрбиелей алмайды, тым еркелетеді» деген мән жатыр. Мұны естіген анасы баласына: «Сен неге өзіңді дұрыс ұстамайсың? Неге тәртіпсіз боласың? Неге бұзықсың» деп тап береді. Шын мәнісінде балалар басқа ересек адамның жанында тыныш болғанымен, әке-шешесін көргенде мінез көрсетуі – ол баланың өзін қауіпсіз сезінуінен. Демек, анасы – ең жақын адамы. Қауіпсіз сезінген бала еркелеп, ойына келгенін істеп, өзін еркін сезінеді. Демек, балаңыздың еркіндігіне тұсау салмаңыз.

«Көтере берме!»

«Қолға алып үйретпе, әйтпесе үйреніп кетіп, ертең қолыңнан түспей, таңнан кешке дейін көтеріп жүретін боласың!» — бұндай сөзді естімеген жан бар ма? Анасына қолын созған баланы көтермей, «өзің жүр» деп бетін қайтарған  - көңілін қайтарғанмен тең. Бетінен қақпаңыз. Анасының қолында иісін иіскеп, құшақтаған баладан бақытты жан бар ма? Психиатрлардың айтуынша, әкесі мен шешесінің қолынан түспейтін балада қорғаныш сезімінің негізі қаланады. «Қолдан түспейді» деген ұғым – тек уақытша. Аяғы шығып, айналасындағы дүниеге қызығушылығы оянғанда, бала қолға сұрана бермейді. Сондықтан «көтер» деп қиғылық салған баланың бетін қақпаңыз.  

«Қанша рет айттым, неге сөз ұқпайсың!»

Біздің әке-шешеміз қазіргі психологиядан хабары болмағаны рас. Ойынға қатты беріліп, тағы басқа дүниеге аңсары ауып ойнап отырған баласына: «Саған қанша рет айттым! «Жүр, тамақ ішеміз!» «Жүр, ұйықтайтын уақыт болды» деп айқайлайды. Таныс құбылыс, иә? 5-6 жастағы бала бір мезетте екі шаруаны қатар қабылдай алмайды. Яғни, есіл-дерті ойыншығына ауып отырған бала сіздің сөзіңізді естімейді. Ол мәселені шешудің жалғыз жолы: қасына жақын келіп, өзіңе назар аудартып, басынан, арқасынан сипаңыз. Балаңыз көзіңізге тік қарағанда ғана, айтар сөзіңізді дауыс көтермей, жәймен айтыңыз. Бала сонда ғана ұғады.

 «Тамағыңды тауыспайынша, стөлден тұрмайсың»

Бұл сөзді 90 пайыз бала естіген шығар. Қарның тойды ма, тоймады ма, бәрібір – тауысып жеуге міндеттісің! Осылайша балаға деген қамқорлығымызды танытамыз. Испания елінің педиатры Карлос Гонсалестің «Менің балам тамақ ішкісі келмейді» деген кітабында бұл жағдайды тәмпіштеп түсіндіреді. Кейбір баланың тәбеті төмен. Көп жағдайда баланың ағзасы өзіне қанша тамақ керектігін ажырата алмайды. Ересек адамның ас қорыту жүйесінің бұзылуы мен оның бала кезгі тамақ ішунің арасында үлкен байланыс бар. Сондықтан балаға үйде бар тамақты беріп, тамағын тауысып жемесе, мәжбүрлемеу керек. Сонда баланың да, ата-анасының да жүйкесі тыныш болады.

«Есейдің, үлкен болдың»

«Маған жабыспа, етегіме оралма, сен енді үлкенсің», — үлкен буын арасында анасына қатты бауыр басқан балаға осылай айтылған сөздерді естімеген адам кемде-кем. Кейбір аналар өзгелердің әңгімесін естіп, белгілі бір идеяға беріліп, өз баласын тезірек ересектер әлеміне енгізіп, тәуелсіз еткісі келеді. Психолог Ольга Писарик адамдардың бір-біріне бауыр басуы туралы жазған кітапшасында былай дейді: «Баланың тәуелсіздігін жылдамдатып, тездету мүмкін емес. Тәуелсіз болуға үйрету немесе үйрену баланың бойындағы тәуелсіздікке мұқтаждық толығымен қанағаттандырылғанда ғана пайда болады». Демек, балаңыз ата-анасының қанатының астынан шығуға өзі шешім қабылдағанда ғана тәуелсіздік жүзеге асырылады. Оған итермелеудің еш мағынасы жоқ.

«Шапшаң, жылдам қимылда!»

Баласының кішкентай кезін әңгімелеп отырған анасы оның қандай болбыр немесе тым шапшаң болғанын жақтырмай есіне алады. Әсіресе баласының болбырлығын. Кейде жай қимылдайтын бала ата-анасының жүйкесін тоздырады. «Жылдам, тез» деген сөзді естімеген бала кемде-кем. «Ойпырмай, мынау неге киімін бес сағат киді?», «Сөмкесіне кітаптарын салғанша тағатым таусылды» деп кейіп, баласына ренжиді. Түсініңіз: баласы мен ата-анасының темпераменттері әр түрлі болады. Сол себепті біреу бір минутта жиналса, екінші адам тап сол әрекетке 10 минут кетіреді. Және баяу қимылына бала кешірім сұрауға міндетті емес. Сондай-ақ, баладан кешірім сұрайтын ата-ана кемде-кем. Онымен қоса, баласының  аузын аштырмай: «Ересектерге неге жауап қайтарасың» деп тарпа бас салады. Баласын ұялтып, мұқатып, ұрсып, тіпті жер-жебіріне жетеді. Дегенмен баласын әділетсіздіктен қорғап, оның алдында өз қатесін мойындап, кешірім сұраған ата-ананың баласы өте сезімтал, алғыр болып өседі дейді психиатрлар.

«Ұялмайсың ба? Ұят қайда?»

Ұят — кез келген адамға тән сезім. Ата-анасы кәмпитін бөліспеген, біреудің ойыншығын тартып алған, сабақта нашар баға алған, киімін жыртып алғаны үшін баласын ұялтуға құмар. Ұялта берген бала есейген сайын осындай ұят сезімінен арыла алмауы мүмкін. Тіпті ол сезім зиян әкелуі де мүмкін. Қатты ұялта берген бала өсе келе,ойын ашық айтуға, бір нәрсені бастап істеуге, қандай да бір батыл әрекет жасауға қысылатын болады. Яғни, қалаған нәрсесіне қол жеткізе алмайды. Сондықтан баланы жерге кіргізіп ұялтудан бұрын, ол әрекет неліктен ұят болып табылатынын, яғни, себебін  асықпай түсіндіріңіз. Яғни, ненің жақсы, ненің жаман болатынын ежіктеп ұқтырыңыз.

«Болмашы нәрсеге бола жылағаныңды қой! Ырылдама!»

Көбінесе ата-әжелер кішкентай баланың жылаған дауысын көтере алмайды. Шырылдаған дауысты ести сала, «шабуылға» көшеді: «Әне, қара, торғай ұшып барады!», «Не болса соған жылағаныңды тый!» Жылап отырған баланың көңілін, назарын басқа жаққа аударып, болмаса жекіре жөнеледі. Бұл баланың басында пайда болған проблемадан ауытқу, түйткілді шешпеу — міне, осы екі қағидамен жетілгендер көп. Алайда психологтар балада пайда болған проблеманы ысырып тастамай, оның «трагедиясын» баламен бірге бастан кешіруге кеңес береді. Сонда ол түйткілін ішіне бүгіп қалмай, сыртына шығарады. Ал бұл, өз кезегінде, болашақта өз эмоциясын жақсы түсініп, көз жұма қарамай, қиындықтарды еңсеруге жол ашады.

«Бар, бұрышқа тұр!»

Бұл Кеңес заманынан қалған ең жаман әдет. «Бұрышқа тұр да, тәртібіңді қалай түзейсің, соны жақсылап ойлан!» Бұл жаза көмектесті ме? Жоқ. Бала тек бұрышқа тұрған жаман екенін ғана ұқты. Бұрышқа тұрғызып жазалау  —  балаға ұқтырудың ең сұрқия тәсілі. Бұрышқа тұрғызу арқылы балаға оның неліктен кінәлі болғанын ешқашан  түсіндіре алмайсың.  Уақыт өте келе, бұл сұрқия тәсіл күшін жояды. Бала мүлдем бой бермей кетеді. Өйткені бала ересектерді түсінгісі де келмейді, оларға сенгісі де келмейді.  

Сонымен… балаңызды қалай тәрбиелейсіз? Өзіңіздің ата-анаңыз қолданған тәсілмен бе, әлде қазіргі заманға сай, психологтар мен педиатрлардың кеңесіне құлақ түріп, заманауи тәсілді қолданасыз ба?

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.