Жас үйленген Абайдың амалсыздық күйі...
Абай неше жасында әке болды? Ол тұңғыш ұлы туғанда неге ауылдан кетіп қалды? Абайдың ұлын кім бауырына басты? Абай отбасылы болған алғашқы жылдары әкелік халіне неліктен бірден үйренісе алмады, неге амалсыздық күн кешті? Түнімен ұйқы бермей жылаған кішкентай қызын Абай қалай атайтын болды?
Автор: Заира Сабитова
Абай үйленгелі бірнеше жыл болды. Ділдә (Абайдың бірінші әйелі – ред.) келін боп түскен жылдың келесі көктемінде бұлардың үлкен баласы Ақылбай туды. Екі өткенде Күлбадан деген қыз туды. Ол бірден асқанда Ділдә үшінші баласын көтерген.
Аз жылдың ішінде бірнеше баланың әкесі болса да, Абай әлі өзінің осы халіне үйреніп болған жоқ. Оған үйлеріндегі үлкен шешелері де себеп болды. Ақылбайды Ұлжан (анасы – ред.) өзі бауырына алып, өз баласы қып алды.
Тілі шығып қалған Ақылбай Абайды әкем екен деп білмейді. Жай анда-санда ас басында көрініп кететін көп үлкеннің бірі, бөгде таныстай көрінді. Абай да оны ыстық көріп, бой тартқан емес. Өйткені ол бала мұның жастығына зорлық еткендей боп, тіпті ерте туды.
Ең алғаш Абай 17 жаста әке болды. үйленудің өзі бір тәңір құдіретіндей амалсыздықтың күні еді. Соның артынан ес жиғызбай, ілесе келген келген әкелік, тіпті бір мазақтай, қатал зорлықтай көрінген.
Алғаш Ақылбай туған күні жеңгелері:
-Балалы болдың!
-Енді, міне, сен әкесің!
-Қайырлы болсын! – десіп, күліп қамалаған.
Сонда Абай бір ұялып, бір қиналып, не қыларын білмей, атына мініп кетіп қалған. Ауылына үш-төрт күн өткенде бір-ақ оралып еді...
Кішкене қызы Күлбаданды да Абай әлі танып болған жоқ. Ол да күні бойы шешелер үйінде, солардың бауырында болады.
Ділдә бейнелес, ақ сары, мазасыз қыз кеш болғанда ғана отауға келеді. Абайды әкелікке еріксіз көндірем дегендей боп, Күлбадан түні бойы ұйқы бермей жылайды. Сонысының өзімен де, ол жас әкемен екі арасын бітімсіз қып қойды.
«Тыныш ұйқыдан кісіні шаяндай шағып оятады» деп, Абай оны «Сары шаян» дейтін, - деп жазылған «Абай жолы» романында.
Абай жолы» – төрт томды эпопеялық көлемді роман қазақ қоғамының жарты ғасырлық әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық ғұмырын мейлінше дәл, айқын, адал бейнелейді. Оқиғалар жыл маусымдарының төрт мезгіліне бірдей, тәуліктің әр түрлі сәттерінде, күн демей, түн демей, толассыз өтіп жатады. Бұл бір мәңгілік толас таппас жақсылық пен джамандық, махаббат пен ғадауат, әділет пен зұлымдық шайқасы ретінде бейнеленеді. КТК арнасы ұлы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арнап, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" роман-эпопеясын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында романның ең қызықты да, әсерлі жерлерінен үзінділер ұсынады.
АБАЙДЫҢ АНАСЫ ҰЛЖАННЫҢ ҚҰНАНБАЙҒА АЙТҚАН АҚЫРҒЫ СӨЗІ