Зейнетақы қорынан ақша шешіп алу: Кім? Қашан? Қалай?
Зейнетақы қорындағы жинақты қашан шешіп алуға болады? Шешіп алу үшін онда қанша ақша болуы керек? Зейнетақы жинағын пайдалануға кімнің мүмкіндігі бар? Баспанасы барлар зейнетақы жинағын басқа пәтер алуға жұмсай ала ма? Шешіп берген қаражатқа алынған баспананы сатуға бола ма?
Автор: Заира Сабитова
Ақшаның жеткілікті шегі деген не және оны қалай есептейді? Зейнетке шығу жасын төмендетуге қатысты мәселе қайта қарала ма?
Зейнетақы жинағын шешіп алу үшін онда қаражаттың жеткілікті шегі болуы қажет
«Жеткіліктілік шегі» – белгілі бір жастағы салымшыға зейнетақы жинақтарының ең аз қажетті сомасы. Ол әркімнің өз жасына белгіленеді. Азамат зейнет жасына дейін тұрақты түрде жарнаны кемінде ең төменгі жалақыдан аударып отырған жағдайда, зейнетке шыққаннан кейін 82 жасқа дейін ең төменгі зейнетақы мөлшерінде алуға мүмкіндік беретін сома, қаражаттың көлемі. Сол қаражат бар болса, оның асқанын ала алады.
Жеткіліктілік шегінің негізгі параметрі:
- әйелдер мен ерлерге бірдей көрсеткіш;
- жеткіліктілік шегінің мөлшері жыл сайын есептелінеді;
- кірістілікке, инфляцияға қарай;
- ең төменгі төлем мөлшерінің өзгеруіне қарай ;
- жеткіліктілік шегінің мөлшері әр жасқа бөлек белгіленеді;
- 20 жастан бастап есептелінеді.
Зейнетақы қорындағы жинақты қашан шешіп алуға болады
2021 жылдың 1-қаңтардан бастап. Үкімет заңнамаға қажетті түзетулерді осы жылдың соңына дейін қабылдайды.
Жеткілікті шек:
30 жас – 2 млн 518 мың;
35 жас – 2 млн 961 мың;
40 жас – 3 млн 437 мың;
45 жас – 3 млн 947 мың;
50 жас – 4 млн 495 мың;
55 жас – 5 млн 084 мың;
+59 жас – 5 млн 586 мың теңге.
Бұдан асқан соманы өз еркімен алуға құқылы. Осы «шекті» сомаларға қол жеткізу табысы елдегі орташа айлық жалақы деңгейінде болатын тұрақты жұмыс істейтін азаматтар үшін қолжетімді.
Кімдер қандай жағдайда жинақтарының бір бөлігін алуға қауқарлы?
- Жұмыс істеген әрі жұмыс істеп жүрген ҚР азаматтары.
- БЗЖҚ-да жарналары бар;
- Жиналған сомасы жеткіліктің шегінен асатын;
- Зейнет жасына жеткен азаматтардың жинақтаушы қорында қаражаты бар болса, оның 50 пайызына дейін алады.
- Зейнетақы аннуитетін ресімдеген және әлі де жинақтары бар азамат.
Жоғарыда аталған санаттағы азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында, сондай-ақ өзі, ерлі-зайыпты немесе жақын туыстары (атасы/әжесі, ата-анасы, баласы, немересі, аға-інісіне) емделу ақысын төлеу үшін пайдалана алады. Мақсатты пайдалану үшін осы отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге болады.
Белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда алып қою саны бойынша шектеулер көзделмеген, яғни азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін бір немесе басқа мақсатқа қайта пайдалана алады.
Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану тұрғын үй (бастапқы және қайталама нарықта) немесе жер учаскесін сатып алу, ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру немесе өтеу (кез келген екінші деңгейдегі банкте, кез келген бағдарлама бойынша), өз тұрғын үйін салу немесе жөндеу мүмкіндігін және тұрғын үй жағдайын жақсартудың басқа да нұсқаларын көздейді.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мүмкіндігін 721 мыңнан астам қазақстандық пайдалана алады.
Баспанасы барлар зейнетақы жинағын басқа пәтер алуға жұмсай ала ма?
Тұрғындардың баспанасы болса да, зейнетақы жинағын басқа тұрғын үй алуға пайдалана алады. Бұл бағытта шектеу болмайды, яғни тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану мүмкіндігі беріледі. Егер бір бөлмелі пәтер тарлау болып, оның орнына екі бөлмелі пәтер алуға шешім жасалса, онда БЖЗҚ-дан ақшаны шешуге немесе қосымша төлеммен пәтерді айырбастауға рұқсат етіледі.
Бір бөлмелі пәтерді сатып, одан түскен ақша мен зейнетақы жинағын қосып, екі бөлмелі пәтерді сатып алуға болды.
Шешіп берген қаражатқа алынған баспананы сатуға бола ма?
Зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып сатып алынған тұрғын үй 5 жыл өткеннен кейін ғана сатылуы мүмкін.
«Бір терезе» қағидатымен зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жасқартуға мақсатты пайдалануға уәкілетті оператор ретінде қайта құрылатын «Отбасы банкі» («Тұрғын үй жинақтаушы банкі» АҚ) ұсынылады.
Зейнетақы жинақтарын төлеу есебінен тұрғын үй жағдайын жақсарту тәртібін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекітеді.
Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру қалай іске асырылады
Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайтын болады.
Салымшы зейнетақы жинақтарын басқаруға беру үшін жеке қаржы компаниясын таңдауды БЖЗҚ-ға өтініш беру арқылы жүзеге асырады.
Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайды.
2021 жылдан бастап жоғарыда аталған санаттағы азаматтар БЖЗҚ-дағы жинақтардың бір бөлігін мақсатты пайдалану үшін алу құқығын іске асыра алады.
Зейнетке шығу жасы мәселесі
Зейнетке шығу жасын азайтуды қайта қарастыру мәселесі қазір талқыланып отырған жоқ. Зейнетақы жүйесі еңбек өтіліне байланған. Еңбек қызметіне төленетін ынтымақты зейнетақы мен кепілдендірілген базалық зейнетақы, сондай-ақ жинақтық құрамдауыш бар.
Ол жинақты зейнетақы жүйесі жоғары бысымдыққа шығып отыр. Бұл бағыт бәрінен бұрын жинақ жүйесіне қатысу ұзақтығы мен жинақ сомасына байланысты.
Мақсат – халықтың табысын, лайықты жинақты арттыру, жұмыспен қамтылу деңгейін көтеру, қордағы зейнетақы активтерінің кірісін арттыру.