{metadescription}
Жар салу: КТК жаңа жерде жаңа маусымға жанын салды

Жар салу: КТК жаңа жерде жаңа маусымға жанын салды

Жаңа маусымда КТК арнасы көрерменді айрандай аптап, күбідей күптейді. Енді КТК көрермені тікелей эфирдегі диалогқа қатыса алады. Қалай? Орта Азиядағы ең үлкен led экран тек КТК арнасында. Бұл рас па? КТК 20/21 маусымына не ұсынады?  

Жаңа телевизиялық маусым әрдайым тың дүние мен жаңашылдықтың жаршысы. Жаңа маусымда КТК телеарнасының келбеті самаладай жарқырап, заманауи өзгерді. Судай жаңа технологиямен жабдықталған студия ақпаратты тиімді ұсынуға керемет мүмкіндік беріп отыр. Бұл жолы Жаңалықтар ақпараттық бағдарламасы заманауи өзгеше стильде шығуына мән берілді. Тілшілердің сараптамалық сюжеттері жүргізушінің авторлық көзқарасымен толықтырылады. 

КТК жұрттың проблемасына, мұң-мұқтажына құлақ асатын телеарна екенін жариялап отыр. Осындай жағдайда КТК журналистерінің жауапкершілік жүгі арта түседі. Ендігі жерде журналистер тұрғындарға сауатты, қазіргі қабылданып жатқан заңдар, мемлекет тарапынан немесе әлеуметтік көмектерге қатысты заңдарды, ережелерді тұрғындарға түсінікті, сауатты түрде жеткізуге бар күшін салып отыр.

Эксклюзив, экшн, өткір тақырып, шулы оқиға, көкейжарды мәселе – КТК көрерменін эфирден көзін екі елі тайғызбайды. КТК Жаңалықтарының тілшілері тікелей эфирден еліміздің түкпір-түкпірінде болған оқиғаның майын тамызуға дайын.

Енді:

  • КТК арнасы Орта Азиядағы ең үлкен led экраннан ақпарат таратады. Соңғы үлгідегі қашықтан басқарылатын лед жарықтандыру жүйесі, заманауи HD форматты камералар – автоматтандыру жүйесі КТК ЖАҢАЛЫҚТАРЫН тікелей эфирден шұғыл береді.  
  • Жаңалықтар тілшілері ғана емес, бүкіл ұжымның шапшаң жұмыс істеуге мүмкіндігі бар.
  • Журналистер оқиға орнынан тікелей тек эфирге емес, әлеуметтік желілерге де шыға алады.

КТК халықтық арна екенін тағы бір дәлелдеді. Енді дүйім жұрт әлеуметтік желіде КТК арнасын тікелей эфирден тамашалап қана қоймай, пікірін жазып, толғандырған сұрағын қоя алады. Сөйтіп, КТК арнасы көрерменіне тікелей эфирдегі диалогқа қатысуға жағдай жасады.

КТК – ЖАҢАЛЫҚТАР тілшілеріне бүкіл сюжетін тікелей эфирден беруге қолайлы жағдай жасады. КТК арнасының жаңа ғимараты, техникалық жабдықталуы журналистердің жұмысына жаңа күш, тың серпін, шабыт берері сөзсіз.

Ең бастысы, әлемді жайлаған індет – коронавирус бізге көп нәрсені үйретті, әлі де үйретеді: қалай жұмыс істеу керек, қандай форматы таңдау керек? Ең бастысы, жаһандық пандемия жағдайында өз еліміздің шеңберіндегі контент қажеттігін ұқтырды. Бұған КТК жаңалықтарының және ток-шоудың рейтингтері дәлел. Коронавирусқа қарсы күресте КТК өзін телевизияның сенімді әрі толыққанды ақпарат көзі екенін дәлелдеді – көрермен қауымды дер кезінде толыққанды ақпаратпен қамтамасыз етіп отырды. «Жаңалықтар» қызметі төтенше жағдай мен карантин кезінде – сын сағатта хабар таратуын тоқтатпай, ақпарат жеткізудің жаңа тәсілін де ойластырды. Жұрт қазір тележаңалықтарды, телебағдарламаларды көбірек көретін болды. Осы тұрғыдан алғанда КТК телеарнасын көрермен қауымы көп жылдан бері халықтық телеарна ретінде жақсы біледі. КТК телеарнасы елді толғандыратын әлеуметтік және өзге де мәселелерді дер кезінде қозғап, түйткілдерін шешіп келеді.

Жаңалықтармен қатар бағдарламалар да өзекті мәселелерге ат салысады.

Бір ғана «Дау-дамайсыз» бағдарламасы қарашаның көптеген мәселесін шешіп берді. Ал жаңа маусымда «Дау-дамайсыз» өткір тақырыптарға көшті. Жақын шет елдердегі қазақтардың дауларына араласты, онлайн оқудың машақатын көрсетіп, «қайыршылардың» бетпердесін шешіп, індет ілмегіне түскендердің оң/теріс әрекеттерін әшкерелейді. «Дау-дамайсыз» жаңа маусымда әр аптаның жұмасында, сағат 20:00-де. Бағыты сол қалпында – заңсыздықпен күрес.

 

Қордаланған мәселе, күрмеуі қиын түйіткіл тың ток-шоудың назарынан тыс қалмайды. «Астарлы ақиқат» талай жылаған жанды жұбатып, қиналғанға көмек көрсетіп, сүрінгенге сүйеу болған. Бұқараның басындағы түйткіл өзгермепті. Тұқыртқан тұрмыс, алаяқтар қақпаны, отбасындағы шытынаған қарым-қатынас. Сабыры сарқылып, төзімі таусылғандардың жанайқайы тіптен бағдарламада жанжалға ұласып жатыр. «Астарлы ақиқат» дүйсенбі-бейсенбіде сағат 20:00-де судай жаңа студияда кейіпкерлермен ақиқаттың астарын ақтарып, түйіткілдің күрмеуін шешеді. 

 

«КТК web» бағдарламасы ғаламтордағы сұмдық пен желідегі шындықты әшкерелейтін жоба. Жұртты толғандырған, ел аузында жүрген әлеуметтік мәселе көптеп қамтылады. Міндетіне атүсті, салғырт қарайтын шенеуніктерді, олардың  оғаш әрекетін юмор, сатира тілімен жеткізеді. Бірнеше автордың белгілі бір мәселе қатысты видеосын сараптап, жалған ақпаратқа тойтарыс береді. Проблеманы түсінікті етіп, оның себеп-салдарын жан-жақты талқылап, қарашаға ұғымды тілмен жеткізеді. «КТК web»-та тақырыпқа шектеу жоқ, жеңіл-желпі жоба емес. 

 

Кино сүйер қауымға:

Әлемнің жүз елінің көкірегін қарс айырған Түркияның «Кектен туған махаббат» сериалын енді КТК арнасынан қазақ тілде көре аласыз.

КТК өз кино өндірісін дамытып келеді. Жаңа маусымда көрермен КТК-ның қатысуымен түсірілген кем дегенде төрт сериалды көреді:

КТК арнасы мелодрама мен экшн жанрында сериал түсіруге бар жанын салды.

КТК-ның «Жақыным алыс» телехикаясы –  20 жыл бұрын шалыс басқан келіншектен туған сәбидің адам нанғысыз оқиғасы. Біздің қоғамды мазалайтын басқа да әлеуметтік тақырыптарды қозғайды. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық.

«Дурь» телехикаясы,  «Алаяқтар» картинасы өте қызықты әрі әлеуметтік маңызы бар. «Дурь» – бұл есірткіге қарсы күресті бейнелейтін криминалды телехикая. Есірткінің қолжетімділігі туралы сөйлесеміз – сериал жаңалықтардың күн тәртібінде тұр.

Ғылыми-көпшілік «Ежелгі көшпенділер аңызы» сериалы байырғы наным-сенім жайында сыр шертеді.

Бірнеше судай жаңа Ресей, Украина елдерінің тұсаукесер мелодрама жанрындағы телехикаялар, рейтингісі мықты экшн сериалдар, сондай-ақ ділімізге жақын өзбек телехикаялары.  

Отандық сериалдар қарқыннан қалыспай, көрермен қанағатын қандырады деп сенеміз.

КТК телеарнасы ілім іздеуден еш жалыққан емес. Телеарнаның 30 жылдық тарихында КТК ұжымы көп еңбектенді, оқыды, тоқыды, қателіктен сабақ алды, үйренді және дегеніне де жетті. Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, КТК – халықтың көзі, құлағы хәм тілі міндетін атқара береді.

Ендеше, КТК телеарнасының жаңа маусымының шымылдығы түрілді. Әлеуметтік желілердегі біздің парақшаларымызға пікір білдіріңіз. Жақпаса, сын айтыңыз, талқылаңыз, бір сөзбен айтқанда, қалыс қалмаңыз.  

Біз, КТК телеарнасы қоғам үніне құлақ асып, халыққа еңбек етеміз! 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде