{metadescription}
КТК көрермен көңіліне көлденең шықпайды

КТК көрермен көңіліне көлденең шықпайды

КТК арнасы жаңартылған аппараттық-студиялық кешенде жаңа маусымының шымылдығын түрді. КТК Жаңалықтары енді Қазақстандағы ең ірі студиядан таратылады. Телеарна қалай дамып келе жатыр және 30 жылдық мерейтойын қандай нәтижемен қарсы алады? Көрерменін несімен қызықтыра алады? КТК телеарнасының Бас директоры Эльмира Джамиловаға құлақ түрсек.

– КТК – еліміздегі алғашқы жеке телеарналардың бірі және телевизия нарығында әрдайым жетекші орында келеді. Телеарнада ауыз толтырып айтарлық өзгеріс бар ма? 30 жылдық мерейтойына қандай қорытынды береді?

Өзгерістерді айту үшін эфирге шыққан алғашқы күндерге оралсақ, көңілде бәрі сайрап тұр. Таяуда біз «90-жылдар: Ұмыт болған таспалар» деректі фильмін түсіріп көрсеттік. Онда ақпараттық бағдарламаның алғашқы қарлығаш-журналистері арнаның басты айырмашылығы – бейресми болғанын есіне алды. Яғни аудиториямен тың байланыс орнатты – ақпаратты ұғынықты, қарапайым тілмен жеткізіп, журналистің стендапы жұртқа жылы, жақын болды, дауыс екпіні көрерменді бірден баурап алды. Әрине, белгілі бір заңдылық сақталды. Сөйтіп осы ұсынылған жол – посткеңестік адамға бет бұрып, оны бағдарлама, сюжет, репортаждарының бас кейіпкері етуі таптырмас шешім болды. Эфирдің алғашқы өнімдері асығыс жасалғандығы, субъективизмімен ерекшеленгені, үзілді-кесілді сарында болғаны рас. Көбінесе авторлардың таланты мен басқаларды өз ырқына бағындыра білуге негізделген ерекше беделіне сүйенді. Ал техникалық деңгейі сол уақытқа сай болғанымен, алғашқы КТК-ға тән шынайылық пен бейресмилік елдегі басқа медиада ұзақ уақыт байқалмады. Сөйтіп біз осы негізгі генетикалық код – «халық телеарнасын» сақтауға тырыстық. Осыдан 12 жыл бұрын біздің команда келген кезде құнарлы топырағын тиянақтап өңдеп, бизнес тұрғысынан маркетингке бейімделген, іскерлік тұрғыдан тиімді етіп қайта қарастырдық. Өйткені мемлекеттік емес арнаның жалғыз табыс көзі – жарнама, осы тұрғыда КТК шынымен де елдегі өзін-өзі ақтайтын аздаған БАҚ-ның бірі.  

30 жылда көп нәрсе өзгерді: еліміз, көрермен, жаңа буын келді, жаңа технология – осының бәрі медиа тұтынуда төңкеріс жасады. Тек өзгермеген –  қарапайым адам. Ол КТК бағдарламаларының бас кейіпкері болып қала береді. Бұл біздің түбегейлі айырмашылығымыз. Бізді стиль, тон, форматымызға бола  айыптауға болады, бірақ біз басына күн туған, еңсесі түсіп еңкілдеп жылаған еңкейген кәрі мен мен еңбектеген жасқа ернімізді шүйірмейміз, солардың жыртысын жыртамыз.  Неге десеңіз, КТК сюжеттерінің бас кейіпкері – тұрмыс тауқыметін тартып зар илеген,  әлеуметтік түйткілі ретке келтірілмеген жандар. Оны «Дау-дамайсыз» жобасы мен «Астарлы ақиқат» ток-шоуынан көресіз.

– Былай қарасаң, теледидар тамашалайтындардың қатары жыл өткен сайын сиреп барады. КТК-ның онша өзгермегенін айттыңыз. Телеарнада түбегейлі өзгеріс бола ма? Бағытынан, қатал мазмұннан бас тартып, ойын-сауық өнімдерін сатып алу жоспарда бар ма? Жаңа маусымнан не күтеміз?

Түп-тамырын түсіне білсек, телеэфир – бұқаралық коммуникациялық арна. КТК бұқараға – барынша кең аудиторияға арналған. Бизнес, мәдениет немесе спортқа емес. Сол себептен жанр мен тақырып таңдауда өзіндік «әмбебап тәсілі» бар. Жаңалықтар – діңгегіміз, мазмұнымызды құраушы өнім. Тағы бір белді жанр, хабар тарату желісінің 60 пайыздан астамы – телехикаялар. Әрине, тек өзіміз түсірген  өнімді көрсеткіміз-ақ келеді, көрермен қалауын қанағаттандыру қолымыздан келеді. Бірақ жалпы еліміздің телевизия нарығында, атап айтқанда, КТК үшін де, өз сериалыңды түсіруден гөрі, шетелдік сериал тарату құқығын сатып алу әлдеқайда арзан. Сондықтан эфиріміз сатып алынған өнімді көбірек қамтиды. Ресейлік, көбінесе жаңа сериалдар орыс тілде, өз елінде ең танымал түрік және өзбек мелодрамаларының тұсаукесері КТК-да мемлекеттік тілде орысша субтитрмен беріледі.

Кез келген ірі эфирлік телеарнаның жетістігі – хабар таратудың тұтас маркетинг кестесінде.Мұнда меншікті және сатып алынған өнімнің тепе-теңдігі, таймслоттар (timeslot — уақыт ұяшығы-Ред.), заңмен реттелген нормалар және тағы басқа факторлар мұқият сақталады. Қарапайым тілмен айтқанда, сатып алынған өнім мазмұнымызға сәйкес, бір-бірін күшейтіп, негізгі аудиторияның үмітін ақтай алады.

КТК бейресми авантюралық комедиялардың, бейберекет StandUp немесе «үйлендіру» тақырыбындағы арандатушылық реалити-шоулардың жетегінде кетпейді. Рас, «дәмін татып» көрдік, бірақ көрермендердің «түңілісін» ескердік. Көрермен «жүрегін айнытатын тағамды» жақтырмайды. Оған қоса, бізде «кері байланыс» бар. Ол әлемдегі кез келген телеарнаға деген сұраныстың көрсеткіші, рейтинг және т.б. медиаметриялық көрсеткіштер. Бизнес тұрғысынан біздің де тиімділігімізді анықтайды.

– Қазір рейтинг көрсеткішіне көңіліңіз тола ма? Келесіде қандай мақсат қоясыз?

Нарықта көп жыл бойы «Еуразия» Бірінші арнасынан кейін тұрақты екінші орында келеміз. Жасыратыны жоқ, өткен жылдан бастап оның да желкесінен төніп тұрмыз.  

Құлағы түрік көрермен байқаса, қазір қазақтілді аудиторияның үлесі артып келеді. Бүгінде ол 70 пайыздан астамын құрайды. Бұл әлеуметтік-демографиялық процестерді көрсететін заңды фактор. Бірақ қазақтілді (немесе басқа) аудиторияға арналған өнім тілмен қатар ділін, ұлттық құндылықтарын, медиатұтынудың ерекшеліктері мен т.б. қырларын да қамтиды. Егер бұл ескерілмесе, онда қыл үстінде қызыл май болғаның. Осы үрдістен қия баспай, көрерменге көлденең шықпай, көңілінен шығамыз.  

Айтпақшы, медиа тұтыну тақырыбын жалғастыра кетейін. Телехикаяларда оқиға желісі жетекші рөл атқаратынын атап өткім келеді. Мысалы, КТК арнасының 2019 жылғы жүзіктің көзінен өткендей екі шағын сериалының  эфирде де, YouTube-те де асығы алшысынан түсті.

2020-2021 маусымына КТК арнасы бірнеше көңілге қонымды шағын  сериал ұсынады. Әсіресе «Дурь» қылмыс драмасы. Продюсерлеріміздің экшн жанрында қанжығасын майлаған «Қызыл деңгей» сериалында айтарлықтай тәжірибе жинақтаған. Қазір бұл мың да бір дауа. «Дурь» – есірткіден есі танған есіріктердің күнделікті өмірі туралы ғана емес, адамды мұрттай ұшырған әлсіздігі, жапандағы жалғыздығы, мысы құрып мүлт кеткеннің жан азабы, жүйкесі жүндей түтілгеннің моральдық таңдауы – карантиннен кейінгі Алматының шындыққа негізделген декорациясынан көрсетіледі.

Маңдайалды өнімдеріміздің бірі – деректі қайта құру жанрындағы «Было дело» жобасы. Енді Қазақстанда 90-жылдары жасалған жеті қабат жер астындағы атышулы қылмыстарды жариялаймыз. Барлық оқиғаға, тергеу құпиясына, қылмыскерлерді іздеуге сол кезгі кәнігі қылмыстық іздестіру бөлімінің қызметкерлері мен прокуратура тергеушілері түсініктеме береді. Сахналанған деректі фильмнің әр сериясы нақты қылмыстық іске ғана емес, өткен дәуірдің жолғы-жорамалдарына да арналады.

– Коронавирус індетінің бүкіл әлемдегі телевизия индустриясы өндірісін тоқтатып немесе кейінге шегертуге айтарлықтай ықпа етті. Оның салдары табыс пен жұмыспен қамтуға кері әсерін тигізді. Өндіріс тұрақтылығын қалай сақтап қалдыңыздар?

Коронавирус бізге тиімділіктен бастап, көп нәрсені үйретті, үйрете береді. Тек медиа нарықта емес, жалпы бизнеске де үйретеді. Төтенше жағдай режимінде бүкіл өндірістік блок жұмысын тоқтатпады. Негізі, ТВ-де бұл мүмкін емес. Бірақ қала маңында тұратын көптеген қызметкеріміз іс жүзінде жұмысқа бара алмады. Өндірістік процесс, жұмыс кестесі және  т.б. нәрселерді қайта қарау керек болды. Салыстырмалы түрде айтсам, төрт қызметкердің орнына тек біреу жұмыс істеді. Бұл, әрине, ауытқушылық. Бірақ уақытша ауытқу тиімділігімізді арттыруға итермелеп, одан да шапшаң әрі оңтайлы еңбектенуге ынталандырды. Қысылтаяң шақта аудиториямыз жеке – бір жердің шеңберінен аспайтын контенттің қажеттігін ұқтырды.  Бұған дәлел: індет кезінде тікелей эфир ережесіне көшкен жаңалықтарымыздың аспандаған рейтингісі мен «Астарлы ақиқат» ток-шоуының жоғары көрсеткіштері. Ақпараттық команда мүмкіндігінен артық, 200 пайыз пәрменін салып қызмет етті. Жаңалықтар таратылымы көрнекі, мазмұн, стилистика тұрғысынан өзгерді. Тікелей трансляция, тілшілердің оқиға орнынан эфирге қосылып, жедел ақпарат дәлме-дәл уақытында  берілді. Әрине, эксклюзив – коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар басқалардан бұрын КТК эфирінде көрсетілді. Қарапайым адам өз еркімен тұрмақ, қусаң да маңына жуымайтын блок-посттар, КВИ жұқтырған науқасы бар оқшауландырылған үйлер, зертхана, ауруханаларға КТК тілшісі бас сұғып, заманауи гаджет, технологияның арқасында мобильді репортерға айналды. Осылайша біз Қытай, Иран, Австрия, Италия, Швейцария және басқа елдердің індетпен қалай күресіп жатқанын көрсетіп, бүкіл әлемді қамтыдық.

Осы кезеңде КТК жаңалықтарының рейтингісі  2,5 есеге өсті. Сәуір айының қорытындысында елдің ең танымал 10 бағдарламасының бесеуін «Новости» иеленіп, маусымда алдыңғы үш орынға жайғасты. Қыркүйекте «Новости» басқа бірде-бір ақпараттық бағдарлама Қазақстанның ең рейтингті 10 жобасының қатарына енген жоқ. Ал шілде айында «Новости» үздік ондықтың бесеуіне енді.  

Екінші жағынан, індет экономикалық дағдарыспен қосанжарласып келді. Офлайн тұтынушылардың белсенділігі төмендеп, жарнама жайына қалып, жоспарланған бюджет естен тандырды. Бұл да қорды оңтайландырып, бірқатар өзгеріс енгізуге мәжбүр етті.

 – КТК арнасы digital -бағытын белсенді дамытып, ол жеке бөлім болып құрылды.  Сонда сайт және басқа интернет-платформалар тек эфирді  насихаттаумен шектелмейтін тәуелсіз өнім деуге бола ма?  

Басқаша болуы мүмкін емес. Тіпті бұл бағытты кешеуілдеткен шығармыз. Тап қазір керемет түрлендірудің басында тұрмыз. Біздің көз алдымызда классикалық телевизия сигнал таратудың дәстүрлі технологиялық түрінде жоғала бастайды, бірақ кәсіби контентті өндіруші ретінде алдыңғы қатарда болады, өйткені тұтыну өскен үстінде өсе береді.  

Бүгінде біз ең алдымен сапалы, сұранысқа ие контент жасаушы екенімізді айқын түсіндік. КТК – жоғары бәсекеге қабілетті, мол тәжірибесі бар кәсіби команда. Продюсерлеріміз бен авторларымыздың қоржынында мақтануға тұрарлық дүниелер жоқ емес. Халықаралық индустриялық фестивальдарда жоғары марапатқа (соның ішінде Гран-при) ие болған әлеуметтік роликтер: «Той жыры-2 немесе Қазақтардың үйлену тойы», «Мән-мағына» топтамасынан «Қызым», «Бір халық. Бір ел. Бір тағдыр» қысқаметражды фильмдері, «Тәуелсіздіктің 25 жылы үш минутта» және т.б. роликтер. Бірегей мультимедиялық жоба құру тәжірибемізді, әсіресе Shoqan.kz порталы – қазақтың ұлы ғалымының өмірі мен шығармашылығының цифрлық энциклопедиясын бағаламасқа болмайды. Бұл жұмыстың ауқымдылығын, мұқияттылығын, әрине, талғамы бар көрермендердің сұранысымен  – «Ежелгі көшпенділер туралы аңыздар» – мультимедиялық жобамыздан көресіз. КТК арнасы кәсіби, көруге татымды телевизиялық деректі фильмдердің форматын жақсы меңгерген. Сондықтан біз интернетте тек телеэфирді қамтып айтуды мақсат етпейміз. Дегенмен бүгінде жалпы интернет-аудиториямыз шамамен 4 миллион адамды құрайды.

 Әр көрерменіміз КТК контентіне қай жерде болсын, қашан болса да, өзіне ықшам уақытта қол жеткізгені бізге өте маңызды. Теледидар тамашалау ондаған жылдар бойы үйреншікті пішімін ауыстырған. Қазір белгіленген уақытта теледидар қарауға тұра жүгірмейміз.  КТК арнасы эфирге негізделген өнімдерді интернетте де ұсынады. Әлеуметтік желілерде жаңалықтар легін қалыптастырамыз, ол эфирден өзгеше болуы мүмкін. Жеке өнімдерімізді тек желілерден көруге сақадай-сай болыңыздар: онлайн-хабар, оқиға болған жерден тікелей репортаж, сұхбат және түрлі роликтер.

Сөйтіп көрермендерімізбен тең, тығыз және сапалы қарым-қатынас орнатамыз. Толғандыратын өзекті сауалнама ұсынып, жүйрік модельдерді тестілеу, яғни сауалнаманы эфирлік жаңалық контентіне біріктіреміз. Бұл дегеніміз, әлеуметтік желілерден 4-5 мыңға жуық нақты байланыс орнатылады.

Қазіргі күнде КТК онлайн-кинотеатрлармен контентті әртүрлі бағытта жеткізумен жұмыс істеп жатыр. Телеарна өз контентін көрермені бар түрлі платформада ұсынуға мүдделі. Тобықтай түйінін айтсам, КТК арнасы тек хабар тарататын телеэфир аясынан шығып, әлдеқайда ауқымды кеңістікке қарыштап жайылып барады. Бұл бізді керемет шабыттандырады.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде