КТК кинематографияның кілемін көмкерді
Жаныңды беруге әзір жақының ажал аузында жатса, қаражатқа қатты мұқтаж болсаң, не істер едің? Бұрын ешкімнің ала жібін аттамаған адам қылмысқа бара ала ма? Адалдық пен алаяқтықтың арасы бір тұтам ба? Ендеше 9-қарашадан бастап КТК арнасынан «Аферисты» атты телевизиялық көпсериялы фильмді көруге шақырамыз.
Автор: Заира Сабитова
Көрермен «Аферисты» көпсериялы фильмінен алаяқтардың іс-қимыл әрекеттерін көріп, олардың арбауына, құрған қақпанына түспеуге ой қорытады.
«Бүкіл өмірінің әп-сәтте ойраны шықты. 65 жастағы күзетші болып істейтін Жақан қарапайым, ынсапты өмір сүреді. Бірақ құдайдың бір күні оның бейқам тыныш өмірі аяқ астынан өзгеріп сала берді – жұмыстан шығарылып, тілеуін тілеген немересіне «лейкоз» диагнозы қойылды. Басына түскен тағдырдың тауқыметі оны – ешқашан ешкімнің ала жібін аттамаған, заң бұзбаған әділетті адамның әккі алаяққа айналуына мәжбүр етті».
Бұл КТК арнасы 9-қарашадан бастап эфирге ұсынатын судай жаңа телевизиялық көпсериялы фильмінің тобықтай түйіні.
Макс Акбаров, «Аферисты» фильмінің продюсері:
-Сюжеттері өмірде болған оқиғаларға негізделген. Күн сайын көз алдымызда үлкендікішілі алаяқтыққа тап болып жатқанымыз өтірік емес. Сондықтан аферистердің айла-тәсілін білмеген жан болса, осы фильмді көрген соң сақ болады».
Әр сериясы құқық қорғау қызметкерлерінің ұсынған нақты фактісіне негізделген.
-Осыдан он жылдай бұрын құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен кеңес сұраған едім. Ал «Аферисты» жобасын түсіруді қолға алысымен-ақ құқыққорғаушылардың көмегіне жүгіндік. Әр сериясындағы оқиғаларға жемқорлыққа қарсы күрес қызметі, экономикалық тергеу қызметі, Алматы полиция департаменті қызметкерлері ақыл-кеңес беріп отырды.
Қоғам мүшесінің жанайқайы, түйткілі – әлеуметтік мәселе көтерілген...
-Бүкіл оқиғаларды сәл әсерлі етіп, жандандырғанымыз болмаса, барлығы өмірден алынған – шынайы. Фильмде шындықты кейіптік бейне арқылы толық және дұрыс етіп суреттеу бағытын сақтауға барынша тырыстық.
Ал оқиға желісіне келсек, жақыны ауыр дертке ұшырап, оны емдетуге де, еліміздің дәрігерлерінің емдеуге де мүмкіндігі болмай, тығырыққа тірелгендер көп-ақ. Содан шетелге апарып ауруынан айықтыруға мәжбүр, бірақ оған қомақты сома қажет. Бауыр еті баласы ауырған ата-аналар БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы жанұшыра көмек сұрайды. Түрткі болғаны – адамдар үкімет назарын емге қаражаты жоқ науқас балалардың проблемасына аударды.
Заңның аты заң, қылмыстың аты - қылмыс екенін әркім білуі тиіс.
-Бас кейіпкер – немересі лейкемияға ұшырап жанұшырған қария. Қаражаттың жоқтығынан қысылып қыспаққа түскен қарт ақшаны заңсыз жолмен табуға бел буады. Яғни, алаяқтық жасауға мәжбүр болып, қылмыстық топ құрады. Әрине, әр қылмыскер тиісті жазасын алады, әрқайсысы заң алдында жауапқа тартылады. Қаржыға мұқтаждықтан қандай жағдайға душар болсаң да, қандай күй кешсең де, қылмыс істеген адам тиісті жазасын алады.
Қазақстанда қызықты әрі өзекті тақырыпта түсірілген алғашқы толықметражды телефильм.
-Фильмде мысқыл, келеке – комедия элементттері жоқ емес. Ал ерекшелігі – форматында. Елімізде алғаш рет телевизиялық фильм шынайы және кинематографиялық үлгіде түсірілді. Қомақты толықметражды фильм тәсіліне ұмтылдық. Сондықтан әр сериясы 25 минуттық шағын фильм болып табылады.
Әр сериясында танымал отандық актерлер ойнаған – жұлдызды құрамды телефильмді қарамай көр!
-Фильмдердің көркін белгілі актерлер қыздырды: Бақытжан Әлпейісов, Ержан Түсіпов, Азамат Сатыбалды, Жанель Мақажан, Фархад Абдраимов, Серік Шәріп, Алтынай Жолдыбаева, Нұржан Сатыбеков және тағы басқалар.