Тоқтар Серік: Бұрын Аяз атаға сенсек, енді бір Аллаға сендік
Халқына жақын адами, аға әнші Тоқтар Серік. Әншіні зымыраған уақыттың қадірі толғандыра бастағандай. Тоқтар жаңа жылдан не күтеді? Ол неден жалықты? Жанын кейде жегідей жейтін не нәрсе? Неден шаршайды? Өзін қалай жұбатады? Тоқтар Серік КТК арнасының қандай болғанын қалайды?
Автор: Заира Сабитова
Адамды жегідей жейтін, тоздырып жіберетін кездер болады. Өнерде жүргеннен кейін өнерге сырттан қараған адамға біздің өміріміз халыққа жеңіл көрінеді – ауырдың үстімен, жеңілдің астымен кетіп бара жатқан көш сияқтымыз. Жоқ. Олай деуге болмайды. Біздің жүрген жолымыз қалың өсектің, ду-ду әңгіменің, қадалған көздердің іші. Оның алдында кетіп бара жатқан адамдармыз.
Біздің алдымыздағы үлкен көш – алдыңғы ата-бабаларымыздың өнерден өткен көші. Олардың дақпырты, арасында бізге өсекпен жеткен әңгімелер де көп. Соны естігенде болашақ ұрпаққа қыңыр-қисық, қысыр әңгімелермен қалып қоям ба деп алаңдайсың.
Қаптаған өсектен шаршаймын. Кейде жүйкеңе тиетін сұрақтардан шаршаймын. Я болмаса тіпті инстаграмға салған суретіңнің өзін соншама әңгіме қылады. Сондайдан шаршаймын, бірақ көтеруге тырысамын.
Мен осы өмірді таңдап алдым. Біле тұра, осы өртке жалаңаш денемен кірдім, үстімде дым қалмады. Енді «мынадан күйдім», «мынадан өртендім» деген мен үшін енді айып болады. Біле тұра, осы ортаға өз еркіммен түскем. Сондықтан көп нәрсені ойыма ала бермеймін.
Кейде күйіп бара жатқанда жауап жаза салғым келеді. Бірақ жарым: «Тоқтар, сабыр сақта. Мүмкін сенің ызаңды келтіру үшін, бәлкім әңгімеге тарту үшін айтып отырған шығар? Қоя сал бір жолға», - деп тоқтау салады.
Содан мені көтерген осы халық қой, даттаса да, боқтаса да, дымымды қалдырмай сабап, ұрып жатса да, халқыма үндемеймін деп өзіме серт бердім. Солай қаламын.
Әбден халықтың ортасына сіңіп кіріп алғаннан кейін, не болса да сабырлыққа жүгінемін.
Жаңа жылдан не күтемін? Бала кезімде есімде қалған бір нәрсені айтып өтейін. Жаңа жыл келеді десе, жылға жыл қосылады десе, бала күнімде миымда бір аласапыран дүниелер болатын. «Аяз ата келеді, қасында Ақшақары бар, оның бізге беретін бір нәрсесі бар, жыл» деген басқа бір леппен келетін. Таң қалып, өзіңді бір жылға есейгеніңді сезетінсің. Ол бір бала кездегі ішкі дүниең екен.
Ал қазір келе жатқан жылға қатты қуана бермейсің. Өмірдің өтіп бара жатқанын сезінесің екен. Жасым қырықтан асты, 45-темін. Жылдың жылға қосылып, уақыттың зымырап өтіп бара жатқанын сезесің де, керісінше, менде күйзеліс бар. Жылдар өтпесе екен, кішкене болса да тоқтай тұрса екен дейсің. Балаларымның есейгенін, үй болғанын, үйленгенін көргім келеді.
Бірақ уақыттың зуылдап өтіп бара жатқанына ғана қынжылатын кездерім болады. Дегенмен сол балалық шақтан қалған бір дүние бар. «Мына қырдың астында не бар екен?», «мына белдің астында не жатыр екен?» деген.
Келер жылға үмітпен қараймын. Жасыратыны жоқ, биыл күйзелдік. Енді жақсы болып кетсе екен дейсің. Кейде осы жылы көп қуандым, келесі жылы осы қуанышымды ары қарай жалғастырса екен дейсің. Әр нәсіпті, қуанышты беретін жалғыз бір Алла.
Бұрын Аяз атаға сенсек, енді бір Аллаға сендік. Медет сұраймын, үміт сұраймын, жақсылық сұраймын. Жалғыз өз басыма емес. Мен ел бақытты болса, оның ішінде мен де бақыттымын. Ел бақытсыз болса, мен бақытсызбын. Себебі, бүкіл ел бақытсыз болып, жалғыз менің бақытты болуым түк ке де керек емес нәрсе, былайша айтқанда. Елге берсе екен, сол елдің ішінде кішкене маған бір нәсібе бұйырса, соған тоямын.
КТК арнасын жақсы білемін, қаншама рет қонақта да болдым, қаншама жыңажылдық мерекелерге қатыстым. КТК деген телеарнаны өз басым Қазақстанда «Хабар» арнасының қасына қапталдас қоямын. КТК арнасын төмен санамаймын. Себебі, КТК арнасы ардагерлердің қатарына қосылды. Оның үстіне үлесі көп, оны айтпай кетуге болмайды.
Болашақта мен КТК арнасы халықтың есінде қалу үшін қазақ тілінде көбірек таратылса. Бір мемлекетте әр ұлттың дүниелері болғанын қалаймын әрине, құрметтеген дұрыс. Дей тұрғанмен өз елімізде КТК арнасында ұлттық жоба молынан болса тіпті жақсы.
Мен осы күнге дейін бір орысша сұхбат беріп көрмеген адаммын. Орыс тілін білемін, нан, тұз сұрай аламын, бірақ өз тілімді биік қоямын. Арымның үстінде тұр менің тілім. Ол өзге ұлтты жақтырмаймын деген әңгіме емес. Себебі менің өнерімді сыйлайтын қарапайым бауыр, қарындастарым бар. Солардың алдында тілімді шұбарлатқым келмейді. Өз тілімде, өз мәтеліммен сөйлегім келеді.
КТК арнасының соншалықты орысшаға кетіп жатқанын көрген жоқпын. Мысалы, Дина Төлепбергеннің «Астарлы ақиқат» ток-шоуының өзі неге тұрады? Бұл бағдарлама біздің тіліміз қышып айта алмай жүрген тақырыптарды қозғады. Небір ұлтымызға жат қылықтылардың алдында тұрып шынайы дүниені паш етті. Кейбірі наразы болғанда, мен айтқанмын: «ол ел шінде бар нәрсені паш етіп жатыр, бар дүниені көрсетіп тұр ғой» - деймін. Оның жазығы мынау қоғамда бар дегені ме? Ток-шоудың не жазығы бар? Егер «Астарлы ақиқат» көрсетпесе, біз білмей де кетер ме едік? Сондықтан ондай ток-шоуға рақметімізден басқа айтарымыз жоқ. Қайта намысы бар азаматтар , ел-жұртына жанашыр азаматтар болса, солар көмек берсе. Бұзылып, дұрыс жолдан тайғанды бері тартып, қасына тым құрығанда бір ай ертіп жүрсінші, нағыз еркек екенін көрсетіп.
КТК рейтингісі мықты арна. Оған сөз жоқ. Оны мойындау керек.
Жаңа 2021 жылда бүкіл телевизия саласында жүрген , тіпті сол жерде еден жуатындарға дейін – барлығына бақыт берсін. Бақытты сәттердің біреуі – істеп жүрген жұмысыңның жемісін көру. Жұмысыңды бағалауы, үстіңнен қараған басшың болса да.
КТК арнасы, бағаларыңызды жақсы алыңыз. Өмір өткеннен кейін артқа бір қарайтын сәт келеді, сізге де, маған да. Мен жасайтын жасым бар деп, қазір артыма емес, алдыма қарап келемін. Бірақ артқа қарайтын уақыт келеді. Сол қараған кезімізде: «Мен не істедім? Не бітірдім? Ізім айқыш-ұйқыш па, ізіммен болашақ ұрпақ дәл басып тауып ала ма?» деген артымызда із жатады. Сол, артымызға қарап өкінбей, қуанатындай жағдайға жетіңіздер.