КТК арнасы жүргізушілерінің 2021 жылға арнаған тілегі
Күнделікті КТК эфирінде жаңалықтар жүргізіп отыратын жүргізуші көрерменіне не тілейді? Қарашаның басына түскен ауыртпалықты жеңілдетіп, қиындығын еңсеруге қол ұшын беріп жүрген тілшілер жаңа жылдан не күтеді? Ендеше КТК телеарнасы жүргізушілерінің сіздерге арнаған жаңажылдық тілегін ұсынуды жөн көрдік.
Автор: Заира Сабитова
Мадина Балғабаева, КТК Жаңалықтарының жүргізушісі:
-Құрметті халқым, баршаңызды шын жүректен Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Өтіп бара жатқан 2020 жыл қазақ халқына оңай болған жоқ. Қаншама асыл азаматтарымыздан айырды. Күнделікті сіздерге жағымсыз ақпарат жеткізу бізге де оңай болған жоқ. Жүрегің ауырады, іштей уайымдайсың, амал жоқ. Келер жыл сол ауыртпашылықтан арылып, үлкен қуанышқа бөленетін жыл болсын! Жаңа жыл жарылқап, ескі жыл есіркесін. Жаңа жылда баршаңызға жақсылық тілеймін. Карантиннің аясы тарылып, бұрынғы жаймашуақ күнімізге қайта оралайық. Бұрынғыдай алаулатып-жалаулатып той тойлайтын күндеріміз көп болсын! Ең бастысы, денсаулықтарыңыз мықты болсын! Жаңа жыл құт әкелсін!
Ерланби Дәулетияр, КТК Жаңалықтарының жүргізушісі:
- Құрметті отандастарым, келе жатқан жаңа 2021 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жылмен бірге ізгі жаңалықтардың келуін де күтеміз. 2021 жыл бар істеріңіз бен бастамаларыңызға ақ жол ашып, мол табыс ала келсін, жетістікке толы болсын. 2020 қай-қайсымызға да оңай болмады, сол себепті жаңа жылда, бастысы, барлығымыздың деніміз сау, жақындарымыз аман болсын! Жаңа жыл қуаныш пен шаттыққа толы болсын. Барлықтарыңызға ұзақ ғұмыр, әр шаңыраққа бақ-береке, ашық аспан, шуақты күндер тілеймін! Көгілдір экран бетінен де, өмірде де тек жағымды жаңалықтармен жүздесейік!
Асыл Махмет, КТК Жаңалықтарының жүргізушісі:
-2020 жыл, бұдан алдыңғы жылдардан маған бәлендей айырмашылығы болмады дер едім. Коронавирус деп дүрліктік. Ақпараттың қорқынышы, үрейі болмаса, жақындарыма жаман әсері болған жоқ. Аллаға шүкір деймін. Ал жылдың аяғында, журналистика саласында жүрген 10 жылда алмаған ірі жүлдеге ие болдым. Тышқан жылы сөйтіп қуанышты аяқталып жатқан жайы бар. Ескі, 2020 жылға ешқандай өкпе жоқ. Ал келер жылдан үміт көп, әрине. Барлық көрерменімді, қазақстандықтарды Сиыр жылымен құттықтаймын. Жұртымның табысы артсын, жамандық, жағымсыз естелік ескі жылда қалып, Жаңа жыл барша халқыма тек жақсылығымен келсін деймін.
Жазира Бегалы, «Дау-дамайсыз» бағдарламасының тілшісі:
- Жаңа жылда әрқашан сиқырлы әлемнің қақпасы ашылатындай ғажайып мерекені бала сияқты ерекше ықыласпен күтемін. Арман мен қиялдың кемесіне мініп, барлық қиындықты, проблемаларды ұмытатын күн. Сыйлық толы дорбасын арқалаған Аяз ата арман, үміт пен игі мақсаттардың қапшығын әкеле жатқандай елестейді. Есейіп кетсем де, мереке қарсаңында осындай бір сезім арбап, бала-шағаммен жақсылық, қуаныш, ырыс-береке тілейміз.
2020 жыл жаһан жұртына ауыр жыл болды. Індеттің беті әлі қайтқан жоқ. Көзге көрінбейтін вирус ешқайда ұшып кеткен жоқ. Жер шарының жұрты қауіп-қатердің құшағында екенін білеміз. Сондықтан жаңа жылда бәріміз карантин ережесін сақтап, отбасында қарсы аламыз.
Өмірлік ұстанымым – қандай проблема туындаса да , соның пайдалы тұсын таразылап, қойын дәптеріме жазып қоямын. Миллиондаған халық мекендейтін алып қала қаңырап қалғанда бойымды билеген үрей, қорқынышты күндер біздің өмір сүру салтымызды өзгертті. Сауысқандай сақ болуға, денсаулықтың қадірін білуге, ысырапшылдықтан арылып, үнемдеп үйренуге, отбасында бала-шағамен шүйіркелесуге мүмкіндік берді. Карантинде біздің үйде қарбаласқан тіршілік тоқтаған жоқ. Пәтеріміз оқу ,жұмыс орталығына айналды.
Дегенмен 2020 жыл жеңістер мен жетістіктерімен берекелі жыл деп есептеймін. Тұңғышым – Ботакөзім Қазақтың бас сәулет-құрылыс академиясын бітірді. Дипломын қашықтан қорғап, ең жоғары балл алды. Бірнеше жобаны абыроймен жүзеге асырды. Қызымның мамандығын дөп басып таңдағанына қуанамын.
Карантинде «Дау-дамайсыз» бағдарламасы эфирге шықпағанымен, қашықта отырып, жылаған жанның көз жасын сүртіп , үміті үзілгенге шуақ сыйлап, шарасыздықтан шыр-пыр етіп әділдік іздеген жандарды машақаттан құтқаруға тырыстық. Әр бағдарламада бір адамның, бір отбасының, бір ауылдың тауқыметі шешіледі. Әр кейіпкердің қуаныштан жылаған кезде иықтан ауыр жүк түскендей болады. Мен де өз кәсібімді жақсы көремін.
2021 жылы халықтың әлеуметтік проблемалары жойылып, жаһанды әлекке салған коронавирустан адамзат аман-есен құтылса деп армандаймын. Ескі жылда болған келеңсіз оқиға, өкпе-наз , тұрмыс ауыртпалығын өткен жылдың еншісінде қалдырып, Сиыр жылын зор үміт, айқын мақсат , ғажайып армандармен қарсы алайық. Әр шаңыраққа Жаңа жыл құт, береке, ырыс сыйласын. Сәбидің күлкісі кетпесін. Еліміздің экономикасы өркендеп, отандық өнеркәсіп, ауыл шаруашылық саласына табысты, жемісті жыл болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Гүлмира Әбіқай, «Дау-дамайсыз» бағдарламасының тілшісі:
-Қымбатты, біздің сүйікті көрермен! Барша адамзатты есіктен енген жаңа 2021 жылмен құттықтаймын! 2020 жылды ерекше деп ұзақ күтіп едік, бәріміздің есімізде ұмытылмастай болып қалды. Пандемия, карантин, індет әр қазақтың шаңырағына салмағын түсіргені анық. Ал адамзат бұл өмірде нені құрмет тұтатынын, қадір мен сый, ысырап пен уақыт деген ұғымның қадірін біле түсті.
«Дау-дамайсыз» бағдарламасы аясында аттай 35 кейіпкердің дауын шешіп, экран алдында нәтижемен бөлістік. Әр кейіпкердің артында отбасы, ауыл, яғни, жүздеген тағдыр жатыр. Жыл он екі ай редакцияға тынымсыз хабарласып, тек бізге сенім білдірген көңілдеріңізден айналдым. Көп болсақ алынбайтын қамал жоқ. Заңсыздықпен күрес баршамызға ортақ миссия.
2021 жыл биылғыдан жеңіл, жақсылыққа толы болғай! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін! Өмірлеріңіз дау-дамайсыз болсын, ағайын!