ДАУ-ДАМАЙСЫЗ. Атышулы шығарылымдар
«Дау-дамайсыз» бағдарламасы көздегеніне жетті! Гүлмира Әбіқай және Жазира Бегалы – қос тілшінің қолына тапсырып берген аталмыш жоба барлық әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, жұрт назарын өзіне аудара білді. Аударып қана қоймай, қаралым жағынан өзге бағдарламаларды шаң қаптырды деуге болады. Назарыңызға қаралымы миллионнан асып жығылатын ең атышулы шығарылымдарды ұсынамыз.
Автор: Заира Сабитова
1. Дау-дамайсыз: Бөтен әйел әкеп, өз әйелін 5 баламен қуған!
Алматы облысының Қарасай ауданындағы Ақсеңгір ауылының тұрғыны Жадыра Кейікoва күйеуім үйден қудалап жатыр деп шағымданады. Келіншектің айтуынша, карантин кезінде ері бөтен әйелді шаңырағына ертіп келіп, некедегі жарына бес баламен баспананы үйді босат деп талап қойыпты.
2. Дау-дамайсыз: Қараусыз қалған балақай бөтен үйде неғып жүр?
Алматы облысының Нұрлы ауылы. Шағын ғана қазақы ауыл. Осында төрт жарым жылдан бері бір балақай жүр. Ата анасы жоқ, өзі жалғыз қараусыз . Өзге бөтен адамның үйінде жүрген бұл не бала? Дәл бүгін осы сауалдың мәселесін дау-дамайсыз шешуге тырысамыз!
3. Дау-дамайсыз: Қараусыз бала
Шымкент, 7 қоңыр көшесі. Өзге айтса сенбес ек, алайда біз бүгін бір баланың тағдырына араша түсеміз. Ол ешқашан бақшаға бармаған, адамды көрмеген, мектепті көрмеген, құжаты да жоқ Ел көзінен таса өмір сүріп жатқан жасөспірім кім, бүгін тағдырына араша түсеміз.
4. Дау-дамайсыз: Баласын қайыр сұрауға мәжбүрлеген!
Қайыршылық кәсіп пе, нәсіп пе? Алматыда тәулігіне мыңдаған адам алақан жайып отырады. Олар, кем дегенде 5 мың, әйтпесе 40 мың теңгеге дейін пайда табады. Ең сорақысы, соңғы кезде кәмелетке толмаған кішкентай балаларды қайыр сұрауға мәжбүрлейтін аналар көбейген.
5. Дау-дамайсыз: 14 жыл бойы шенеуніктермен алысқан әйел ...
Түркістан облысының Түлкібас ауданының тұрғыны Жұлдызай Өксікбаева қайын сіңлісі Динараны күтіп-баққаны үшін жәрдемақы ала алмай жүр. 14 жыл бойы шенеуніктермен алысқан әйел «Дау-дамайсыз» бағдарламасынан көмек сұрайды.
Гүлмира Әбіқай, «Дау-дамайсыз» бағдарламасының тілшісі:
- Құрметті қазақстандықтар! Ең алдымен, көрермендеріміз, міне, Жаңа жыл табалдырығымыздан аттады. 2021 жыл жер бетіндегі барлық адамзатқа денсаулық, амандық, береке, әсіресе балаларға шаттық көңіл күй, мейірім тілегім келеді. Себебі, біздің бағдарламамызда көбінесе, байқасаңыздар, мейірім жетіспейді. Қатыгездік, қаскөйлік жоқ емес. Адам болып жаратылған соң, біз балаларға деген жауапкершілік, мейіріміміз болуы тиіс. Ата-анаға деген мейірім болуы керек. Сондықтан сәл, кішкене болса да, мейірімді болса екен адамдар. «Мейірім бермеген баладан қайырым күтпе» дейді. Бір-бірімізге деген көңіліміз ашық болсын. Іште өкпе, сыр, реніш жинамайық. Айналаңыздағы адамдарды жақсы көрсеңіз, оған сенемін деп айтыңыз, ертең кеш болып қалмасын. Өкінбейтіндей ғұмыр кешейік. Барлық қазақ, алты Алаштың баласы аман болсын дегім келеді. Жаңа жыл құтты болсын!
Жазира Бегалы, «Дау-дамайсыз» бағдарламасының тілшісі:
- Жаңа жыл құтты болсын, отандастар ! Табалдырықты аттаған жыл басы – Сиыр жылынан әр адамның күткен үміті ақталып, асқақ арман-тілегі, жоспарлаған мақсаты орындалсын. Әр шаңырақтың шам-шырағы сөнбесін. Ел-жұртқа құтты, берекелі ,ырысты жыл болсын. Халықтың әл-ауқаты жақсарып, толағай табысқа кенелсін! Өміріңіз дау-дамайсыз болсын!