Кепілдік берілген өтемді төлеу тәртібі
2-қаңтарда ҚР Президенті қандай заңға қол қойды? Ол заң нені оңайлатады? 1-мамырдан бастап ненің төлеу тәртібі жеңілдетіледі? Жаңа тәртіп бойынша өтінішті қалай беру керек? Не нәрсеге кепілдік беріледі? Салымшыларға қандай мүмкіндік беріледі?
Автор: Заира Сабитова
Депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) кепілдік берілген өтемді төлеу тәртібін оңайлатты.
2021 жылдың 2 қаңтарында ҚР Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Бұл заң депозиттерге кепілдік беру жүйесінің мәселелері бойынша жаңа маңызды енгізілімдерді қарастырып, азаматтарға кепілдік берілген өтемді төлеу тәртібін оңайлатады.
1. Биыл 1 мамырдан бастап кепілдік берілген өтем төлеудің жаңа тәртібі іске қосылады.
Лицензиясынан айырылған банктің салымшылары кепілдік берілген өтемді төлеу жөніндегі өтінішті агент банктің бөлімшесіне бармай-ақ, тікелей Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына (ҚДКБҚ, Қор) электрондық тәсілмен бере алады.
«Tengri Bank» АҚ салымшыларына және қазір таратылып жатқан банктердің («Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ және «Астана Банкі» АҚ) салымшыларына да осындай мүмкіндік беріледі.
Төлем алу үшін агент банкке әлі күнге дейін бармай жүрген 450 мыңнан астам салымшы 2021 жылдың 1 мамырынан бастап кепілдік берілген өтемді алу жөніндегі өтінішті онлайн бере алады.
Дәстүрлі банктік қызмет көрсету тәсілін қалайтын, өтем алуға үшінші тұлғалары (мұрагерлер, сенімхат бойынша өкілдер және басқа да құқық иеленушілер) өтініш бере алатын салымшыларға агент банк арқылы кепілдік берілген өтем төлеу тәртібі сақталады.
Өтінішті қор электронды және жазбаша түрде (агент банк арқылы) төлем басталған күннен бастап 1 жыл ішінде, ал тарату үдерісіндегі банктердің салымшыларынан 2022 жылдың 1 мамырына дейін қабылдайды.
Кепілдік берілген өтемді төлеу жөніндегі өтінішті онлайн беру – қазіргі қолданыстағы төлем тәртібін оңайлатады және салымшыларға ыңғайлы жағдай жасай отырып, төлем алудың анағұрлым тартымды тәсіліне айналады. Бұл уақыт үнемдеп, банкке баруға кететін жол шығынын азайтып, алғашқы төлем күндері адамдардың көп жиналмауын қамтиды – COVID-19 коронавирустық инфекция пандемиясында өте маңызды.
2. Салымшылардың төлем басталғаннан бері 1 жыл бойы талап етпеген кепілдік берілген өтем сомасын ҚДКБҚ олардың «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамындағы (БЖЗҚ) зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударады.
Кепілдік берілген өтемді төлеу мерзімі аяқталуға 30 жұмыс күні қалғанда қор салымшыларға өтем төлеу аяқталатын күн және салымшылардың 1 жыл бойы талап етпеген өтем сомалары БЖЗҚ-ға аударылатындығы туралы БАҚ және өз сайтында хабарлайды.
БЖЗҚ-ға аударылған кепілдік берілген өтем сомасы салымшының ерікті зейнетақы жарнасы болып танылады және (есептелген инвестициялық табысты қоспағанда) салық салудан босатылады. Ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша зейнетақы шоттары автоматты түрде ашылады. Ол үшін БЖЗҚ-ға барудың қажеті жоқ.
Бұл тәртіп 2021 жылдың 1 мамырынан бастап іске қосылады және «Tengri Bank» АҚ салымшыларына, сондай-ақ қазір таратылып жатқан банктерге де («Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Эксимбанк Қазахстан» АҚ және «Астана Банкі» АҚ) қолданылады.
Төлем басталған күннен бастап 1 жыл бойы немесе 2022 жылдың 1 мамырына дейін қандай да бір дәлелді себептермен өтем алуға келе алмаған салымшыларға Қорға кепілдік берілген өтемді алуға (растайтын құжаттармен бірге) жазбаша өтініш беру құқығы сақталады.
Дәлелді себептер тізімі «ҚР екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» Заңда тікелей қарастырылған.
Өтініш банктi мәжбүрлеп тарату туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлген күнге дейін немесе кепілдік берілген өтем сомасы БЖЗҚ-ға аударылған жағдайда, салымшының ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындағанға дейін берілуі мүмкін.
3. Шетелдік банктердің филиалдарындағы депозиттерді қорғау. Шетелдік банктердің Қазақстан аумағында ашылатын филиалдары уәкiлеттi органның жеке тұлғалардың депозиттерiн қабылдауға, банк шоттарын ашу мен жүргiзуге берген лицензиясын алған сәттен бастап депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушылары атанады.
Осылайша азаматтардың шетелдік банктердің филиалдарында ашылған депозиттеріне де Қор кепілдігі қолданылады.