Жандарбек Бекшин онлайн-брифингте не айтты?
Дене қызуы бар азаматтар қалай дауыс береді? Сайлау учаскесінде БАҚ өкілдеріне ПТР-тест керек пе? Елімізде коронавирустың жаңа қауіпті штаммы тіркелді ме? Коронавирусты көбіне қай жерде жұқтырады? Егер карантин талабын бұзғанның куәсі болсаңыз, қайда хабарлау керек? Вакциналау қалай жүргізіледі? Мектептерде қосымша кезекші сынып ашыла ма?
Автор: Заира Сабитова
Дене қызуы бар алматылықтар қалай дауыс береді?
Әрбір сайлау учаскесінің алдында дауыс берушілердің дене қызуы тексеріледі. Егер дауыс берушінің дене қызуы көтеріліп тұрса, оның сайлау учаскесіне кіруіне тыйым салынады. Жедел жәрдем кезекшілікте болады. Дене қызуы көтеріліп тұрған адамды стационарға апарады, қажет болған жағдайда ауруханаға жатқызады. Медициналық мекемелерде арнайы бөлме дайындалған. Сол жерде дауыс беруге болады.
Сайлау учаскелерінде медицина қызметкерлері болады және дауыс берушілерді бақылап отыратын арнайы бөлме дайындалған.
Дауыс берушінің дене қызуы көтерілген жағдай оны сол бөлмеге апарып, дәрігерлер тексергеннен кейін жедел жәрдем көлігімен алып кетеді. Арнайы аурухана дайындалған. сол жерде науқастар ПТР-тестінің нәтижесі шыққанға дейін болады. Сол бөлмелерде дауыс бере алады.
Алматы мектептерінде қосымша кезекші сынып ашыла ма?
Алматы мектептерінде 1-5 сыныптар аралығында қосымша кезекші сыныптар ашуға тыйым салынды. Оқушылар арасында вирус жұқтыру көрсеткіші көтерілген. 5-қаңтардағы жағдайға сәйкес оқушылар арасында 311 оқушыдан КВИ анықталған. Оның ішінде 15 оқушы Алматы арқылы елдің басқа өңірлеріне өтіп бара жатқан. Олар жергілікті тұрғын емес. Қала оқушылары арасында 296 жағдай тіркелді. 262 оқушы қашықтан оқыған кезде жұқтырған. 1-4 сынып аралығында - 38 оқушы, 5-8 сынып аралығында -40 оқушы, 9-12 сынып аралығында 21 оқушы жұқтырған. Демек жұқтыру көрсеткіші артып келеді. Онлайнның арқасында аурудың жедел таралуының алды алынды.
9,11,12 сынып оқушыларына - үшінші тоқсаннан бастап, колледждің 1 курс студенттеріне – екінші семестрден бастап дәстүрлі оқу форматына көшуге рұқсат берілген. Қазір жоғарғы сынып оқушылары арасында кезекші сынып ашу туралы мәселе қозғалып жатыр.
Мектеп түлектері мектепке өз еркімен барады. Ата-аналар баласын мектепке жіберемін деп шешсе, сабақтың 70 пайызы - офлайн, 30 пайызы - онлайн болмақ. Әр сыныпта 15 оқушыдан аспауы шарт. Қалалық білім басқармасы мектептерді дезинфекциялау құралдарымен қамтиды. Дәлізде топтасып қалмас үшін әр сынып үзіліске әр уақытта шығады. Мектепте бетперде режимі қатаң сақталады.
Алматыда вакциналау қалай жүргізіледі
Вакциналау тұмау ауруынан вакцинация сияқты жүргізіледі. Оған барлық емханалық мекеме әзірленді. Вакцинатор медбикелер оқытылды. Алайда тағы бір рет қауіпсіз иммунизация бойынша тестілеуден өтеді. Бұл жұмысқа терапевтер де тартылады. Тізім жасалып жатыр. Бірінші кезекте – дәрігерлер, ұстаздар, полиция қызметкерлері екпеден өткізіледі. Оның ішінде кей адамдарға (аллергиясы бар, денсаулығы нашар, жүкті әйелдерге) салынбауы мүмкін.
Вакцина сақталатын тоңазытқыштар жеткілікті. Шараны Алматыдағы мемлекеттік емхана түгел, кейбір жекеменшік емхана да атқарады.
Егер карантин талабын бұзғанның куәсі болсаңыз
Алматы тұрғындары карантин талаптарын бұзу деректеріне куә болса, тиісті органдарға шағымдана алады. Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алуға арнайы штаб құрылған. Ол аудандық әкімдіктер жанындағы мониторинг топтарының жұмысын үйлестіріп отырады. Алматыда 32 мониторинг тобы бар. Олар күнде адам көп жиналатын нысандарды тексереді. Егер аталмыш заңбұзушылықтың куәсі болса, штабқа жібере алады. Одан бөлек сайт та бар.
Алматы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің сайтында мониторинг топтарының телефон нөмірлері де жарияланған. Және де 1308 нөміріне хабарласуға болады.
Сайлау учаскесінде БАҚ өкілдеріне ПТР-тест керек емес
Алматыда сайлау учаскелерінде БАҚ өкілдеріне ПТР-тест қажет емес. БАҚ өкілдеріне ПТР тестілеуден өту міндеттелмейді. Себебі олар сайлау учаскелерінде тәулік бойы жүрмейді. Ал тәулік бойы жұмыс істейтін сайлау комиссиясы мүшелері, бақылаушылар, бақылаушылар комиссиясының мүшелері, жұмыскерлер ПТР-тест тапсыруға міндетті.
Коронавирусты алматылықтар көбіне қай жерде жұқтырады
Соңғы 14 күнде 20-39 жас аралығындағы азаматтар арасында жұқтыру көрсеткіші - 35%, 40-59 жас аралығындағы адамдардың үлес салмағы 33% жеткен. Бұл шектеу шараларының бұзылуына және корпоративтік кештерді өткізу, сауда объектілеріне баруға байланысты. КВИ жұқтыру орындарының құрылымында қоғамдық орындарда (сауда және қоғамдық тамақтану объектілері, базарлар) жұқтыру қаупі жоғары. Осы жерлерде жұқтырғандардың үлесі 44%. Қалған 28 % отбасында жұқтырған. Соңғы аптада 2020 жылғы 25 желтоқсаннан басталған карантиндік стационарларда КВИ-дің жеңіл және симптомсыз түрлерімен ауыратын науқастарды оқшаулау нәтижесінде отбасындағы байланыстар бойынша ауырғандардың үлес салмағы 7,1% - ға төмендеді.
Вирус жұқтыруды төмендетіп, оның таралуын тоқтату үшін үй - жайларда да, ашық ауада да адамдар көп жиналатын орындарға барудан бас тартуды, бетперде режимін, әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтау керек.
КВИ науқастарымен және жұмыс орны бойынша байланыста болған адамдар үйде қалып, тегін негізде тексеруден өту үшін телефон арқылы емханасына хабарласуы керек. Алматы қаласының азаматтары мен қонақтарына ЖРВИ белгілері пайда болған кезде дәрігерді үйіне шақыртып, зейнеткерлер аса қатты қажет болмаған жағдайда үйінен шықпауы тиіс.
Елімізде коронавирустың жаңа қауіпті штаммы тіркелді ме?
Алматыда аса қауіпті Британ, Оңтүстік Африка штамдары тіркелген жоқ. Қазір коронавирустың құрылымында өзгеріс болып жатыр. Әлемде оның мутацияланған 1400 штаммы анықталды. Бірақ олардың қаупі өте аз. Ал Британия және Оңтүстік Африка республикасында анықталған штамм өте қауіпті. Қазақстанда бұл штамм тіркелген жоқ. Бұл штамм бұрынғы таралып жатқан штамнан 70 пайызға қауіпті. Еліміздегі арнайы ғылыми орталықта тіркеліп жатқан вирустар зерттеледі. Бұл екі вирус әлі табылған жоқ. Әуежайда да күнделікті жұмыс істелінуде. Осы уақытқа дейін 74 жолаушыдан вирус анықталды. Оның барлығы оқшауланды.
Айта кетсек, Алматыда сайлау учаскелерінің қызметкерлерінің арасынан 8 адамнан вирус анықталды. 2020 жылы 29 желтоқсанда сайлау комиссиясының қызметкерлері, бақылаушылар, сенімді тұлғалар КВИ тестілеуінен өтетіні айтылған. Бұл жұмыс 3-қаңтардың түнгі 24:00-ге дейін аяқталуы тиіс болып, кейін тіркеу басталды. 3-қаңтарға дейін 10 мың адам тіркелген. Оның ішінде 5000 бақылаушы, сенімді тұлғалар, басқалар да бар. Бұл 5-қаңтардан басталды. Екі тәулікте 5840 адам тексерілді. Арасынан 8 адамнан вирус анықталып, олар жұмыстан шеттетілді.
Алматыда қаңтардың басында 600-ден астам адам вирус жұқтырған.