Егер картаңыздағы ақшаны бөтен адам шешіп алса ...
Қандай мәліметті ешкімге таратуға болмайды? Картаңыздағы ақшаны алаяқтар қалай ұрлайды? Қандай жағдайда алаяқты танып, оның жымысқы әрекетіне тосқауыл қоюға болады? Әлеуметтік желілерде нені жариялауға болмайды? Ал алданып қалсаңыз, картаңыздағы ақшаны бөтен адамдар шешіп алса, қайда хабарлау керек және не істеу керек?
Автор: Заира Сабитова
Елімізде 2020 жылы 12000-нан астам онлайн-қылмыс тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 58% -ға көп. Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген зиян мөлшері 24 миллионды құрады. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Интернеттегі алаяқтықтың кең тараған түрі – жеке мәлімет ұрлау. Digital Kazakhstan қауымдастығы хабарлама сайттарының қолданушыларына мынадай қауіпсіздік ережелерін әзірледі.
Мына мәліметтерді ешқашан таратпаңыз:
• жеке куәлік деректері, ЖСН;
• ЭСҚ (электрондық сандық қолтаңба);
• төлемді растайтын SMS код;
• парольдер;
• жылжымайтын мүлік пен автокөлікке арналған құжаттардағы мәліметтер;
• банк картасындағы мәлімет (иесінің толық аты-жөні, әрекет ету мерзімі, ПИН-код, картаның артқы жағындағы үш таңбалы нөмір - CVV.
Осы ақпаратты пайдалана отырып, алаяқтар:
• банктегі шоттан ақшаны есептен шығарып алады;
• құжат иесіне білдірмей несие рәсімдеп алады;
• басқа да заңсыз әрекеттерді жасайды.
Картадан ақшаны қалай ұрлайды және ол қалай жүргізіледі:
- Алаяқ хабарлама берген адамды жылжымайтын мүлік, көлік, тауар немесе қызмет сатып алуға дайын екеніне имандай сендіреді. Кепіл ақша немесе алдын ала төлем жіберу үшін карточка иесінің картасындағы мәліметтерін сұрайды. Есепшот нөмірін алғаннан кейін, транзакцияның мүмкін еместігін және карточкадан қосымша ақпарат пен артқы жағындағы үш цифр қажет екенін айтады.
- Басқа қалада тұратынын айтқан «сатып алушы» болып көрінген алаяқ тап қазір сатып алғысы келетінін айтып қызықтырады. Кейінірек ол сатушыны тауар мен оны жеткізіп беруге төлеп қойғанын айтып сендіреді. Ақша алу үшін төлем карточкасы туралы мәліметтер қажет болатын парақшаның сілтемесін жібереді.
Дәл осындай тәсіл өтірік сатушы сатып алушыны жалған (фишинг) парақшаға бағыттай отырып, тауарға немесе нысанға алдын ала төлем сұраған кезде де қолданылады.
- Алаяқ өзін банктің немесе құқық қорғау органдарының қызметкерімін деп таныстырады да, картамен жасалған күдікті операциялар туралы хабарлайды. Сөйтіп ол картаның мәліметін беру арқылы оларды тоқтату керегін айтып немесе «қауіпсіз» арнайы шотқа қаражат аударуды ұсынады.
Не істеу керек?
- Бөтен адамдар сіздің жеке мәліметтеріңізді сұраса, бермеңіз. Әлеуметтік желілерде жеке мәліметтеріңізді жарияламаңыз немесе жеке құжаттың фотосуретін бөтен адамдарға жібермеңіз, тіпті оның дәлелдері қауіпсіз болып көрінсе де.
- Банк картасына қатысты ақпаратты жарияламаңыз: иесінің атын, жарамдылық мерзімін, картаның артындағы үш таңбалы кодты. Ақша аудару үшін алдыңғы жағында көрсетілген 12 таңбалы нөмірді білу де жеткілікті.
- Карточкадағы төлемдер мен басқа әрекеттерді растауға арналған кодтарды құпия ұстаңыз.
- Расталған, дәлелденген хабарлама платформаларын қолданыңыз. Егер сіз алаяқтыққа күмәндансаңыз, дереу қолдау қызметіне хабарласыңыз (служба поддержки).
- Интернетте төлем жасағанда, картаңыздағы мәліметтерді енгізерден бұрын, мекенжай жолағында (сайттың жоғары жағы) сайттың атын тексеріп алыңыз. Ол ресми атына сәйкес келуі керек. Қауіпсіз сілтеме https: // деп басталады, ешқандай бөгде таңбалар болмауы тиіс. Сайтқа кіру қауіпсіз болуы керек, яғни браузер жолында жабық құлыптың суреті болуы шарт.
- Егер ЭСҚ-ны (электронды сандық қолтаңба) жоғалтсаңыз, оны дереу алдырдып тастап, қайта жасатыңыз. Құпия сөзді, яғни парольды күрделіге ауыстырыңыз.
- Егер алаяқтар ақшағызды шешіп алса, 1400 сенім телефоны арқылы Компьютерлік қақтығыстарға жауап беру қызметіне хабарласыңыз немесе https://t.me/kzcert Ақпараттық қауіпсіздік туралы Telegram чатына жазыңыз. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарына және банк қауіпсіздік қызметіне хабарласыңыз.
- Егер картағыздағы мәліметтер бөтен адамдарға белгілі болды деп күдіктенсеңіз, картаңызды мобильді қосымшада немесе байланыс орталығына қоңырау шалып, бұғаттап тастаңыз да, қайта шығартқызыңыз.
- Онлайн-аккаунттарға қауіп төнсе, парольдер мен PIN кодтарды ауыстырыңыз.
Сақтансаң сақтайды – сақ болыңыз.