Тұрғын үй нарығындағы баға. Зейнетақы қаражаты. Ипотекасыз пәтер
Қазақстанда бастапқы тұрғын үй нарығындағы баға қаншаға өсті? Тұрғын үй бағасының өсуінің негізгі себебі неде? Банк зейнетақы қаражатын мақсатты пайдаланушыларға қандай кеңес береді? Зейнетақы жинағын пайдаланып ипотекасыз пәтер алсаңыз, қандай талап қойылады? Зейнетақы жинағынан алуға болатын соманы қалай білеміз?
Автор: Заира Сабитова
Фото: inform.kz
2020 жылғы қыркүйектен бастап 2021 жылғы қаңтар аралығындағы кезеңде бастапқы тұрғын үй нарығындағы бағалардың өсуі 5 пайызды құрады, ал 2019 және 2020 жылдардың ұқсас кезеңінде ол 3 пайыздан асқан жоқ.
Дегенмен бес айдың ішінде бағалардың жоғары өсуі қайталама тұрғын үй нарығында байқалды. Ол 12,5 пайызға жеткен.
Қазақстанда 2021 жылғы қаңтар айында:
- таза әрленген жаңа үйлердің республика бойынша орташа бағасы 1 шаршы метрі үшін 319 252 теңгені құрады.
Былтырғы желтоқсан айымен салыстырғанда баға 3% көтерілді;
- абаттандырылған үйді қайта сату құны 1 шаршы метрі үшін 244 715 теңге болды.
2020 жылғы желтоқсанға қарағанда 5% қымбаттады;
- абаттандырылған үйді жалға алу бағасы 1 шаршы метрі үшін 1 687 теңгені құрады.
Бұл өткен жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 2,7% жоғары.
2020 жылғы қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында 2021 жылдың өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға жұмсай алатынын мәлімдеген болатын.
Серік Жұманғарин, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:
-Бұл ретте, қандай да бір бағалық сөз байласуды қайталама тұрғын үй нарығына қатысушылардың айтарлықтай саны (пәтерлерді сату туралы 130 мыңнан астам хабарландыру) жоққа шығарады және тұрғын үй бағаларының өсуінің негізгі себебі сұраныстың күрт артуы болып табылатынын көрсетті.
Айталық, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес, алу үшін қолжетімді зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы шамамен 1,4 трлн теңгені құрайды. Бұл ретте, осы жылғы ақпанның басында зейнетақы қорынан 386,4 млрд теңге аударылды.
Зейнетақы жинағын пайдалана отырып ипотекасыз пәтер алсаңыз қосымша құжат талап етіледі.
Егер баспананы БЗЖҚ қаражатын қолданып, яғни өзіңіздің жеке қолма-қол қаражатыңызды қолданып сатып аған болсаңыз, enpf-otbasy.kz онлайн-платформасында растау құжаттарын (ПДФ-форматында) жүктеу кезінде сатушы пәтер құнының бір бөлігін қолма-қол ақшамен алғаны туралы қолхат бірге жүктелуі қажет.
Банк зейнетақы қаражатын мақсатты пайдаланушыларға мынадай кеңес береді:
• Егер жеке қаражат бөлігі қолма – қол ақшасыз, яғни банктік шотына аударылған болса, онда растаушы құжат ретінде аударылым туралы түбіртек жүктелуі тиіс.
• Егер Сатып алу – сату шарты нотариуста рәсімделіп, пәтер құнының бір бөлігі нотариустың көзінше беріліп және бұл туралы сатып алу – сату шартында нотариус жазған болса қосымша қолхат пен түбіртектің қажеті жоқ.
Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жаңартылған «жеткіліктілік шегі» жарияланды.
Зейнетақы жинағынан алуға болатын сома БЖЗҚ сайтында автоматты түрде көрсетіледі.
Қазақстанда зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау 23 қаңтардан басталды.
Арнайы порталда зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталғалы үш сағаттың ішінде 4 мыңнан астам адам өтініш берді.