«Аңсаған сәби»: Өтініш беру. Жолдама алу
Елімізде қанша бедеу әйел есепте тұр? Бұл мәселеніҮкімет қалай шешіп отыр, қандай көмек көрсетілуде? Экстракорпоральды ұрықтандыруға (ЭКҰ) қанша квота бөлінеді? Қандай мемлекеттік бағдарлама бар? Оған кімдер өтініш бере алады? ЭКҰ-ға жолдама алу үшін не істеу керек? Қандай жағдайда экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартады? ЭКҰ процедурасынан тегін өтуге бола ма?
Автор: Заира Сабитова
Қазақстанда «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы іске қосылды.
ЭКҰ (экстракорпоральды ұрықтандыру) бағдарламасына 2021 жылы бөлінген квота саны 7000-ға дейін көбейді. Бұл квота беру көрсеткіштерін кеңейтуге, оларды алу кезегінің азаюына мүмкіндік береді.
Бүгінде елімізде 11030 бедеу әйел ресми есепте тұр.
Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында – 1331.
Нұр-Сұлтандағы отбасын жоспарлау бөлімшесі ЭКҰ-ға дайындау жөніндегі ұйымдастыру-әдістемелік және үйлестіру орталығы ретінде жетекші ұйым.
Биыл елордаға 486 квота бөлінді. Әзірге 200 квотаға әйелдерді дайындап жатыр.
Биыл бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары бұрын қаралмаған және жеке медицина орталықтарына қаралған бедеулік көрсеткіштері бар пациенттерді де анықтауда.
ЭКҰ-ға кімдер өтініш бере алады?
ЭКҰ терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған.
- ЭКҰ-ға отбасылық жұптар да, жеке адам да қатыса алады.
- Міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша келісімі болуы керек.
- Қазақстан азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге (репродуктивті жас – 18-ден 42 жасқа дейін, қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебе, жоғары фолликулярлық резерв) сәйкес келуі қажет.
ЭКҰ жасауға қандай жағдайда бас тартады?
-жатырдың туа біткен;
-жүре біткен ауытқулары;
соматикалық бұзылулар;
-психикалық бұзылулар;
-аналық без ісіктері;
-жедел қабыну;
-кез келген локализация онкологиясы.
ЭКҰ-ға жолдама алу үшін не істеу керек?
- Алдымен тіркелген жері бойынша емханаға бару;
- Ұйым мамандары пациентті бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тіркеліміне қосады;
- Бірқатар тексерулер тағайындайдыҢ
- 12 ай ішінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымы, яғни емхана бейінді маманның қорытындысын жазады;
- Әйелдің құжаттарын жоғарын технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді;
- Әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркейді;
- Ем-шараға дайындай бастайды.
Әйел экстракорпоралды ұрықтандыру үшін клиниканы өзі таңдауға қақысы бар.
ЭКҰ процедурасынан тегін өтуге бола ма?
МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. МӘМС жүйесінде ЭКҰ емшарасын жасар алдында ерлі-зайыптыларды тексеру тізбеге сәйкес жүзеге асырылады. МӘМС жүйесінде ЭКҰ – циклдің базалық бағдарламасы қарастырылған.
Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында 2021 жылдан елімізде «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосуды тапсырды. Осы орайда «ЭКО» бағдарламасымен квотаны 7 мыңға дейін, яғни, 7 есе көбейту міндетін қойды.