Ковид-19 жұқтырғандарға: Күтіну. Иммунитет. Қауіпті дәрі. Қосымша ауру
Ковид-19 жұқтырғандардың ауру белгілері қанша уақыт сақталады? Ауырып шыққандар иммунитетін қалай көтереді? Жазылғандарға қай дәрі қауіпті? Ковидтен соң қосымша ауруға шалдыққандар не істейді? Екпеден кейін қалай күту керек? Коронавирустан жазылғандар вакцина алуы керек пе? Онкоаурумен ауыратындарды қалай вакциналайды?
Автор: Заира Сабитова
Коронавирус жұқтырғандардың ауру белгілері қанша уақытқа дейін сақталады?
Ауырып шыққандардың 20 пайызында ауру белгілері ұзақ уақыт бойы сақталып қалады.
Мысалы:
- Бойын әлсіздік билейді;
- Күш-қуаты жетпейтін күй кешеді;
- Жұмыс істеу қабылеті төмендейді;
- Ұйқысы қашады;
- Көру, есту қабілеті, есте сақтау қабілеті төмендейді;
- Психикалық мәселе туындайды;
- Күйзеліске түсуі де мүмкін;
- Шашы көп мөлшерде түсе бастауы мүмкін.
- Кейбірінің үнемі басы ауырады;
- Басы айналады;
- Жүрек тұсы, кеудесі ауырып жүруі мүмкін;
Клиникалық белгілері нақты қанша сақталатыны туралы мәлімет жоқ. Бірақ Covid-19-бен ауырғандарда ауру белгілері 2 айдан 2 жылға дейін сақталып қалады.
Мысалы, коронавируспен ауырған адам ұзақ уақыт бойы жөтеліп жүре беруі мүмкін немесе демікпе пайда болуы, әлсіздік пайда болуы мүмкін. осының салдарынан адам бұрын күнделікті істеп жүрген әрекетін істей алуы қиындай түсуі мүмкін.
ДДСҰ-ның ұсынымы бойынша, коронавируспен ауырып емделген адам өзінің дәрігерімен телефон арқылы байланыста болып тұруы керек.
Коронавируспен ауырғандар иммунитетін қалай көтереді?
Иммунитетті көтеруге қатысты нақты ұсыныс жоқ. Дегенмен:
- Жалпы физикалық жүктемені көтеріп, жиі қимыл-қозғалыс керек;
- Нутритивті қолдау, яғни дұрыс тамақтану керек;
- Ұйқыны қандыру керек, яғни 8 сағаттан кем ұйықтамауы керек;
- Міндетті түрде күндізгі уақытта демалуы қажет;
- Диета ұстағанда дәрумені мол болуын қадағалау қажет;
- Д, В, С тобындағы дәрімендерді, мырыш пен магнийді қолдану керек;
- Қандай дәріменді көбірек қолдану әрбір науқасқа қатысты жеке қаралуы тиіс.
Жазылып кеткендер қай дәріні дәрігердің рұқсатымен қолдануы керек?
Коронавирустан емделгендер аспиринді дәрігердің рұқсатымен ғана қолдану керек. Індеттен емделген соң күніне 1-2 рет аспирин ішетіндер бар. Құрамында аспирині бар дәрілерді қолдану қандай созылмалы ауруы бар екендігіне байланысты. Мысалы, науқастың қан қысымы жоғары болса, құрамында аспирині бар дәрілерді ұзақ уақыт бойы ішеді. Ал мұндай дерті жоқ, бірақ қаны қатты ұйып қаллса, 1-3 ай аралығында ішеді. Қан құрамын үнемі бақылап отыруы керек.
Коронавирус барлық созылмалы ауруды қоздырады. Иммунитет төмендеп кететіндіктен, қай жері әлсіз – сол жері ауырады.
Коронавируспен ауырып, денсаулығы сыр бергендер не істеуі керек?
Бұрын коронавируспен ауырып, қосымша ауру тауып алғандар дәрігердердің бақылауында болады. Олардың иммундық жүйесі қатты әлсіреп қалғандықтан, инфекциялық ауруларға бейім. Сондықтан қосымша ауруға шалдыққандар стационардан шыққаннан кейін 3 ай бойы тұрақты түрде дәрігердің бақылауында болуға тиіс.
Коронавирустан жазылғандар вакцина алуы керек пе?
Жұқпадан кейін ағзада қалыптасатын иммунитет тұрақсыз және аз уақытқа ғана жеткілікті екендігін отандық, сонымен қатар әлем елдерінің де ғалымдары тұжырымдап отыр. Сондықтан 18-ден 65 жасқа дейінгі азаматтар өзінің қызметіне байланысты, яғни медицина қызметкері, педагог сынды коронавирусқа қарсы вакцина алу санатына жататын маман болса, онда олар коронавируспен аурып, емделсе де вакцина алғаны дұрыс. Өйткені олар вакцинациядан кейін ағзада пайда болатын иммунитет арқылы денсаулығын қорғай алады.
Онкоаурумен ауыратындарды қалай вакциналайды?
Онкологиялық аурумен ауыратын пациенттерді жағдайына қарай вакциналау қажет. Иммуносупрессивті науқастарда иммунитет қалыптасуы қиын болуы мүмкін екенін ескерген жөн. Вакцина екі рет салынатынын ескере отырып, онколог емдеуді бастау немесе жалғастыру мерзіміне қарай шешім қабылдауы керек. Әсіресе, бұл ем-домды енді бастаған науқастарға қатысты. Шешім қабылдау кезінде пациент үшін қауіптер, жасы, жалпы жағдайы, қандағы лейкоциттер мен нейтрофилдердің деңгейі, пациенттің болжамы бағаланады.
Тек гормон терапиямен ауыратын науқастар COVID-19 вакциналауға жатпайды. Хирургиялық емдеуге жіберілетін пациенттер хирургиялық араласуға дейін немесе одан кейін вакциналанады. Қатты ісігі бар пациенттер мамандандырылған ем басталғанға дейін 2 апта бұрын, цитостатикалық ем қабылдайтын пациенттер қажет болған жағдайда ем аяқталғаннан кейін вакциналанады.
Қазір онкологиялық науқастарда COVID-19 туралы мәліметтер аз.
Ресейде онкологиялық науқастарға «Спутник V» вакциналау бойынша клиникалық зерттеулер енді ғана басталды. Қазақстандық вакцина бойынша деректер жоқ. Ең бастысы, әр пациентке жеке көзқараспен қарау керек. Бұл ретте антиденелердің деңгейін тексеру қажет емес.