{metadescription}
Озбыр еркекті қалай білеміз? Қазақ әйелінің портреті

Озбыр еркекті қалай білеміз? Қазақ әйелінің портреті

Қазақ әйеліне не жетпейді? Жалғызбасты әйелдердің ұзақ өмір сүретіні рас па? Әйел мен еркектің өзін-өзі бағалауында айырмашылық бар ма? Қазақ әйелдері өзіне неге көңілі толмайды, неге өзіне сенімсіз? Ажырасқан әйелдің психоэмоциясы қандай? Психологқа баруға неге ұялады? Күйеуінен сыйлық, ақша сұрауға қысылатын әйелдер. Әйел өзін-өзі асырауы керек пе? Үйдегі зорлық-зомбылық, кім кінәлі? Озбыр еркекті өзгертуге бола ма?

Қазіргі заманғы қазақ әйелінің портеті және тағы басқа сұрақтарға дәрігер-психотерапевт, медицина ғылымдарының кандидаты, UBC бас директоры Жібек Жолдасова КТК арнасының «Без фильтров» бағдарламасында осы мәселелер жөнінде өз пікірін білдірді. 

Қазақ әйеліне не жетпейді?

Біздің қоғамда қыздар басына түскен  кез келген проблемасына бір-ақ жауап бар: Тұрмысқа шық, ішің пысып ерігіп жүрсің, ал байға шықсаң, ұсақ-түйекке басыңды қатырмай, нақты нәрсемен айналысасың. Яғни, әйел тек үй шаруасына, тұрмыстағы күйбің тірлікке жаратылған ба? Шын мәнінде әйелдің жеке басының проблемасы тек тұрмыспен шектелмейді. Оны еркектер де, әйелдер де ұғуы керек. Денсаулығы нашарласа ше? Тұрмыстағы әйел денсаулығына көңіл бөлмей, қолын бір сілтеп, кейінге қалдырса, ақыры содан жапа шегеді. Солай емес пе? Тым кеш қалса, оған тірі жан көмектесе алмайды.  «Әйелдің бұл өмірдегі басты міндеті – күйеуге шығып, өмірге бала әкелу» деген ұғым санамызға сіңіп, беріштей қатып қалған. Яғни отбасы, ошақ қасы деп зыр жүгіртіп, ақыры денсаулығын мүшкіл күйге жеткізеді. Әйел өзіне де көңіл бөлу керек, әсіресе денсаулығына!

Жалғызбасты әйелдердің ұзақ өмір сүретіні рас па?  

Көп жылғы зерттеулер солай дейді. Әсіресе Альцгеймер ауруына қатысты. Өйткені тұрмысқа шықпаған, баласы жоқ әйел өзін күтіп, денсаулығын мұқият қадағалайды.  

Отбасы құндылығы да заманмен бірге өзгерді. Қазіргі әйелдер толыққанды тұлға. Ер адамның билігі мен күшінен бөлек, әйелдерге еркектен оның қамқорлығы мен түсіністігі керек. Ер адам әйелдің өмірін бөлісе білсе, бір-біріне өзара тартымды болса, ол әйелдің өмірін едәуір ұзартады.  

Әйелдің өзін-өзін бағалауы оның кішкентай кезінен басталады. Әдетте қыз бала ұлға қарағанда тіл алғыш, ыждаһатты, шыдамды және бәрінің көңілін таба біледі.  Бүкіл әлемнің педагогтары баланы кішкентай кезінен қолдау керек деген тұжырымға келіп отыр. Қолдау ақылды, сабырлы ата-ананың басшылымен жүргізіледі.  Баланың есейгенде адам болуы, өз қабілетін іске асыра білуі тек ата-анасына байланысты. Өзіне сыни қарағаны да дұрыс, бірақ өзін қазбалап, түртпектемесе болғаны.  

Өзін-өзі дұрыс бағалай білу деген – өз құнын, маңыздылығын білу. Қандай жағдай болмасын, мен өзімнің кім екенімді, қолымнан не келетінін, не нәрсеге қабітім барын, не нәрсеге қол жеткізе алатынымды білемін деу. Өзін бағалай білген әйел – өзіне сенімді әйел!   

Әйел мен еркектің өзін-өзі бағалауында айырмашылық бар ма?

Әйелдер эмоцияға басым. Ал ер баланы кішкентайынан ұстамдылыққа, ер мінезділікке баулыса, қыз балаға еркелеуге, көз жасын сығып алуға рұқсат.  Сонымен бірге қыз бала жаратылысынан бәріне ұнағысы келіп, көңілінен шыққысы келіп тұрады. Қоғамның талабы осындай.

Эмоционалды интеллект пен әлеуметтік интеллект

Эмоционалды интеллектке эмпатия кіреді – өзге адамның сезімін түсіне білу, уайымын бөлісе білу, Ал әлеуметтік интеллект сәл күрделірек. Әлеуметтік интеллект ол да эмоциалды интеллект, бірақ адамды түсіне білумен қатар, ол адамның іс-әрекетін, мінезін алдын ала болжай білу. Егер бала қоғамда қатынас орнату үшін әлеуметтік интеллект белгісін ажырата білсе,  яғни көмектесіп, көмек сұрауды білсе, ол өте жақсы. Әлеумет, өмір деген жан-жақты. Сондықтан қоғамда жылдам икемделе білу өте маңызды.

Жалпы бүкіл психолог, психотерапевт, психиатрлар бірауыздан, баланың көптеген проблемасы ата-анасынан келеді дейді.Егер балаңызды психологқа апарсаңыз, онда өзіңіз де онымен бірге баруға тиіссіз. Ата-анасы өзгермесе, балаға көмек бергеннен нәтиже болмайды.  

Қазақ әйелдері өзіне көңілі толмайды, өзіне сенімсіз

Кішкентай кезінен «шошаңдама», «елдің көзіне түспе», «түріңе қара», «данышпан емессің» – осындай мүқатқан сөздер естіп өскен бала өмірде жасық болады. Шынын айтсам, бізде жиі кездесетін үрдіс, өзін-өзі бағалаудың бір тәсілі – өзге адамды кемсіту. Мысалы, баласы аудан көлемінде жеңімпаз болса, «тәйірі, облыста жеңбедің бе» дейді. Облыста жеңсе, «тәйірі, республика көлемінде болғанда», ал республикалық жарыста жеңсе, «шетелдегі жеңіс – нағыз жеңіс» деп, баланың мысын құртып, бар талпысын жоққа шығарады.

Ажырасқан әйелдің психоэмоциясы

Ажырасқан әйелдер көбінесе, бастапқыда өзін кем санап бишара күйге түседі, болмаса жанталасып «керемет еркек» табуға кіріседі немесе «еркегі құрысын, өмір бойы тұрмыс құрмай кетем» деп аласұрады. Неліктен?

Ол қысқа уақытты эмоция, яғни қызбалық, күйзеліс. Ашуланған, долданған хал, ашу қысқанда уақытша естен адасу деуге болады. Ондай күйде адамның басына небір бытыраңқы ойлар келеді. Мұндай кезде тағдырлы шешім шығарып, әрекетке көшуге болмайды. Біраз уақыт күткен жөн. Уақыт емдейді дегендей, эмоциясы басылғанша маңызды шешім қабылдамағаны жөн. Одан гөрі жақынына мұңын шағып, ақтарылып, ішіндегі ойларымен бөліскені дұрыс. Жақыны аясын, уатып, тыныштандырсын, сабырға салсын. Есін жинап, адекватты ойлау қабілетіне жеткенде, бұған дейінгі асығыстық жасап айтқан сөздері мен әрекеттерін түсініп, эмоциясына кедергі келтірмейтін күйге түскенде ғана ары қалай қалай өмір сүу керектігін асықпай ойластыруға тиіс.  Ажырасу – үлкен күйзеліс. Қатты күйзеліс кейде апта, ай, тіпті жылдарға созылуы мүмкін. Сондықтан ондай кезде дәрігер маманның кеңесіне жүгінген жөн.

Психологқа баруға ұяламын

Осыдан 20 жыл бұрын әйелдер писхолог, психиатр маманға барудан қысылатын. Қазір маманның көмегіне жүгінгенін ашық айта алатын дәрежеге жетті деуге болалды. Тіпті ақпаратқа қанық саладағылар «менің психологым солай деген, осылай ұсынған» деп мақтанышпен  айтады.

Өзін төмен бағалайтын әйел мен оның күйеуі

Егер ондай әйел өзін түсіне білетін, құрметтейтін еркекті кездестірсе, онда әйел құлпырып шыға келеді. Ал әйелінің арқасында өзін-өзі танытқысы келетін еркекке жолықса, онда әйелдің өзін бағалауы күн сайын төмендей береді.  Сол кезде психологиялық жағдай, тұрмыстағы зорлық-зомбылық белең алуы мүмкін. Сөйтіп ерте ме, кеш пе, ол қатты күйзеліске әкеледі.  

Күйеуінен сыйлық, ақша сұрауға қысылатын әйелдер

Қаржы зомбылығы деген түсінік бар. Ол отбасында ақшадан қысылғанда, қажет затын ала алмағанда туады. Тіпті етеккіріне қажет гигиеналық құралын ала алмаса, ол масқара жағдай. Сондықтан отбасында әр нәрсенің шегін, шекарасын нақты белгілеу керек. Егер отбасында тек ер адам ғана табыс тапса, ол әйелінің күнделікті қажеттілігіне ақша бөлуге міндетті. Отбасында ортақ бюджет (азық-түлік, киім-кешек), ағымдағы бюджет (демалыс, күнделікті шығын) және  қалта н нақты белгілеу керек.  

Күйеуіне де, баласына да, қызметіне де көңіл бөлу – өте қиын

Өз күш-қайратыңды, мүмкіндігіңді біл. Егер айналаңдағылар сенен көп нәрсені талап етсе, бәріне үлгеру мүмкін емес. Ерте ме, кеш пе, қуаттағышың таусылады. Төзімі де, күші де, сарқылады, миы ашиды. Сөйтіп «күйіп кету синдромына» шалдығады. Оны болдырмас үшін, өз мүмкіндігіңді ескеріп, әр күніңді, аптаны, тіпті болашағыңды жоспарла.

Жалпы, күйеуінің «үйде отыр, ақшаны өзім табамын» дегені – психологиялық зорлық. Бұл шешімді әйел өзі қабылдауы тиіс.

Әйел өзін-өзі асырауы керек пе?

Өмірде түрлі жағдай болады. Тек күйеуіне сеніп, жұмыс істемей, бала бағып үйде отыра бергендер. Күйеуі кенеттен қайтыс болса, еш нәрсеге икемі жоқ, табысы жоқ, білімі жоқ әйел далада қалады. Ешқашан, еш жерде жұмыс істеп көрмеген әйел тығырыққа тіреледі. Өзін-өзі қамтып, табыс тауып, балаларын жеткізу ондайда өте қиын. Ауырлықты еңсере білетін, икемделе білетін әйелдер жоқ емес. Дегенмен көпшілігі ауыр жағдайға душар болып, тіпті дәрігердің көмегіне жүгінеді. Барлық әйел бірдей емес. Бірақ «мен не істей аламын, маған не қажет?» деген сұрақққа жауап бере алса. Менің ойымша, тап қазіргі заманда жұмыс істеуге мүмкіндік мол.  

Үйдегі зорлық-зомбылық. Кім кінәлі және әйел неге кетіп қалмайды?

Оның себебі көп. Махаббаттан басталып, «Стокгольм синдромымен» аяқталады. Стокгольм сидромы    - құрбан болған адам агрессорды жақтап, оны ақтай бастайды. Жиі кездесетін жағдай. Мысалы, отбасында зорлық-зомбылық орын алды дейік. Психологиялық, қаржы, жыныстық болсын, осы әрекеттің арқасында агрессор өзінің күштімін деп сезінеді. Бірақ ішінен қате істегенін біліп тұрады. Ренжіткенін, көңілін қалдырғанын, мұқатқанын және т.б. Соның салдарынан іштей өз кінәсін сезеді. Озбыр еркектің бойындағы сол сезім оны әрдайым мазалап, дегбірі қашады. Содан кейін бар ауыртпалығын құрбан болған адамға аудара салады. Қалай? «Кінә әзіңнен», «өзің бастадың», «солай істеуіме сен өзің түрткі болдың» дейді. Сөйтіп өзін тыныштандырады. Сол сәтте ол өзін тәртіпті ұстайды, сыйлықтар жасайды, кешірім сұрайды. Тап сол кезде зорлық көрген адам оны аяп, мүсіркеп, қорғай бастайды. «Мінеки, ол өзгерді», «негізінде ол мейірімлді, мені жақсы көреді», «ол дұрыс айтады, жанжалға мен өзім түрткі болдым» деп қорғаштайды.

Адаммен алғаш танысқан кезде, оның айналасындағы адамдармен қалай қарым-қатынас жасайтынын мұқият зерттеңіз. Егер ол өзінен кіші, әлсіз, мәртебесі төмен адамдарды менсінбей, кемсітіп, менмендік танытса, одан аулақ болыңыз. Озбыр еркек әдетте мінез-құлқын ашық көрсетпейді. Өзін жақсы қырынан көрсетуге тырысады. Қымбат сыйлық жасайды, қыдыртады, тіпті керемет романтик болып көрінуі мүмкін. Дегеніне жеткен соң, мінезі бірден өзгерсе, демек, ол  – озбыр.    

Озбыр еркекті өзгертуге бола ма?

Шет елдерде озбырларды психолог немесе психотерапевтке баруға мәжбүрлейді. Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа арналған бағдарламалар бар, мысалы, «Ашу-ызаны басқара білу» және т.б. Бірақ оған өз еркімен баратындар аз, көбінесе сот шешімімен баруға мәжбүрлейді. Біздің елде ондай көмекке мыңның бірі ғана жүгінеді. Сондықтан жігітпен кездесіп жүргенде оның әрбір іс-әрекетіне зер салып, жіті бақылаған маңызды. Кез келген зорлық-зомбылықта тек агрессор кінәлі, соны түсінуіміз керек. «Әйелдің өзі кінәлі» деп айтқан сайын, біз нені көреміз? Қоғамның бұл мәселедегі деңгейі – жабайы, мәдениетсіз, тағы, алғашқы қауымдық кезеңге тән.  

Қазіргі заманғы қазақ әйелінің портеті

Оң өзгеріс, прогресс  тек ірі қалаларда байқалады. Шалғай ауылдарда әлі патриархал, түк өзгермеген. Ауылдың қызы қалаға келіп, өзін қадірлей білетін жақсы жігітке түрмысқа шықса, онда жолы болғаны. Бірақ агрессорға кезігіп жәбір көрсе, бүкіл туыстары «шыда, бізд жерге қаратпа, ажыраспа, отбасыңды сақта, ел-жұрттың алдында масқара қылма» дейді. Бұл деген – сұмдық! Өкініштісі, ақыр соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жатыр.

Біздің елде мынадай үрдісті байқадым. 30 жасқа дейін: «тезірек күйеуге шық, әйтпесе кәрі қыз боп қаласың, тек қазақ жігітіне» дейді. 30 жастан асқан соң: «кімге шықсаң да, жылдам шық» дейді. 40 жасқа таяғанда: «туып ал, кімнен болсын, кімді болсын» дейді. Біздің патриархал талаптарымыз шартты болғаны. Яғни, бақытты боласың ба, жоқ па, бәрібір, тек жаныңда күйеуің болуға тиіс. Ал дұрысы, өмірде қол ұстасып бірге жүретін, сені түсіне алатын өмірлік серікке деген қажеттілігіңнің болуы.  

Қазақ қызы туралы әңгімелер

Қазақ қызына деген қатал тыйымдар туралы айтсақ, ол ... саны аз халық болғандықтан, ұлттық деңгейде санамызда «қазақты сақтап қалу» деген қағидаттан туса керек. Ұлт, халық, мәдениет ретінде. Ал енді қазақ қызы «олай істемеу керек», «былай істемеу керек» деген қызбалы мәлімдемелер әйелді еркектен төмен, еркекке қызмет етуге тиіс дегенді білдірсе керек.  

Ішкі дүниеңді байыту. Ақыл-кеңес

Айналаңдағы адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатып, проблемаңды жасырмай, ашық айтып үйрен. Жұмыстағы, үйдегі барлық проблеманы талқылауға болады. Проблемаңды іште тығып қалу, одан да үлкен проблемаға әкеледі.  Ал қасыңдағы серігің сенің мәселеңе мүлдем көңіл аудармаса, сені елемесе, онда онымен бір шаңырақтың астында тұрғанның өзі мағынасыз.

Сұхбаттың толық нұсқасын ютуб арнасынан қараңыз.   

 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде