{metadescription}
Табысты болғың келсе, 7 нәрседен қашық бол

Табысты болғың келсе, 7 нәрседен қашық бол

Сингапурлық епті кәсіпкер, жазушы Лим Кайрен өмірде жетістікке қол жеткізгің келсе, жеңіл-желпі айтып үйреніп кеткен бірқатар сөйлемдерді қолданбауға кеңес береді.

«Жетістіктің тек қызметте емес, өміріңнің әр көрінісінде – қарым-қатынас құруда, тәжірибеде маңызы бар. Табысты болудың кілті көбінесе күн сайын айтып жүрген сөздеріңе байланысты», – дейді Лим Кайрен.  

Мысалы, екі адамды алайық: Қайрат пен Жігер. Қайрат: «Рас айтасыз, бұл менің қолымнан келеді!» немесе «Қиындық – уақытша, намысым – мәңгі» деген оптимистік сөздерге машықталған. Ал Жігердің табиғаты пессимизмге жақын: «Қайдам, бұл қолымнан келер ме екен?» немесе «Жоға, бұны жасау мүмкін емес» деп айтуды әдетке айналдырған.  

Қайсысының жолы болады деп ойлайсыз? Қайрат – қайраттанады. Ал Жігердің жігері құмға айналады.

Бүгіннен бастап жақсылыққа бағыт алдым, жұлдызым жарқырап жана бастады деп елестетіп, күн сайын айтатын сөзіңіз бен ойыңызды қадағалаңыз. Ол үшін мына 7 сөйлемді қолданбауға тырысыңыз.

1. «Бұл өмірде әділет жоқ»

Иә, бұл өмірде әділсіздік бар, бірақ әділдік те бар. Неге екені белгісіз, адамдар бастапқыдан әр жағдайдың ұтымды тұстарына аса көңіл аудара бермейді. «Бұның маған не қажеті бар, бұдан не ұтам?» деуге машықталған.  

Бұл әділетсіздікті өмірімнің ажырамас бөлігі деп қабылдап, соған етің үйреніп кетуің мүмкін. «Өмірде әділдік жоқ» дегеннен гөрі, «осыны қалай жақсартсам болады» деп өзіңе сұрақ қой.

2. «Бұны жасау мүмкін емес»

Табысты адамдар тастай берік қамалдың алдына келсе де, оны тесіп өтудің небір жолын қарастырады. Тас қамал оның намысын қоздырып, тіпті өшіктіріп, адам соны бұзып-жарудың айла-амалын табуға ұмтылады. «Бұны жасау мүмкін емес» деп қолды бір сілтемей, «бұны қалай жасасам екен?» деп ойла!

3. «Әттең, керемет қып жасауға болар еді, бірақ ...»

Істеген нәрсеңе көңілің толмай «бұдан да жақсы жасауға болар еді» деп қыңқылдап, уайымдай берме! Жолы болғыш адамдар сәтсіздіктен секіріп өтіп, оны тез ұмытады. Бірақ жақсы қылып жасай алмаған мүмкіндігін санасына сақтап, соны келешекте қолдануға асығады.

Өткенде басыңнан өткен сәтсіздіктерді күн сайын ойлап, өзіңді кінәләп мыжғылай берме. «Келесіде осы қателікті жібермей, барынша мықтылап жасайтын болам»» деп айтыңыз. Сөйтіп көзі ашық, көкірегі ояу күймен алға жылжыңыз.

4. «Шатағым жоқ. Бұл менің міндетім емес»

Ешқашан бұлай айтпаңыз. Бұл табысты адамға – жат. Табысты адам «жетістік – өз үлесін қосып жатқандарға тиесілі, ешкім жетістікке жеткен адамның жігерін құм қылмауы тиіс» деп ойлайды.

Табысты адамға ұжымдық жұмыс өте маңызды. Сондықтан «бұл менің міндетіме кірмейді» деп айтпай, ұжымның жұмысына қаншалықты жақсы ықпал ете аламын деген әлдеқайда дұрыс. Ол тәжірибеңді ұштап, жан-жақты дамуыңа жол ашады. 

5. «Мен бұны білмеймін, қолымнан келмейді» 

«Мен білмеймін» деген адам өзін дамыту мүмкіндігін жояды. Табысты адам бұл сөзді өте сирек айтады. Бұлай айта берсе, ол басын қатырғысы келмейтін әдетке – жалқаулыққа бой алдырғаны.   

Тап осындай жағдай басты рөлін Уилл Смит сомдаған «Бақытты қудалау» фильмінде сәтті бейнеленген. Оның кейіпкері сұқбат бергенде табысты адамға тән есте қаларлық мынадай сөздер айтты:

«Мен сондай адаммын. Егер сіз маған сұрақ берсеңіз, мен жауабын білмесем, онда мен білмеймін деп айтамын. Бірақ, бәс тігем! Мен жауапты қалай табуға болатындығын білемін және жауабын табамын!»

6. «Не істерімді білмеймін, тығырыққа тірелдім» 

Осылай айтқан адам жағдайды шешуден бас тартқаны. Жағдайдың сізден ауқымды екенін білдіргенің. Оны шешу мүмкіндігін уысыңнан шығарып алғаның. Демек, істің мән-жайының байыбына толық бармай, қиын жағдайдың құрбаны болғаныңды мойындағаның. Мәселенің жабулы қазанда қалғанына жол бергенің.

 Табысты адам қандай қиын мәселе болса да, оны шешудің бар мүмкіндігін егжей-тегжейлі байыптап, шешімін өлсе де табады. Сондықтан бүгіннен бастап «шешілмейтін мәселе жоқ, оңтайлы жолын табамын» деп айтуға дағдылан.

7. «Бәленпай адам ақылсыз, түгенпай ақымақ» (жалқау, салақ және т.б.)

Табысты адам өзгенің ақылы туралы жаман пікір айтпайды. Өйткені ол адамның мінезіне, қызметіне  әсер етуі мүмкін. Егер бір адам туралы жайсыз мәселе көтерілсе, оның түсін түстемей, әдеппен шешуге тырыс.   

Табысқа, жетістікке қол жеткізгің келсе, адам туралы жақсы ойла. Жақтырмаған адамның кемшілігін көптің көзінше бетіне баспа. Әдеп сақта.

Айта кетсек, КТК арнасы өз қызметкерлерінің жұмысқа деген құлшынысын оятып, ерік-жігерін арттыру мақсатында әр кабинеттің қабырғасына ынталандырушы әдемі сөздерді жазып қойған.  

Адамның пиғылы, ниеті дұрыс болса, оның қоғамдағы орны да, тіпті тағдыры да сол ішкі ниетіне сай болатыны анық. Адамның құлқы түзелмей, құлпы түзелмейді. Ақ ниетті болайық, ағайын!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде