Жас жұбайлардың шымылдығына неге үкі тағылады?
Төсек тойы деген не? Жас жұбайлардың шымылдығына неге үкі тағылады? Жас жұбайлардың төсегін неге және немен аластайды? Келін жүкті болғанда жақсылық хабарды алдымен кімге айтады? Кәденің хабарын жеткізген адамға енесі не береді?
Автор: Заира Сабитова
Жасыратын түгі жоқ, қыз біреудің үйіне келін боп түскеннен кейін келген жері ең алдымен келіннен ұрпақ – бала күтеді.
Осы уақытта алғашқы үш-төрт айда әйелдер арасында еркектер көп ести бермейтін сыбыстар басталады. Ал енесі бұрынғы келіндерінен, келін тетелес абысындарынан жәймен сұрастырады.
Қазақ халқы өте бала жанды. Әр балада мәз болып, бір жырғап қалады. Сол себепті қызын ұзатқан жаққа да ең керегі, бақыты – бала.
Жарық дүниенің табалдырығын әлі аттап үлгермеген қазақтың басынан өтіп жататын ең алғашқы әдет-ұрып – төсек тойы.
Төсек тойы қалай жүзеге асырылады?
Неке оқылғаннан кейін жас жұбайлардың шымылдығына үкі тағылады.
Неліктен үкі?
Біріншіден, үкі күндіз жатып, түнде тіршілігіне кірісетін құс. Сондықтан ата-ана осы құсты балаларына бас-көз болсын деп ырымдайды.
Екіншіден, үкінің қауырсыны сұлу.
Үшіншіден, үкі келіннің қыз күнінде тақиясына тағылған. Естелік ретінде бірге болуы тиіс.
Екі жастың пәк төсегін жақындарының ішіндегі ең көргенді, көп балалы келінге ырымдап салғызады.
Қыздың анасы дайындаған төсек аршаның түтінімен түтінделеді.
Неліктен арша?
Біріншіден, арша – қысы-жазы солмайтын, қурамайтын ағаш. Сол себепті «жастар қартаймасын» деп ырымдайды.
Екіншіден, аршаның түтінінде керемет иіс бар.
Үшіншіден, арша қазақ ұғымында пәле-жаланы аластайтын қасиетті ағаш.
Осы шарттар біткен соң төсек салған екі жеңге жастардың жатуына рұқсат етеді.
Жас келін жүкті болған соң жақсылық хабарды бір абысынына айтады.
Ол енесіне жеткізеді. Болашақ қуаныш үшін келіннің енесі ел-жұртқа жар салмаса да, әйелдер жағының басын қосып, кәделі дастарқан жаяды – болашақ немересінің шашуы.
Бұл кәденің хабарын жеткізген адамға енесі кәдімгідей сүйінші береді.
Екі құдағидың арасы осыдан кейін тіпті жақындай түседі.
«Қатын алма, қайын ал» деп, енесінің бала тәрбиесіне іштей риза болған күйеу бала да қайын жұртын сыйлай түседі.
Шаңырақтарыңызға әдепті келін, көргенді күйеу бала бұйырсын!
Үбірлі-шүбірлі болыңыздар!
Оқи отырыңыз: КИЕЛІ КИІМ – ҚАЙ КИІМ?
БАСҚА ХАЛЫҚТЫ КІМ БІЛСІН, БІЗДІҢ ҚАЗАҚТА ОСЫЛАЙ