Жеке өміріңді өзгертетін екі ереже
Әр адамға арналған екі ереже. Әр адамның жеке өміріне. Расында да өміріңді жақсы арнаға бұрады. Дұрыс қалыпқа түсіреді. Бұл екі ереже еркекке де, әйелге де арналған. Ал осы ережені білмейтіндер өзіне лайық емес адаммен уақытын сарп етіп, жүйкесін тоздырып өмірін өткізеді.
Автор: Заира Сабитова
Бірінші ереже
Қарым-қатынас ауырлық әкелмеуге тиіс. Араларыңдағы қарым-қатынастан мазаң кетпеуі керек. Қарым-қатынаста сыйластық болып, ол қиын емес – жеңіл болуға тиіс. Бірінші танысқан күннен бастап. Алғаш араласқан сәттен бастап.
Бір көргеннен бұрыннан білетін, етене таныс адамдай араласады. Сондай ықыласты сезіморнайды. Тап сондай адам сізге лайық. Көп уақыт көңілін аулап, қас-қабағын бағатын адамға қарағанда.
Жеңіл қатынас – демек жақсы. Қиын қатынас – демек, нашар. Бұл дәлелдеуді керек етпейтін ғылыми айқын шындық.
Жалпы, қарым-қатынаста жаныңды салып, өз тарапыңнан жанпида болып, өзіңнің қандай екеніңді дәлелдеудің қажеті шамалы. Ықыласын өзіңе аударуға, жампаң қағып жағымсып, көңілін табуға тырыспа. Жаныңды қинап оған икемделме. Жақтырмаса, жалпылдама. Саған деген жылы ықыласы болмаса, қайтсем де көңілін табамын деп әуреленбе. Ығына жығылма.
Өзіңді осылай тәрбиелеп үйретсең, ол жақсы әдетке айналады. Әрдайым солай істеуге машықтанасың. Егер бір көргеннен дұрыс қатынас орнамаса, демек – ол сенің адамың емес.
Жалпы, қиын қарым-қатынас еріккендерге арналған. Және бос уақыты көп адамға арналған. Ол тек күйзеліс әкеп, мазаңды кетіреді. Қарым-қатынастан жапа шекпе. Өзіңе икемдеп әуре болма, қиналма.
Сені түсінбейтін, ұққысы келмейтін адамның көңілінен табамын деп жанталасу – өзіңді кемсіту, ол қорлықпен тең. Өйткені шыдамның да шегі бар. Ерте ме, кеш пе, шыдамың сарқылып таусылады.
Ауыр қарым-қатынастан аулақ бол.
Екінші ереже
Қарым-қатынас тек қуаныш әкелуге тиіс. Егер сол қуаныштың жұрнағы қалмаса, өкпе-реніш әкелсе – ондай байланысты түп-тамырымен жұлып таста, бас тарт.
Айқау-шудан, ыдыс-аяқтың жиі сылдырынан, қаныңды қасықтап ішкізгеннен аулақ бол, әйтпесе ол дағдыға айналып, жапа шегесің.
Нәтиже бермейтін ұзақ ұрсысудан, айыптау, айыпталу, жазғыру, жазықтауды тый. Өйткені ол жақсылық әкелмейді.
Араларыңда қалпына келмейтін өкпе, ыза, кек орнаса, жүрегіңді жараласа – ондай қатынастың көк тиын пайдасы жоқ. Сөзіңді ұқпаса, жаныңды қинаса – қатынасты тый.
Бітпейтін дау тағы басталса – көзіңді құрт, кет. Сені себепсіз айыптап, зіл тастап, сөгіп, кінәлап, ұрса берсе – өзіңді себепсіз жазғыруға жол берме. Кетіп қал.
Өйткені қарым-қатынас қуанышқа құрылған. Қалғаны әлгі «баламызға бола», «бәрі солай тұрып жатыр», «жұрттан ұят», «ел не дейді», «етім үйреніп кетті» «онсыз тіпті қиын болса ше», «тағдырым солай шығар», «маңдайға жазылғаны сол» – бұл мәнсіз өміріңді жақтайтын бос әуреге құрылған құр сөз.