Құрылыс компаниясын қалай таңдау керек?
Құрылыс компаниясын қалай таңдауға болады? Таңдаған компанияңыздың құрылыс саласындағы беделі қалай, қайдан білуге болады? Оның тұрғызған нысандарын қалай, қайдан табамыз? Қандай рұқсат құжаттарын тексеру керек? Қандай құжатқа қол қою/қоймау керек? Не нәрсе күдік тудыруға тиіс?
Автор: Заира Сабитова
Құрылыс компаниясы туралы бар ақпаратты, әрине, оның ресми сайтынан қарауға болады. Бірақ, нақты қандай ақпаратқа жіті назар аударған дұрыс?
Ол үшін, құрылыс компаниясының ресми сайтында мына ақпаратқа назар аударыңыз:
-компанияның құрылған жылы;
-қай аймақтарда жұмыс істейтіні;
- салып жатқан және пайдалануға берілген нысандарының тізімі;
- сканерленген құжаттамалары (лицензия, құрылтай құжаттары, құрылысқа рұқсат);
- басшылығы, бас мердігері, серіктес компаниялары туралы ақпарат;
- қызметкерлер саны;
- құрылыс жүріп жатқан жерден түсірілген фото және видео материалдар;
- нақты байланыстар: заңды мекенжайы және кеңселерінің орналасқан жері;
- телефон нөмірлері, электрондық поштасы т.б.
Егер сайтта рұқсат құжаттарының сканы немесе басқа деректер болмаса, оны құрылыс компаниясының өзінен нақтылап сұраңыз.
Құрылыс саласындағы беделі қандай?
Басқа да ресурстардан сол құрылыс компаниясы туралы ақпаратпен танысыңыз. Компания туралы қандай пікір жазылған? Ресми ақпарат порталдарынан, сайттардан сол компания жайлы жаңалықтарды қарап шығыңыз.
Құрылыс компаниясының салған нысандары туралы жаңалықтарда жағымды ақпарат бар ма? Қара тізімде ме? Оны қалай білеміз?
Пайдалы сайттар:
— Әкімдіктің ақпарат ресурстары , сәулет және қала құрылысы бөлімдері;
— ҚР Сот актілері банкі;
— Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы;
— Қазақстан ипотекалық компаниясы.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары Үлескерлерді қолдау орталығы (Нұр-Сұлтан, С409 көшесі, №13 үй, ХҚКО (Сарыарқа ауданы).
Компанияның кеңсесіне бас сұғыңыз
Құрылыс компаниясының бас кеңсесінің орналасқан жері мен жағдайы компанияға деген сенім тудыруға мүмкіндік береді. Назар аударатын жайт — шалғай ауданда орналасқан шағын кеңсе мен ұжымдағы қызметкерлер санының аздығы.
Салынып біткен нысандарды бағалаңыз
Егер нақты бір құрылыс компаниясын таңдап алсаңыз, сол компанияның салып бітірілген нысан барып көруге ерінбеңіз. Нысандары туралы ақпаратты Krisha.kz сайтындағы «Новостройки» бөлімінен табасыз..
«Ещё настройки» тетігін басып, «Застройщик» жолағына сізге қажет компанияның атын жазасыз. Аталмыш компанияның сатылып жатқан нысандарын сол жерден таба аласыз.
Нені қарау керек?
— ғимараттың алдыңғы жағы,
— бүкіл ғимаратты,
— аумағында орналасқан аулаларының жай-күйі.
Мүмкіндігінше сол тұрғын үй кешенінде тұрып жатқан адамдарды сөзге тартыңыз. Нысан қолдануға уақытында берілді ме? Тұрғын үйге көңілі тола ма? Пәтерлердің сапасы қандай? Компанияның басқармасы қалай жұмыс істейді?
Қандай рұқсат құжаттарын тексеру керек?
— құрылтай құжаттары және құрылысқа қатысқан компаниялардың лицензиясы;
— жер учаскесіне берілген құжаттар (жекеменшік құқығына мемлекеттік акті немесе оны жалға алу шарты);
— тұрғын үйдің жоба-смета құжаттары;
— құрылысқа рұқсат актілері/пайдалануға берілген акті.
Құжаттардың ішінен бір нәрсеге күдігіңіз туған жағдайда, сенімді заңгердің көмегіне жүгініп, кеңес сұраңыз.
Қандай құжатқа қол қою керек?
Құрылыс компаниясы қандай келісімшарт ұсынып отыр?
Есіңізде болсын, тек үлестік қатысу келісімдері ғана заңды күшке ие (ҮҚК).
Үлескерлерден қаражатты тек мынадай жағдайда ғана алуға құқылы:
-тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының кепілдігі болса;
-екінші деңгейлі банктердің қаржыландыруы болса;
-ғимараттың қаңқасын тек өз есебінен тұрғызу.
Ал келісімшарттардың басқа түрі (алдын-ала, брондау, резервте ұстау, инвестициялау және т.б.) – жарамсыз.
Не нәрсе күдік тудыруға тиіс?
- құрылысшы туралы еш ақпарат жоқ немесе ол толық болмаса;
- құрылысқа рұқсат құжаттары жоқ және лицензиясы да жоқ болса;
- салынып бітірілген нысандары жоқ немесе олардың сапасы нашар болса;
- тұрғын үйді нарықтағы бағадан едәуір төмен бағамен ұсынса;
- нысандары қара тізімге енгізілген болса;
- сатып алушылардың жағымсыз пікірлері болса;
- соттасып жатса.