{metadescription}
Адам өміріне ең қауіпті 10 хайуан

Адам өміріне ең қауіпті 10 хайуан

Жер шарындағы адам өміріне ең қауіпті жануарларды білесіз бе? Мұндай хайуаннан жылына әлемде қанша адам көз жұмады? Қауіпті жануарлар қай жерлерде мекендейді? Олар несімен қауіпті?               

Жер жүзін мекендейтін жан-жануар, құстардың сан алуандығында шек жоқ. Адам баласы толық зерттеп бітпеген олардың әдет, дағды, әрекеті кейде таңдай қақтырады. Жануарлар әлемі туралы бағдарламаны әлі күнге дейін барлық жастағы адамдар қызығып қарайды.

Дегенмен жабайы табиғатта мекендейтін аңдардың арасында адам өміріне өте қауіптілері бар екені рас. Тіпті сүйкімді, жуас деп санаған  жануардың өзі адамға шабуылдап өлтіріп немесе талап жеп қоюы әбден мүмкін.

Ендеше жер шарындағы ең қауіпті деген жануарлардың тізімін қарайық.

  

10. Піл

Бала кезімізден піл – ақылды да мейірімді жануар деп келдік. Циркте еңгезердей пілдің ебедейсіз қимылына, билегеніне қарап  сүйсініп, қандай еңбекқор, мейірімді деп ойлаймыз. 

Бірақ осы еңгезердей зор жануар қаһарына мініп ашу кернегенде пілге төтеп бере алмайтыныңды бір сәтте ұғасың. Ол алдына келген адамды таптап, мыжып тастайды. Тіпті қашып үлгере алмайсың. Сағатына 40 шақырымға жүгіре алатын бұл сұр дәу кез келген адамды қуып жетеді. Ең қауіптісі – үйірінен қуылған еркек піл.

Пілдің отаны – Үндістанда  оны қара жұмысқа жегеді. Кез келген, тіпті ең жуас деген пілдің өзі өміріндегі физиологиялық өзгерісіне байланысты белгілі бір кезеңінде өте қауіпті болады. Ал африкалық пілдер бір нәрседен сескенген кезде, жараланса немесе өз аумағын қорғамақ болғанда үлкен қауіп төндіреді.Үнді піліне қарағанда африкалық тұқымдасы жаттықтыруға келмейді және қатыгез. Ал жалпы піл жануарлардың ішіндегі ақылды екенін ескерсек,  қаупі  бірнеше рет артады.

9. Мүйізтұмсық

Аңдардың ішінде зілдей денесімен ерекшеленетін тағы бір дәу Африкада мекендейді –  мүйізтұмсық. Бұл да әлемдегі қауіпті жануардың бірі. «Мүйізтұмсықтың көзі нашар көреді, бірақ өзі оны пысқырмайды» деген әзіл – қалжың емес. Расында да құлағы керемет еститін, алыстан иіс сезетін салмағы үш тонналық жануар 7 метрден әрі көрмейді, бірақ ұзын әрі үшкір мүйізін естен шығармаңыз. Зәреңді ұшыратын қаруын ол алдынан кесе-көлденең шыққан жанның бәріне қолданады. Тіпті мүйізін қолданбаса да, ашуға мінгенде жауын қуып жетіп таптап өлтіреді. Мүйізтұмсық жылына ондаған адамды мерт қылады екен.

 

8. Арыстан

Арыстан әлемдегі адам өміріне ең қауіпті аңдардың тізімінде сегізінші орында тұр. Құдіретті де маңғаз арыстанды аңдардың патшасы деп  тегін айтпаса керек. Африкалық арыстанның азығы – бөкендер мен зебра. Бірақ ол қатып қалған ереже емес. Арыстан африкалық Цаво елдімекенінде теміржол салып жүрген жұмысшылардың 9 ай бойы зәре-құтын қашырған. Бұл аңның көзін құртқанға дейін, ол жүзден аса  адамды талап жеп қойған.

Ал Танганьика көлінің маңында адам жегіш арыстандар жергілікті тұрғындардың зәресін ұшырғаны соншалық, тіпті тұрғындарға бір-бірден емес, үйірімен келіп шауып, үш ұрпағына дейін қырып салып отырған. Сөйтіп арыстанға  азық болған адам саны мын жарымға дейін  жеткен.  Африкалықтар кәрі, жаралы арыстан жейтін жануарын қуып жетуге әлі болмаса, адамды жеміне айналдыратынына шүбә келтірмейді.

7. Қоңыр аю (гризли)

Гризли әлемдегі аса қауіпті аңдардың қатарына кездейсоқ кіргізілмеген. Канада және АҚШ-ты мекендейтін гризли өзінің басқа тұқымдастарына қарағанда едәуір ірі және ағашқа өрмелеп шыға алады, онымен бірге тасқыны қатты тау өзенін мыңқ етпестен жүзіп өтеді. Гризли шөпқоректі болғанымен, балыққа құмар және ұсақ жабайы аңдарды жемтік қылудан бас тартпайды.   

Аю адамға несімен қауіпті? Егер адам оның азығына көз тіксе. Және ұрғашы аюды қонжықтарымен кездестірсең, біттім дей бер. Қонжықтарын қорғау мақсатында ол адамға бірден шабуылдайды.

6. Алып ақ акула

Бұны адам жегіш деп тегін атамаса керек. Әлемдегі аса қауіпті аңдардың қатарында алып ақ акула алтыншы орында тұр. Телегей теңізде бұдан қорқынышты жыртықш жоқ шығар. Солтүстік мұзды мұхитты қоспағанда, ғаламдағы бар ашық суда мекендейді. Ашық мұхитта қалған жүзгіштер, серфингистер, сүңгуірлер мен дайверлер басын үлкен қауіп-қатерге тігеді.

Бұл теңіз жалмауызының түрінің өзі зәреңді ұшырады.  Алып ақ акула әлемдегі ең ірі акулалардың бірі. Оның ұзындығы 4,6-4,8 м, бірақ 6 метрге жететіні де баршылық. Апандай азулы, өткір тісті акуламен кездескенде өміріңмен қоштаса бер. Акулалар ең қауіпті теңіз жануары. Оның орасан зор азуы мен өткір тістері ешбір адамды тірі қалдырмайтыны анық.

5. Қолтырауын

Аса қауіпті жануарлардың қатарында бауырымен жорғалаушы жыртқыш – қолтырауын бесінші орында тұр. Еуропа мен Антарктиданы қоспағанда, барлық құрлықта мекендейді. Қолтырауынның 23 түрі бар. Серпентологтар (қолтырауын зерттеушілер – ред.) ең қауіпті қолтырауын – Нил және жалы бар қолтырауын дейді. Бұлар суда қыбырлап-жыбырлағанның бәрін жейді. Дегенмен Нил қолтырауының мекені адамдар тұратын аймаққа жақын болғандықтан, жыртқышм адамды азық санайды. Жыл сайын жүз мыңдаған адамзат баласы  қолтырауынның қорегі болады десе, таң қалмаңыз.

Қолтырауын көз ілеспес жылдамдықпен шабуылдайды.

Қолтырауынның басқа түрлері бәлендей қауіпті емес, дегенмен оның «ошағына» бас сұқсаң, өлдім дей бер. Қолтырауын бар-ау деген жерде аса сақ болу керек.

4. Бегемот

Сырт көзге икемсіз, оралымсыз, ебедейсіз, борсиған, шөпқоректі бегемотты көпшілік мультфильмдегідей жайсаң деп санайды. Бұл өте қате пікір!  Бегемот жыл сайын 3 мыңдай адамның түбіне жетеді.  Осындай сұмдық көрсеткіште «епсіз болбыр» қорқынышты қолтырауыннан үш есе асып түседі.

Бегемот адамға еш себепсіз шабуылдайды.

Шөпқоректі болса да, ол қалаған кезде бөкен мен, тіпті қолтырауынды азық қылады. Ал адамға шабуылдаған кезі тіпті көп, оның себебін  ешкім түсіндіре алмайды. Әсіресе ол суда жүргенде аса қауіпті, адамдар отырған қайықты аударып өлтіре салады.

3. Сарышаян

Бұл өрмекші тектестің атының өзі удың символындай. Дүниежүзінде жыл сайын сарышаянның уытынан 5 мыңдай адам өледі. Ал сарышаян шағып алғандардың саны жүз мыннан асады. Тіпті уға қарсы сарысу дәрісі болса да, бұл сарышаянның уынан құтқара алмай келеді.

Сарышаян жылдың ең ыстық мезгілінде таңғы және кешкі уақыттарда өте белсенді болады.

Адамның өміріне ең қауіпті сарышаянның шамамен 25 түрі бар. Сарышаян мекендейтін жердің климаты  неғұрлым ыстық болса, оның уыты да соғұрлым зәрлі. Оңтүстік ендікте сарышаянның адамдардың баспанасына кіріп кету дерегі жиі кездеседі.

 

2. Жылан

Адамды өзінің уымен өлтіретін тағы бір бауырымен жорғалаушы. Жылан әлемдегі адам өміріне қауіпті жануарлардың тізімінде екінші орында тұр. Жер шарында улы жыландардың 450 түрі бар, ал оның 250-інің уыты адамға ажал әкеледі. Бауырымен жорғалаушылардың басым көпшілігі құрлықта мекендейді. Ең улы жыландар оңтүстік ендікте: Африка, Австралия, Оңтүстік-Азияда кездеседі.

Теңіз улы жыландарының уыты құрлықтағыларға қарағанда бірнеше есе күшті.

Ең бастысы, улы жыландар бар жерде саяхаттағанда оларды үркітіп алмау керек. Ал өздігімен олар адамға тиіспейді.

1. Маса

Кәдімгі масаның адамзат өміріне қауіпті жануарлар тізімінде жүргеніне қайран қаласың. Мыңдап қырып жатқан титтей маса шағып алғанда денең ісіп, қышып, мазаң кетіп, құтың қашады. Сөйтсек, маса тек мұнымен шектелмейді екен. Бүкіл адамзатты жапа шектірген сары безгек,  қалтырау, денге безгегі, тулерямия және тағы басқа індеттердің таралуына осы маса тікелей түрткі болған. Жыл сайын масалар тарататын аталмыш  індеттен көз жұмғандардың саны жағаңды ұстатады. Ол  — 2 миллион адам.

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде