Үйді жылдам әрі жақсы бағаға сатып жібергің келсе ...
Жылжымайтын мүлікті жылдам әрі тиімді сатудың жолын білесіз бе? Үйіңізді жылдам әрі жақсы бағаға сатып жібергіңіз келсе, нені білу керек? Сатып алушыны қалай қызықтыру керек? Психологтар сатып алушыға ықпал етудің қандай жолдарын ұсынады? Ендеше мамандардың ақыл-кеңесіне құлақ түрейік.
Автор: Заира Сабитова
Үйіңді сатуға бел будың, алдымен не істеу керек? Ең алдымен пәтерді ішінара жөндеуден өткізу керек.
Ол үшін:
Үйдің кемшіліктерін жасырып, сатушыны алдауға тырыспа. Көзге ұрып тұрған ақауларын өзің жөндегенің дұрыс. Арзанқол косметикалық жөндеудің арқасында үйіңді өзің қалаған сомаға жылдам сата аласың. Толық жөндеймін деп тыраштанба, өйткені жұмсалған ақшаңды қайтара алмайсың. Әдетте сенің пәтеріңді сатып алған жаңа қожайын үйді өз талғамына қарай қайта жөндеп алады.
Ішінара жөндеу дегеніміз, ол : егер түсқағаз бір бөлмеде ғана ескірген болса, тек соны ғана ауыстырсаң жетіп жатыр. Бәрінің көңілінен шығатын ашық түсті таңда. Ол бөлмені көзге кеңірек етіп көрсетеді.
Әппақ шаңқандай төбе бәріне ұнайды, алабажақ сарғыз дақтар болмасын. Ағартуға әр шаршы метріне 500 теңгедей кетеді.
Ас үй, жуынатын бөлме, дәретханадағы шытынаған плитканы ауыстырған жөн. Бұрынғы жөндеуден қалған плиткалар бар болса, соны жапсыр. Болмаса, сынған плитаның түсіне қарама-қайшы түсті кафель немесе декорды жапсырсаң да жетіп жатыр.
Электр розетка мен сөндіргіштер бүтін болмаса – ауыстыр. Ол арзан. Есесіне судай жаңа розетка сатушыға жақсы әсер қалдырады.
Орташа алғанда екі бөлмелі пәтердің ішінара жөндеуіне 20-40 мың теңге кетеді.
Ретке келтір
Бүкіл үйді жақсылап жуып-шайсаң жарқырап шыға келеді. Терезелерге назар аудар. Тап-таза әйнек үйді күн сәулесіне толтырып, молынан жарық береді. Балконды ретке келтір.
Үйдегі әр затқа бажайлап қара. Артық, қажетсіз заттардың көзін құрт. Бөлмеде тым көп зат болса, ол үйді тарылтып, қараңғы, қапырық қылып тұрады.
Шашылған заттар болмасын. Заттарды шкафқа салып, кітаптарды сөреге қойып, ашылған диваны жинап қой.
Жиһаздарды жинақтап орналастыр.
Жинастыруға уақыт болмаса, маманның көмегіне жүгін. Мысалы, Нұр-Сұлтан мен Алматыда үй жинаудың орташа бағасы 40-50 шаршы метріне 10 мың теңге тұрады.
Подъезді ұмытпа
Сатып алушы келерден бұрын үйдің кіреберісін, баспалдақтарды, бүкіл подъезді сатып алушының сыни көзімен қарап шолып шық. Өйткені үйдің кіреберісі бастапқы әсер қалдыратын жер. Подъезің нашар болса, үйіңнің керемет болғаны түкке тұрмай қалады. Сондықтан тым құрығанда кіреберіс жер таза әрі қоқыссыз болғаны жөн.
Бөлмелердің ауасын тазартып желдетіп алу
Үйіңізге кіріп келгенде ешқандай жағымсыз, бөтен, сасық үй болмасын. Сондықтан бүкіл үйді желдетіп ал. Сатып алушы келерде, тым құрығанда екі сағат бұрын ас дайындамауға тырыс.
Дәретханада сасық иіс болмасын, оны хлормен немесе арнайы (табиғи) хош иістендіргіштермен тазартып, сеуіп қой, бірақ тым мүңкіп тұрмасын.
Пәтерді босату
Сатып алушымен кездескен кезде үйде бөтен ешкімнің болмағаны дұрыс. Яғни тек сатып алушымен мен сатушы ғана. Үйде басқа адамдар (күшік, мысықпен қоса) далада серуендей тұрсын. Сонда үй іші, біріншіден, «кеңіп», және сатып алушы бүкіл үйді алаңдамай, бар ықыласымен аралап шығады. Есте болсын, сатып алушы үй жануарына аллергиясы болуы немесе одан сескеніп, жақтырмайтын болуы да мүмкін.
Құжаттарды дайындау
Үй құжаттарының түпнұсқасы қолыңда болсын. Бірнеше көшірмесін жасатып ал, ол егер сатып алушы ипотекаға алатын болса қажетке жарайды.
Коммуналдық қызмет төлемдерінің соңғы түбіртегін дайындап қой.
Бес нәрсенің ықпалы
Психолог Инна Гулакова адамның сезіміне ықпал етудің мынадай бес түрін ұсынады:
- Иіс. Бөлмеде жағымды иіс болуы керек. Оның екі нұсқасы бар: үйді көрсетер алдында бөлмені мұқият желдетіп алу және жаңа піскен нанның хош иісі. Нан иісі от басы ошақ қасындағы берекені білдіреді. Ол генетикалық түрде әр адамға тән.
- Көру. Перделерді ашып, бар жерге жарықжағып қой. Бөлмелер жап-жарық болсын. Төбедегі люстра, лампалар сүртілген, тап-таза болу тиіс. Жарық – бөлмені кең етіп көрсетеді, яғни, әр адам жарықта өзін еркін сезінеді.
- Есту. Үйді үн-түнсіз жүріп көрсетпе. Тіпті ыңғайсыз, көп, артық сұрақ қойса да,асықпай жауап бер. Қысылма, ұялма, эмоцияңды бүкпе, шындықты жасырма. Егер ескерту айтылса, жоққа шығармай, келісіп, орнына жақсы мысал келтір: – Иә, жуынатын бөлмеде кейбір плитка бүтін емес, бірақ сантехника судай жаңа.
- Түйсіну. Сатып алушы қабырғаға сүйеніп, түртіп қарап, диванға жайғасып отырып көрсін. Бұндай әрекет жайлылық пен ыңғайлылық береді.
- Дәм. Ас үйде міндетті түрде шай, кофе немесе «дәм татыңыз» деп бірдеме ұсын. Есте болсын: сатып алушы өзін өз үйінде жүргендей сезінуге тиіс.
Қосымша ақыл-кеңес:
- Сатып алушыны түске дейін шақыруға тырыс. Адамдар күннің бұл уағында сергек, тың, ширақ күйде, ал бөлмелер күн сәулесіне толы – жарық болады.
- Кіреберістегі айнаның да маңызы жоқ емес. Кез келген адам бейтаныс жерде өзін ыңғайсыз сезінеді. Ал айнадан өзінің сұлбасын көргенде батыл сезініп, сенімділік пайда болып, бөгде жерге тез икемделеді.
- Үстіңе қап-қара немесе қып-қызыл киім киме. Өйткені бұл түстен адам көңіліне секем алып қалуы мүмкін. Дұрысы – көкшіл, жасыл түсті киім. Ол адамды тыныштандырып, қысылмай, ашық әңгімелесуге ықпал етеді.
- Сатып алушыны алдама
- Кемшілікті жасырма
- Адал, ашық бол
- Жақсы дүниеге басымдық бер
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
ИНТЕРНЕТТЕ ЕСІРТКІ ТАРАТУШЫЛАРҒА ҚАРАСТЫРЫЛҒАН ЖАЗА
ҮЙДІ ЖЫЛДАМ ӘРІ ЖАҚСЫ БАҒАҒА САТЫП ЖІБЕРГІҢ КЕЛСЕ ...
НҰСҚАУЛЫҚ: ПӘТЕРДІ ДЕЛДАЛСЫЗ ЖАЛҒА АЛУ
ТҰРҒЫН ҮЙГЕ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ
ҚАНДАЙ ҮЙДІ ИПОТЕКАҒА САТЫП АЛУҒА БОЛМАЙДЫ
ЖАЛҒА АЛҒАН ҮЙГЕ КІРМЕС БҰРЫН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК
ҚАЗАҚСТАНДА ТҰРҒЫН ҮЙДІ ҚАЙ КЕЗДЕ САТЫП АЛҒАН, САТҚАН ҰТЫМДЫ?