Орташа жалақыны есептеу тәсілі
Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай ережелеріне қандай өзгерістер енгізіледі? Жұмыс уақыты, орташа сағаттық жалақы қалай есептеледі? Жалпы, орташа жалақыны есептеу кезінде не ескеріледі, не ескерілмейді?
Автор: Заира Сабитова
Қызметкердің орташа жалақысы орташа күндік (сағаттық) жалақыны бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасындағы жұмыс уақытының балансына қарай оқиға кезеңіне сәйкес келетін жұмыс күндерінің (жұмыс сағаттарының) санына көбейту жолымен есептеледі.
Осылайша, жұмыс уақытының жиынтық есебі қызметкердің орташа жалақысы орташа сағаттық жалақыны орташа жылдық жұмыс сағаттарының санына көбейту жолымен есептеледі.
Ең алғашқы өгерту қолданыстағы құжаттың 7-тармағына енгізілмекші.
Орташа жалақыны есептеу кезінде ескерілмейтін төлемдерге мыналар жатады:
- жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігі үшін берілетін өтемақы;
- еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы, сондай-ақ жұмыс беруші белгілейтін әлеуметтік жәрдемақы мөлшеріне қосымша төлемдер;
- еңбек демалысын беру кезінде қызметкерлерге төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы;
- қызметтік іссапарларға жіберу өтемақылары;
- тұрақты жұмысы жолда өтетін немесе жүріп-тұру сипаты бар не қызмет пен байланысты өтемақы төлемдер;
- далалық жұмыстармен айналысатын қызметкерлерге далалық жабдықталым;
- қызметкер жұмыс берушімен бірге басқа жерге жұмысқа ауысқан немесе көшкен кезде төленетін өтемақы;
- тараптардың келісімі негізінде қызметкердің (жеке тұлғаның) жеке мүлкін жұмыс бабына пайдалану кезіндегі шығыстарды өтеу;
- берілген сүттің немесе оған теңестірілген тамақ өнімдерінің немесе диеталық (емдік және профилактикалық) тамақтануға, арнайы киімге және басқа да жеке қорғаныш құралдарына арналған мамандандырылған өнімдердің құны;
- қызметкер еңбек міндеттерін атқарған кезде оның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдер (жоғалтылған жалақысы бөлігіндегі төлемдерден басқа);
- қызметкерлерге жұмыс беруші көрсететін материалдық көмек (ақшалай жәрдемақы) (бала туған кезде, медициналық қызметтерге ақы төлеу үшін, жерлеуге және басқа да жағдайларда), сондай-ақ жұмыс берушінің қаражаты есебінен ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің актісінде қосымша көзделген өтемақылар мен әлеуметтік кепілдіктерді төлеу;
- біржолғы көтермелеу төлемдері (біржолғы ақшалай сыйақыны қоса алғанда);
- жұмыс берушінің кінәсінен жалақы төлеу кешіктірілген кезде және міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы аудармағаны үшін жұмыс беруші жұмыскерге төлейтін өсімпұлдар;
- жұмыс берушінің қызметкерлерді оқытуға және олардың біліктілігін арттыруға байланысты шығыстары;
- спорттық байқауларда, конкурстарда және жарыстарда жүлделі орындар үшін берілетін ақшалай наградалар;
- қызметкерге мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді орындау орны бойынша төленген жалақы;
- Еңбек кодексінің 72-бабына сәйкес күнделікті жұмысты (жұмыс ауысымын) бөліктерге бөлу кезінде жұмыскерлерге жұмысы үшін өтемақы төлемдері;
- баланы тамақтандыруға арналған үзілістер уақытында сақталатын орташа жалақы;
- бос тұрып қалған жағдайда қызметкерлерге төленген сомалар.
ҚР қолданыстағы Еңбек кодексінде ауысымдық және вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлерге олардың ауысымаралық, вахтааралық демалысына еңбек демалысын беруге тыйым салынбаған.
Осыған байланысты, әртүрлі жұмыс режимдері бар жұмыскерлерде еңбек демалысы кезеңіне келетін жұмыс сағаттарын есептеу кезінде теңгерімсіздікке жол бермеу үшін орташа жалақыны есептеу кезінде жұмыс сағаттарының орташа жылдық санын алған жөн.
Бұйрық жобасы 28 қазанға дейін «Ашық НҚА» порталында талқыланады.