2021 жыл Қазақстан халқының есінде несімен есте қалады
Сиыр жылы – 2021 жыл қазақстандықтардың есінде несімен есте қалады? Жасыратыны жоқ, көбінесе пандемия салдары – Ковид-19 вирусы, өлім-жітім, дау-жанжал, қиындықтарымен қоса, жас әншілеріміздің әлем аренасында көзге түсуімен ерекшеленді десе болады.
Автор: Заира Сабитова
Отандық «QazVaс» вакцинасы
26-сәуірде қазақстандықтар отандық «QazVaс» вакцинасымен егіле бастады. ДДСҰ Қазақстанда шығарылған вакцинаны COVID-19 –ға қарсы вакциналық кандидаттардың тізіміне енгізді. Аталмыш вакцина ең алдымен медицина қызметкерлеріне, полиция қызметкерлеріне, мұғалімдерге салынды.
Қазақстан халқының ұлттық санағы
Ұлттық санақтың қорытындысы бойынша халықтың жалпы саны 19 169 550 адамды құрады. Оның 48,71% – ерлер, 51,29 % – әйелдер. Қазақстан халқының орта жасы 32-ге жуықтайды.
«Грэмми-2021» сыйлығы
20 жастағы Иманбек Зейкенов «Үздік ремикс» аталымы бойынша Грэмми-2021» сыйлығын жеңіп алды. Бұл сыйлық әнші Saint Jhn-ның "Roses" әнін өңдегені үшін берілді. Иманбек ТМД елдері аумағында Грэммиге ие болған тұңғыш диджей. Ал желтоұқсан айының аяғында Иманбек Зейкенов Ресейде «Үздік музыкант» атауына ие болды.
Токио Олимпиадасы
Жапония астанасында өткен жазғы Олимпиада ойындарында ел құрамасы 8 қола медальға қол жеткізді. Жалпыкомандалық есепте 83-орынға табан тіреген Қазақстан үшін бұл ойындар ең сәтсіз деп саналады.
Токио Паралимпиадасы
24 тамыщз – 5 қыркүйек арасында өткізілген Токио паралимпиадасында спортшыларымыз 1 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте ұлттық құрама 52-орынға тұрақтаған.
«Бәріне қарсымын»
Мамыр айында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси партиялар үшін Мәжіліске өту шегін 7-ден 5%-ға дейін төмендетуді көздейтін заңға қол қойды. Бұл заң барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдерінде «Бәріне қарсымын» деген бағанды бекітті.
Адам құқықтары
Маусым айында Үкімет адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспарын бекітті. Ол адам саудасы құрбандарының, мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз етуге, қылмыстық сот төрелігі саласында адам құқықтарын қамтамасыз етуге, азаптаулар мен қатыгез қарым-қатынастың алдын алуға және т. б. бағытталған пәрменді шаралардың кең жиынтығын қамтиды.
Әкімдер сайлауы
Шілдеде Қазақстанда алғаш рет ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Өткен сайлаудың нәтижесінде ауыл әкімдерінің корпусы 50%-дан астам жаңарды.
Әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота
Қыркүйек айында Президент Жолдауында депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квотаны заңнамалық түрде бекітуді ұсынды. Онда ерекше мұқтаж адамдарды қоса отырып, партиялардың сайлау тізімдеріндегі азаматтардың квоталанатын санаттарының тізбесін кеңейтуді ұсынды. Аталған нормалар бойынша заң жобасы әзірленді.
Рақымшылық жасау
«ҚР Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мақұлданып, заңға қол қойылды. Жаңа заңның шарапатын 14 мың адам көреді. Рақымшылыққа 2236 сотталушы және пробация қызметі есебінде тұрған 11 мыңнан астам адам ілігеді. Ең алдымен амнистия кәмелетке толмағандарға, аяғы ауыр келіншектер мен балалы әйелдерге, мүгедектер және егде жастағы сотталушыларға жасалады.
Өлім жазасын жою
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын жүйелі нығайтуды және өлім жазасын толық жоюды көздейтін екі заңның әзірленді. Бұл құқық қорғау саласындағы үлкен прогреске ықпал етті.
Димаш жапон телеарнасында
31 желтоқсанда Жапонияның NHK ұлттық телеарнасында ABU TV 2021 ең үлкен ән фестивалі көрсетіледі. Концерттің көрсетілімінде Димаштың әйгілі «Ikanaide» әні шырқалады. ABU TV Song Festival - Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының жыл сайынғы Бас Ассамблеясы аясында өткізілетін Азияның кәсіби музыканттарының ірі концерті.