2022 жылы қазақстандықтарды не күтіп тұр: Кірісті кім көбейтеді?
Жаңа – 2022 жылда қанша қазақстандықтың табысы өседі? Ең төменгі күнкөріс деңгейі қаншаға артады және жәрдемақы мөлшері қанша болады? Ол АӘК алатындардың табыс деңгейіне әсер ете ме? Бұл шара әр түрлі меншік нысанындағы барлық салада жұмыс істейтіндердің кірісін өсіре ме? Ал өсім әсер етпеген санаттардың жалақысы көтеріле ме?
Автор: Заира Сабитова
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа жылда 6,7 миллион қазақстандықтың табысы өсетінін, бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінің артатынын, сондай-ақ айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) өсуіне байланысты екенін хабарлады.
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткішті 5%-ға индекстеу жоспарлануда. Нәтижесінде ең төменгі күнкөріс жәрдемақысының мөлшері 36 018 теңгені, АЕК 3 063 теңгені құрайды. Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2022 жылға арналған республикалық бюджетте мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға 4 триллион теңге, оның ішінде зейнетақы мен барлық әлеуметтік төлемдерді индексациялауға 190,4 миллиард теңге қарастырылған. Бұл 4,2 миллион адамның табысының артуына әкеледі, оның ішінде:
- ынтымақты зейнетақы мөлшері 7%-ға (инфляция деңгейінен 2%-ға озып) және базалық зейнетақы төлемі 5%-ға жалпы сомасы 138,3 млрд.теңгеге ұлғайтылатын, ол шамамен 2,3 млн зейнеткер;
- 1,9 млн әлеуметтік жәрдемақы алушылар, олардың да сомасы 5%-ға ұлғайтылып, оның жалпы сомасы 52,1 млрд.
Ең төменгі күнкөріс жәрдемақысының ұлғаюы атаулы әлеуметтік көмек алатын 900 мыңнан астам адамның табыс деңгейіне оң әсер етеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылдың 1-қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Осылайша ең төменгі жалақының өсімі 41%-ды құрайды.
Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер жұмыскерлерге ең төменгі жалақыдан төмен емес мөлшерде жалақы беруге міндеттелетін болады. Бұл шара әр түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда өнеркәсіптің барлық салаларында жұмыс істейтін 1,6 миллион адамның ақшалай кірісінің өсуіне әкеледі.
Ең алдымен, ең төменгі жалақының көтерілуі «төмен жалақы алатын» жұмысшыларға әсер етеді. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ең төменгі жалақы көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер жұмысшылардың басқа санаттарының жалақысын да қайта қарайды.
Сондай-ақ Үкімет бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысының деңгейін арттыру бойынша дәйекті шаралар қабылдауда. Мәселен, 2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы кезең-кезеңімен, 2023 жылға қарай 2 есеге өседі. 2021 жылы медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен көтеру басталды, нәтижесінде 4 жыл ішінде олардың жалақысы да екі есеге өседі.
2022 жылдан бастап өсім әсер етпеген санаттардың жалақысы көтеріледі. Бұлар – мұрағатшылар, кітапханашылар, музей қызметкерлері, орманшылар, техникалық қызметкерлер, т.б., шамамен 588 мың адам. Қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, 1,2 миллионға жуық мемлекеттік қызметшінің жалақысы өседі.
Бұл ретте ағымдағы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша халықтың атаулы ақшалай табысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,4%-ға, ал инфляцияны есепке алғанда 6%-ға өсті. 2021 жылдың үшінші тоқсанында орташа жалақы 243 667 теңгеге жетті, бұл өткен жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда 19%-ға жоғары. Бұл ретте инфляцияны ескере отырып, нақты мәнде жалақының өсімі 9,8%-ды құрады.