«Омикрон» жеңіл өтеді, бірақ тез тарайды – рас па?
«Омикрон» штамын емдеу әдісі қандай? Коронавирустың «омикрон» штамы жеңіл өтеді дейді, ендеше үйде емделе беруге бола ма? «Омикрон» жұқтырған науқаста асқыну бола ма? Дене қызуының көтерілуі қанша күн сақталады? Антибиотик қолдануға бола ма? Жүрегі ауыратын адамдарға «омикрон» қаншалықты қауіпті?
Автор: Заира Сабитова
Фото: Шипилова Татьяна
Назым Күшікбаева, Алматы қаласы №11 емхананың жалпы дәрігерлік тәжірибе бөлімінің меңгерушісі:
-«Омикронның» басты белгілерінің бірі – жоғарғы тыныс жолдарының зақымдануы, басқа да клиникалық белгілері – дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік, бұлшықеттердің ауруы, тамақ ауруы және жөтел. «Омикрон» штамының белгілері алдыңғы штамдарға ұқсамайды. Оны жұқтырған адамдар үйде емделуі керек.
Неліктен үй жағдайында емделген дұрыс?
-Өйткені, біз бұл вируспен екі жылға жуық күресіп келеміз. Бұл мүлдем жаңа түрі емес, сондықтан инфекцияны жұқтырған адам ең алдымен оқшаулануы керек. Егер қанның оттегімен қанықтығы төмендеп кетсе (сатурация), ұзақ уақыт дене қызуы түспесе, онда ауруханада жатып емделген абзал. Мұндай науқастар дәрігерлердің бақылауында болуы керек. Коронавирустың кез келген штамын үй жағдайында емдеуге болады, ауруханаға асқынған немесе созылмалы ауруы бар науқастар жатқызылады.
«Омикрон» штамын емдеу әдісі
-Әдісі тұмаумен бірдей: көп мөлшерде су ішу керек. Бұл организмдегі интоксикацияны тоқтатады. Стероидты емес қабынуға қарсы препараттарды қабылдаған жөн. Ол дене қызуын төмендетіп, ауырсынуды басады. Себебі бас ауруы, бұлшықеттердің ауруы жиі кездеседі. Егер созылмалы ауруларға қарсы препараттар болса, оларды ішуді міндетті түрде жалғастыру керек. Пандемия басталған кезде, мобильді топтар үйге келіп науқас қанының оттегімен қанықтығын өлшейтін. Енді бұл импульстік оксиметр термометр сияқты, әр үйде болуы керек және үнемі өлшеп отыру қажет. Өйткені қанығу индексінің төмендігі аурудың ауыр түрде өтіп жатқанын білдіруі мүмкін.
Дене қызуының көтерілуі қанша күн сақталады?
-«Омикрон» штамын жұқтырған адамда дене қызуының көтерілуі 2-3 күн сақталады. Бұл – қалыпты жағдай. Температура көтеріледі және төмендейді, егер дене қызуы 39 градустан асып кетсе және бес күнге созылса, онда бұл сырқаттың ауырлығын көрсетеді. Бұл қосымша зерттеуді қажет етеді.
Антибиотик қолдануға бола ма?
-Дәрігердің тағайындауынсыз антибиотик қолдануға болмайды.
Тамара Ұтағанова, И. С. Жекенов атындағы Алматы қаласы клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары, инфекционист дәрігер:
-Коронавирустың «омикрон» штамын жұқтырған науқастардың ағымы мен емі әртүрлі. Мұнда әңгіме, инфекцияның басқа адамдарға тез таралуы туралы болуда. Сонымен қатар, аурудың ағымы жеңіл, амбулаториялық емдеу үшін көбірек мүмкіндік бар.
Хаттама сақталса да, біз гормон терапиясын қолдану үшін дәрі-дәрмектердің осындай мөлшеріне жүгінеміз. Көптеген науқастарда бірқатар препараттарды қолдану үшін сатурация бұзылған жоқ. Әрбір науқасқа қажет болған жағдайда жеке антикоагулянттық терапия тағайындалады. Бірақ негізінен емдеу қабынуға қарсы терапияны, сондай-ақ көп ішетін терапияны қамтиды. Ерте медициналық көмекке жүгіну және ерте оқшаулау жақсы көмектеседі. Ауру жеңіл өтеді, бірақ жұқтырғандар саны көп.
Супериммунитет деген не?
Вируспен кездескен сайын иммунитетіміз мутацияланады және соған сай оған қарсы күш жиналады. Сөйтіп вакцина алған және сауыға бастаған адамда вакциналанбаған адамның ағзасына қарағанда ақпарат бар. Ол дегеніміз, вакциналау арқылы иммунитетен бір ақпаратты, ауру туралы басқа ақпаратты алдық. Нәтижесінде иммунитет болашақта вирустың өзгергіштігі мен мутациясына дайын болады.
«Омикроннан» кейінгі асқыну туралы
Кез келген жұқпалы аурудың асқынуы созылмалы ауруларды күшейтеді. «Омикрон» штамының тыныс алу жолдарының инфекциясы, соған сай пневмония, тыныс алу жеткіліксіздігі байқалады. «Омикрон» жеңіл өтеді, бірақ, қатар жүретін аурулардың асқынуы мен өршуі бойынша қауіп топтары бар.
Жүрегі ауыратын адамдарға «омикрон» штамы қаншалықты қауіпті?
Ботагөз Қыстауова, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты Консультациялық-диагностикалық орталығының жоғары санатты кардиолог дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты:
-Инфекциядан туындаған жіті қабынудың реакциясы жүрек қызметін нашарлатып және жүрек қызметінің кемістігі барларда асқындыруы мүмкін. Ауыр қабыну аритмияны асқындырып, кейбіреуінде жүрекше фибрилляциясына алып келуі мүмкін. Вирустың қабынатын әсерін ескерсек, вирус коронарлық артерияларда атеросклеротикалық түйіндақтардың (май шөгінділері) үзілуін тудырып, ол жіті коронарлық синдромға (жүрек ұстамасына) әкеледі деген қауіп бар. Кеудесінде жіті жайсыздықты сезінетін адамдар коронавирус симптомдары пайда болған кезде міндетті түрде дәрігерге қаралуы тиіс.КВИ ауырғанда жүрек-қантамырлар ауруы симптомдарын сезінсе, назардан тыс қалдырмауға тиіс. Егер дене шынықтыру жаттығулары кезінде немесе тыныштықта кеудеңіз ауырып, тыныс алу қиындаса, жүрек қағысы жиілеп немесе естен танатындай жағдай туындаса, жедел жәрдемді шақырыңыз.
- Өкпені жасанды желдету аппараты жүрегі ауратындарға қауіпті емес пе?
Дәрігерлер жасанды тыныс алу аппаратына қосу туралы шешімге адамды құтқарудың басқа жолы болмаған кезде ғана қосады. Ол көрсеткіш медицина қызметкерлеріне арналған ұсынымдарда жазылған. Жасанды желдеткіш өкпенің оттегіні жеткілікті түрде демала алмай және оларда жиналып қалған көмірқышқыл газын шығара алмаған жағдайда қажет. Бұл жағдайда өкпені жасанды желдету аппараты тыныс алу жүйесінің қызметін атқарады. Егер тыныс ала алмаған адамды өкпені жасанды желдету аппаратына қоспаса, оның ішкі ағзалары оттегімен қамтамасыз етілмей қалады. Осыдан кейін кешікпей жүрек өз соғысын тоқтатады, қанмен қамтамасыз етілмейді, бірнеше минуттың ішінде пациент өліп кетуі мүмкін. Сондықтан, егер жасанды тыныс алу аппаратына қосу қажеті туса, жүрек аурулары бар немесе ол аурулары жоқ адамға жасанды тыныс алу аппаратының қауіптілігі туралы мәселе талқыланбайды.
Жжүрек қан-тамырлары ауруымен ауратын науқастарға кеңес
Жүрек-қан тамыр аурулары, тек «омикрон» емес, басқа штамдарды жұқтырғанда да асқынады. Ол миокард және тамырлардың созылмалы ауруларының декомпенсациясы немесе олардың вирустық зақымдануы. Негізгі аурудың декомпенсацияланған ағымы тромбоздар, жіті жүрек-өкпе және полиоргандық жетіспеушіліктің болу қаупін арттырады.
Жұқтыруды болдырмас үшін ұсынылатын профилактикалық шаралар
Жүрек және қан тамырлары аурулары кезінде тағайындалған дәрі-дәрмекпен емделуді тоқтатпаңыз. Бұл денсаулықтың нашарлауына әкелуі мүмкін. Алдын ала жоспарланған операциялардан бас тартуға болмайды. Жүрек немесе қан тамырларыының кейбір аурулары кешіктірген жағдайда жылдам өршип өлімге әкелуі мүмкін. Операцияны жасау немесе оны күте тұру туралы шешімді кардиолог қабылдайды.