Президент тапсырмалары қалай орындалып жатыр?
Халықтың табыс көрсеткіші неге төмен? Халықтың қанша пайызы жұмыспен қамтылған? Жыл сайын оқу орындарының қанша түлегі жұмысқа орналаса алмайды? Жұмыс өнімділігі төмен қандай секторлар? Қанша адам мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай, қаншасы біліктілігін арттыра алмай жүр? Қанша адамның орта білімі жоқ? Осы өзекті мәселелерді шешу үшін еңбекмині қандай жұмыс атқарып отыр?
Автор: Заира Сабитова
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті ұйымдастырған дөңгелек үстел барысында депутаттарды Мемлекет басшысының халықтың табысын арттыруға қатысты тапсырмаларының орындалу барысы туралы хабардар етті.
Министр халықтың табысы, еңбек нарығындағы жағдай және жұмыспен қамту мәселелері жалпы экономикалық өсу көрсеткіштеріне тікелей байланысты екенін атап өтті. Экономикалық өсу қарқынының баяулауы халық табысының төмендеуіне алып келеді.
Соңғы жылдары ЖІӨ өсімі қызмет көрсету саласы есебінен 62 пайызға қамтамасыз етілді, ондағы еңбек өнімділігі өңдеу өнеркәсібіне қарағанда айтарлықтай төмен. Халықтың кірісі құрамындағы әлеуметтік трансферттердің үлесі 2015 жылдан бастап 12 пайызға ұлғайды, ал еңбек кірісі, керісінше, 10 пайызға азайды.
Жұмыс орындарының 37 пайызы өнімділігі төмен секторларда:
- білім беру;
- денсаулық сақтау;
- мемлекеттік басқару.
Жұмыс орындарының жартысынан көбі (55%) орташа өнімділік деңгейі бар секторларға, негізінен сауда саласына жатады. Жұмыс орындарының тек 8 пайызы ғана жоғары өнімді салаларда құрылған.
Нәтижесінде бүгінде жұмыспен қамтылған халықтың 41 пайызы табысы мен өнімділік деңгейі төмен салаларда жұмыс істейді.
Сондықтан негізгі міндет тұрақты, өнімді жұмыс орындарын құру қарқынын арттыру болып табылады. Халықтың табысы мен жұмыспен қамтуды арттыруда тағы бір тежеуші фактор – еңбек ресурстарының сапасы.
Жыл сайын оқу орындарының он мыңдаған түлегі жұмысқа орналаса алмайды.
- Орналасқан түлектердің 40 пайыздан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді.
- Жалпы жұмыспен қамтылған халықтың тек 5 пайызы ғана жыл сайын біліктілігін арттырады.
- Ересектердің 95 пайызы кәсіптік оқудан өтуге құлықты емес.
- Жұмыспен қамтылғандардың 17 пайызы мен жұмыссыз халықтың 21 пайызы тек орта білімді.
Орта мерзімді перспективада халық санының өсу қарқынын сақтау және жұмыс күшінің санын арттыру күтілуде. 2030 жылға қарай халық саны 20,7 млн адамға жетеді деп күтілуде, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 1,7 млн-ға артық. Бұл ретте жұмыс күшінің таза өсімі 387 мың адам шегінде болжанып отыр, олар үшін тиісті жұмыс орындарының саны талап етіледі.
Егер қазір халықтың жалпы санындағы жұмыс күшінің үлесі 49 пайызды құраса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 46 пайызға төмендейді – жұмыспен қамтылған халыққа жүктеме артады, ал өмір сүру деңгейінің өсуін қамтамасыз ету үшін еңбек табысының қарқынын арттыру қажет.
Еңбек нарығының өзекті мәселелерін шешу үшін Еңбекмині жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халықтың табысын арттыру және жұмыспен қамтуға жәрдемдесуде бірқатар бастаманы іске асыруда.
- Ұлттық жобаларды іске асыру аясында 2025 жылға дейін 2 млн-нан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда, оның 601 мыңы – тұрақты.
- Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу шаралары қамтамасыз етіледі.
- Жұмыс орындарын құру мониторингін салық, зейнетақы, әлеуметтік аударым және электрондық еңбек шартымен деректерді талдай отырып, ақпараттық жүйемен жүзеге асырылатын болады.
- Алдағы 4 жылда құрылатын жұмыс орындарына жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген кемінде 500 мың жұмыссыз азаматты жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
- Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау.
Биылдан бастап «Бастау Бизнес» жобасына және шағын бизнесті дамытуға гранттар беру тетіктеріне бірқатар өзгерістер енгізілді.
- Автоматтандыру есебінен кәсіпкерлік негіздеріне оқыту
- Қайтарымсыз гранттар алуға өтінімдер беру процестерінің ашықтығы қамтылады.
- Жас кәсіпкерлерді өндірістік және өткізу тізбектеріне интеграциялау аудандар мен шағын қалалардың мастер – жоспарларын әзірлеу арқылы жүзеге асырылады.
- 2025 жылға дейін 120 мыңнан астам адам кәсіпкерлікке оқытудан өтеді.
- Өз ісін ашуға гранттарды 80 мың жас пен халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері алады.
- Биыл президент тапсырмасына сәйкес грант көлемі 200 АЕК-тен 400 АЕК-ке дейін артып, 1,2 млн теңгені құрайды.
- Жеңілдетілген шарттармен 20 мың адам өз ісін дамыту үшін шағын несие ала алады.
- Экономикада қосымша 55 мың жұмыс орны құрылады.
- Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың құқықтарын қорғау.
Қазір қызмет көрсету саласында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың әлеуметтік және еңбек құқықтары еңбек қатынастарын ресімдеусіз қорғалмайды. Сондықтан арнайы платформада өзін-өзі жұмыспен қамту мәртебесін тіркеу және салық салудың жеңілдетілген жүйесі арқылы платформалық экономикада фрилансерлердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етіледі. Платформа жұмыс берушілермен, тапсырыс берушілермен тиімді байланыс орнату үшін оңтайландырылған сервистерді ұсынады.
- Еңбек ресурстарының өнімділігін арттыру үшін дағдыларды дамыту.
«Кәсіптік біліктіліктер туралы» заңның қабылдануы өте маңызды аспект. Негізгі мақсаты – біліктілікті тану мәселелерін реттеу және қызметкерлерді өздігінен білім алуға ынталандыру.
Кәсіпкерлікті дамытуда ұлттық жоба аясында қысқа мерзімді курстардың 3 түрі қарастырылған:
- жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарында, жұмыс берушілердің жанындағы оқу орталықтарында;
- тәжірибелі мамандардан тәлімгер тағайындай отырып жұмыс орындарында оқыту;
- skills.enbek.kz платформасында онлайн оқытуды ұйымдастыру.
Онлайн оқыту 2021 жылдан бастап пилот ретінде іске қосылған. Қазіргі күні порталда 103 оқу курстары жарияланды, оның 60-ы тегін курстар. 15 мыңнан астам адам оқуға тіркелген болса, олардың 9 мыңнан астамы оқуды аяқтап сертификат алды. «Сүтті ірі қара мал өсіру», «Кондитерлік өнімдер әзірлеу», «Құлпынай өсіру» сияқты курстарға қызығушылық жоғары.
2025 жылға дейін 125 мыңға жуық азамат еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен дағдылар бойынша қысқа мерзімді курстардан өтеді. Үшжақты әлеуметтік келісімшарттар оқуды аяқтағаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады.
- Әрбір нысаналы топқа жалақыны субсидиялай отырып, арнайы уақытша жұмыс орындары құрылады.
- Жастарға алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтау және жұмыста орнығу мақсатында жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны, ұрпақтар келісімшарты жобалары іске асырылуда.
- Мүгедектігі бар жандар және басқа да осал топтар үшін жалақысының 50 пайызға дейінгі бөлігі мемлекеттік бюджеттен субсидияланатын әлеуметтік жұмыс орындары ұйымдастырылады.
- Зейнеткерлік жас алдындағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы, арнайы білімі жоқ, жұмыспен қамту органдарында ұзақ мерзімді тіркеудегі азаматтар үшін қоғамдық жұмыстар қарастырылған.
2025 жылға қарай субсидияланатын жұмыстардан кейін тұрақты жұмысқа орналасу көрсеткішін 70 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда. Осыған байланысты уақытша жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысатын кәсіпорындар арасында жеке секторды ұлғайту, жұмыс берушілер базасын кеңейту көзделеді.
Бұл шаралармен жыл сайын 120 мыңнан астам азамат (2025 жылға дейін 508 мың адам) қамтылады.
- Жұмыспен қамту саласын толық цифрландыру.
Негізгі мақсат – бизнес-процестерді түбегейлі қайта қарау және жұмыстың белсенді форматына көшу. Ол үшін Бірыңғай цифрлық экожүйе құрылады.
Экожүйе сервистері:
1) enbek.kz арқылы жұмысқа орналастыру – жұмыспен қамтудың шараларына онлайн қол жеткізу;
2) skills.enbek.kz – қысқа мерзімді онлайн курстар порталы;
3) freelance.enbek.kz – фрилансерлерге жұмыс іздеу бойынша сервис;
4) ehr24.kz – электронды еңбек шарттарын тіркеу жүйесі;
5) business.enbek.kz – кәсіпкерлікті дамыту шараларын көрсету бойынша автоматтандырылған жүйе.
Бұл сервистер қазір министрліктің өз күшімен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» мамандарымен әзірленуде.